Ғасырлар сырын бүккен қорым
Жыл сайын жаз мезгілінде Екібастұз өңіріндегі Қаражар елді мекенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Биыл да Алматының Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институты мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерінен, сондай-ақ Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінен құралған экспедиция Қаражар қорымдарынан қызықты жәдігерлер тапты.
Археолог Тимур Смағұлов бастаған экспедиция таяуда Қаражар қорғандарынан тағы бір қабірдің сырын ашты. Археологтар мұқият әрі сатылап қазған қабірде жарты метр тереңдікте жерленген адамның қаңқасы шалқасынан жатыр. Мәйіттің жоғары жағына жылқының басы қойылыпты.
– Бұл қимақ-қыпшақ дәуіріндегі ханның күтушісінің мәйіті деп жорамалдадық, – деп түсінік берді Екібастұздағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Талғат Айлыбаев. – Жылқының басын қоса жерлеу қыпшақ дәстүріне жақын. Жалпы, қазақ жылқыны кие тұтқан. Жылқының басына қарап, біз мына сүйекті ер адам ба деп топшылап отырмыз.
Тимур НҰРЛАНҰЛЫ, экспедиция жетекшісі:
– Тістерінің бәрі орнында. Соған қарағанда, 30-35 жастағы ер адам болуы мүмкін. Бір анық жайт – жерленген адам хан мен төренің ұрпағы емес. Өйткені хандар мен төрелер кесененің ішіне жерленетін болған. Хан-төрелерді жерлегенде, аттың басы қойылмайды. Қазір ғалымдар осы өлкедегі Тасмола қорғанын, Өлеңті жазбаларын зерттеумен айналысуда. Ана бір жылдары табылған әйел адамның басындағы жастығын қалпына келтірдік. Жастықтағы жазудың араб әрпімен жазылғаны анықталды. Бірақ онда не жазылғаны бізге беймәлім. Ғалымдар араб әрпімен жазылған әйелдің есімі болуы мүмкін деген пікірлерін айтуда. Ал осы қорғаннан табылған кесенелердің орны туралы айтар болсақ, кесенелердің биіктігі 20-25 метр, ені 10 метр болған деп нық айтуға болады. Мұнараның сырты көкшіл түсті декоративті плиткамен қапталған. Плитканың құрамы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің мұнарасына келеді. Мұнара плиткасының құрамында бағалы металдар – мыс, мырыш, қорғасын бар. Металдар сапалы қорытылғандықтан ұзақ сақталыпты. Шеберханада күніне 1000 кірпіш құйылған деген болжам бар. Кірпіш құятын қалып та өзгеше. Мұнараның қасбеті, оюлары үлкен талғампаздықпен жасалғандығына дау жоқ.
Расында да, кесене орнында үюлі тұрған күйдірілген қызыл кірпіштер өзіміз күнде көріп жүрген кірпіштерге еш ұқсамайды. Бір кереметі, 500 жылдан астам уақыт бұрын құйылса да, олар көп кертілмеген.
Қаражар қорғандарын зерттеп жүрген археологтар бұл жердің ХІV-ХV ғасырларда Сарыарқаның орталығы болғанына күмән келтірмейді. «Сол уақытта бұл араны Алтын орда хандары мекен етті деген болжам бар, – дейді Тимур Смағұлов. – Мына күмбездің сынықтары көне дәуірде хандарға мазар тұрғызылғанын айғақтайды. Моңғол-татар шапқыншылығы кезінде хандардың ордасы мен мазарлары талан-таражға түскен. Бажайлап қарағанда, бұл жерде өсіп тұрған шөптің сабағынан білінер-білінбес сары жолақ байқалады. Бұл сары жолақ Жаманкөлден бастау алады. Бұған қарап көне дәуірде адамдардың көлден арық қазғанын дәлелдеу қиын емес».
Археологтардың айтуынша, Жаманкөлдің тұсынан темір дөңгелектің сынықтары да табылған. Оларды жан-жақты зерттеген ғалымдар ХІV-ХV ғасырлардың өзінде-ақ бұл тұста адамдар егіншілікпен айналысып, дренаждық канал арқылы егіске су жіберуді білген деген ұйғарымға келіп отыр.
Биылғы қазба жұмыстарының ауыз толтырып айтарлық тағы бір жемісі – осы жерден табылған күміс және мыс теңгелер.
– Орта ғасырларда саудада күміс теңге жүрген. Мынау – таза күмістен соғылған теңгелер. Сол уақыттағы деректерге сүйенсек, бір күміс теңгеге бір қой сатып алуға болады екен. Ал мынау – мыстан соғылған ақша. Тазалап үлгерген жоқпыз. Мойынға ілуге ыңғайлы болу үшін ортасын тесіп қойыпты, – деді Тимур Смағұлов, көлемі мен түсі жағынан өзіміздің жиырма теңгелікке ұқсайтын тиындардың тарихын түсіндіріп.
Археологиялық экспедиция мүшелерінің сөзіне қарағанда, ғасырлар сырын бүгіп жатқан қорымдарды зерттеу әлі де ұзаққа созылмақ.