Фотосуреттер тарихтан сыр шертті

Фотосуреттер тарихтан сыр шертті

Таяу күндері Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына жолыңыз түсе қалса, онда өткен ғасырдың белгілі тарихи тұлғаларымен, әдебиет және өнер жұлдыздарымен, қоғам қайраткерлерімен жүздескендей әсер аласыз. Дінмұхамет Қонаев, Мұхтар Әуезов, Роза Бағланова, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шәкен Айманов және басқа да көптеген тұлғаның өмірінен және XX ғасырдағы тарихи оқиғалардан сыр шертер фотосуреттер көрген адамның көзіне оттай басылады. Жазушылар одағының фойесіне қойылған бұл суреттер белгілі фотожурналист Қайрат Ғабиденұлы Мұстафинге тиесілі. Наурыздың 28-і мен 31-і аралығында қазақ фотоөнерінің дамуына үлкен үлес қосқан Қайрат Мұстафиннің фотокөрмесі өтуде. Аталмыш көрме Қ.Мұстафиннің 80 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Қазақ әдебиеті алыптарының бірі Ғабиден Мұстафиннің ұлы Қайрат Ғаби­денұлының фотокөрмесін Алматы қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерінің қолдауымен Жазушылар одағы, сондай-ақ «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі бірігіп ұйымдастырып отыр. Көпшілік қауымды қазақ фотожурналистикасының негізін салушылардың бірі Қайраттай танымал фототілшінің шығармашылық мұрасымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге 80-ге тарта фотосурет қойылған.
Қайрат Мұстафин Азаматтық авиация­ның ұшқыштар мектебін аяқтап, борт ра­дисі мамандығын игеріп шықса да,  фото­суретке деген қызығушылығы басым түсіп, 1950 жылдары ол осы салаға біржо­ла бет бұрады. Оның алғашқы суреттері сол 1950 жылдары қазақ басылымдарында жарық көре бастады. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын фотоөнерге арнаған Қайрат соңына мол тарихи мұра қалдырып кетті. Қайрат Мұстафин – Қазақстан туралы көптеген фотоальбом мен кітаптарды көркемдеп өңдеуге де елеулі еңбек еткен жан. Ол зейнетке шыққаннан кейін де «Өнер» баспасында біршама жыл қызмет атқарды. 
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:
– Қайрат Мұстафиннің 80 жыл­ды­ғына арналған бұл өнер көрмесі бәріміз үшін аса маңызды. Қай­рекеңнің суреттеріне қарап отыр­саң, тарихтың бір мезеттері тіріліп көз алдыңа келгендей болады. Қайраттың Ғабиден Мұстафиндей тұлғаның баласы болуы­ның өзі оның шығарма­шылық еңбегіне өз әсерін тигізбей қой­ған жоқ. Ол бала кезінен қоғам қайрат­керлерін көріп, біліп өсті. Белгілі адам­дар өмірінің түрлі сәттерін суретке түсіріп, олардың бейнесін тарихта қалдырды. Тарихи сәттерді мөлдіретіп кейінгі ұрпаққа жеткізу де – өте маңыз­ды іс, сондықтан бұл суреттердің құны уақыт өткен сайын жоғарылай бермек. Осынау көрмеге Қайрат Мұстафин тү­сір­ген суреттердің бір бөлігі ғана қо­йыл­ды, бірақ «теңіздің дәмі – тамшы­дан» демекші, осы суреттерінен-ақ ол кісінің құлашының кең болғаны аңғары­лады.

