Франция «Жадоға» «көз салды»
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен этно құндылықтарымыз қазіргі кезде тек жақын емес, алыс шетелдерді қызықтырып отыр. Тарихы тереңнен бастау алатын әдеби, мәдени бай мұрамыз күллі әлемді таңғалдырып жатса, әрине қуанамыз. Ондай мақтауға тұрарлық һәм жақсы жаңалықтар қазір көп.
«Жадо» сән үйіне қатысты мына бір ақпаратты елеусіз, ескерусіз қалдыра алмайсың. «Жадо» сән үйі Франция елінін арнайы шақырту алыпты.
Сән әлемін айрықша бағалайтын француздардың «Жадоға» «көз салуы» жайдан-жай емес. Біреу білсе, біреу білмес, аталған өнер ордасының үлгілері негізінен ұлттық нақыштағы киімдер. Қысқасы, Франция қазақ халқының мәдениетіне тәнті екендіктерін жасыра алмады.
Франция Сән апталығының тұсаукесер рәсімі үстіміздегі жылдың 9 – 13 маусымы аралығына жоспарланып отыр. Қонақтар әсем қала Парижде бас қоспақшы. Бір айта кетерлігі, шара 2017 жылы Франция мемлекетінде өтетін Халықарлық көрме бюросы Бас ассамблеясының 151-сессиясына орай өткізілмек. Оған әлемнің 50 елінің танымал дизайнерлері қатысады деп күтілуде.
«Бұл күтпеген жағдай болды. Әрине, қуаныштымыз. Еліміздің мәдениетін төрткүл дүниеге паш етуде аянып қалмаймыз. Мұндай кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін мүмкіндік – сән үйінің ұжымы үшін биік мәртебе. Біз сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз», – дейді «Жадо» сән үйінің бас директоры Жадыра Сахиева.
Шарада ұлттық нақышпен тігілген эксклюзивті 20 үлгі көрсетілмек. Бұл –әйелдер мен ер адамдар киімдерінің барлығы таза маталардан тігілген. Тағы бір білгеніміз, топтамаға барлығы 60 мың АҚШ доллары жұмсалғанға ұқсайды.