Ғасыр бұлбұлын ұлықтаған шара
Алматыдағы Оқушылар сарайының үлкен концерт залында қазақтың әйгілі әншісі, КСРО Халық әртісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Бәйсейітованың 100 жылдығына арналған салтанатты еске алу кеші болып өтті. Шарада жас ұрпаққа бұлбұл әншінің қазақ өнеріне сіңірген орасан еңбегін дәріптелді.
Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрысбековтің айтуынша, ғасыр бұлбұлы атанған К.Бәйсейітованы еске алу, ең бірінші, жасөспірімдерге керек. Мұндай талантты адамдардың өнері мен өнегелі істері жасөспірімдерге үлгі болғаны жөн. Күміс көмей әншінің өз талантымен елін әлемге танытқанын әрбір бала білуі тиіс.
Қарлығаш БӘЙСЕЙІТОВА, К.Бәйсейітованың қызы:
– Анам ән айтқан кезде люстралар қозғалатын. Анамның даусы сондай керемет болды, тіпті, көпшілік ауыздарын ашып қалатын. Сахнаға жарқырап шығатын. Енді анамның еліне еткен еңбегін ешуақытта ұмытпай, әрқашан ұрпақ есіне салып, лайықты құрмет көрсетіп отырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын.
Құмарбек СЫДЫҚҰЛЫ, К.Бәйсейітованың шәкірті, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын- журналист:
– Мен бүкіл қазақтың бұлбұл әншісі атанған Күләш апамыздан тәрбие алып, үлгі-өнегесін көріп өскенімді мақтан тұтамын. К.Бәйсейітованың орындауындағы әндер оның күмістей сыңғырлаған әсем дауысымен боялып шырқалғанда ерекше құлпырып, жайнап жүректі шымырлата түсетін еді. Ендеше оның үні де, жарқын бейнесі де халық жадында мәңгі сақтала бермек.