Ғарифолланың рухына арнап концерт қоймақ
Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның Халық әртісі, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған шаралар жалғасын табуда.
Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Ажар Сейтенова шілде бойы облыстың бірнеше аудандарында болып, Жаңақала, Пятимар, Хан ордасы, Сайқын, Жәнібек, Қазталов және басқа ауылдарда арнайы концерт берді. Қазталов ауылында туып-өскен Мұхит, Ғарифолла секілді атақты әншілердің әндерін шырқап жүрген Ажардың апасы Қарлығаш Сейтенова Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашысы болса, әншінің ұлы Аятолла Тұрғанов Алматыдағы Күләш Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды, болашақ қобызшы. Қазір екеуі де, бірі сіңлісінің, екіншісі анасының шашбауын көтеріп, өз өнерлерін көрсетіп жүр. Тамыздың 5-інде олар Ғарифолла Құрманғалиевтің рухына арнап Орал қаласында концерт қоймақ.