Әшірбек КӨПІШЕВ, «Өнер» баспасының директоры:
– Қайрат аға өмірінің белді бір бөлігін «Өнер» баспасында өткізген екен. Көне архив біздің баспада сақтау­лы тұр. Өткен тарихты өшіріп тастап, жаңа тарих бастауға болмайды. Мен Лондонда, Парижде, Франкфуркта, Мәскеуде өткен көрмелерде, кітап көрмелерінде болғанымда ескі сурет­тер­дің аса құнды бағаланатынын көр­дім. Германияда өткен бір көрмеде Адо­льф Гитлердің туған кезінен өлгенге дейінгі суреттерін қойыпты. Яғни адам­затқа соғыс ашып, жарты әлемді қанға бөктірген адамның өзін тарихтың бір кезеңі ретінде көрсеткен. Сондықтан біз тарихымызды сөйлететін суреттерден тайсақтамауымыз керек. Бізде Қайрат ағаға дейінгі, оның тұстастары және одан кейінгі фотографтар бар. Олардың әрқайсысы – бір-бір дара тұлға. Солар­дың фотоальбомдарын шығару туралы министрлікке ұсыныстар жасап, элект­рон­дық техника дамығанға дейінгі негативтерді, фотоөнер туындылары мен тұлғаларын жинақтауға тиіспіз.

Жанар ҒАБИДЕНҚЫЗЫ, Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері, профессор:
– Қайратты мен тек өзімнің ағам ретінде ғана емес, жалпы, өте ерекше адам ретінде бағалаймын. Әкем бізге мейлі етікші, мейлі шаштараз бол, әйтеуір, кәсіппен айналысыңдар деп үйретті. Ал Қайрат шығармашылық адамы еді. Азаматтық авиацияны тастай салып, осы фотоөнерді таңдауы­ның өзі – оның өнерге деген құштарлы­ғынан. Қайрат – романтик, лирик емес, ол реалист. Оның түсірген суреттерінде тарихтың шындығы, тұлғалардың мінезі айқын тұрады. Әкем әр фотоға суреттің түсірілген күнін, ондағы адам­дар­дың атын жазып қоюшы еді. Үйдегі альбомдардың барлығында әкемнің қолтаңбасы бар. Оларды парақтап отырып, еріксіз көзіме жас аламын. Ал Қайраттың суреттерін көргенде бүкіл Қазақстан алақаныңда тұрғандай сезінесің. Мұндай адамдарды, тарихты жас ұрпақ білуі керек.

Қайрат Ғабиденұлы фотокөрмесінің ашылу салтанатына халық өте көп жинал­ды. Олардың арасында Қайрат ағаның көзін көрген достары Қасым Сапарғалиұлы Бегалин, Владимир Савченко секілді фотожурналистер де болды. Олар Қайрат Мұстафин түсірген суреттердің жинақтарын ала келіпті. Сондай-ақ көрмеге Қайрат Мұстафиннің жары Зура, туысқандары және немерелері де қатысты. Бүгінде өнер адамдарының кештері, суретшілердің көрмелері жиі өтіп жатады. Соңғы уақытта фотокөрмелер өткізу де жиілей бастады. Фотосурет бұрындары қазаққа бөтен өнер болып, кенжелеу дамыса да, бізде осы саланы мықты меңгерген азаматтарымыз жетерлік. Кешегі Рысқали Дүйсенғалиев, Сайлау Пернебаев, Алашыбай Есмағам­бетов, Рахымбай Ханалы секілді қазақтың мықты фотожурналистері қаншама тарихи сәттерді суретке түсіріп, бүгін өздерінің есімдері де тарихқа айналды. Кейде газетке көлдей мақала жариялағаннан үлкен бір сурет тастаған әлдеқайда артық. Қазіргі таңда өткен тарихқа деген көзқа­расымыз өзгере бастаған шақта тарихи фотосуреттердің маңызы ұлан-ғайыр, күн өткен сайын құны да өсе бермек. Біз өз тарапымыздан Асылхан Әбдірайымұлы басшылық ететін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің игі істеріне табыс тілейміз. Ал аталмыш фотокөрме 5-15 сәуір аралығын­да Қайрат Мұстафиннің туған жері – Қара­ғанды қаласындағы облыстық Бейнелеу өнері мұражайында жалғасын таппақ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста