Ғасырларды жалғаған қазына қарт
«Коллекция тіпті де кәкір-шүкір емес...»
Әуелде біз Шора атамен тіл мәселелері төңірегінде сұхбаттаспақ болғанбыз. Жылы жүзбен күлімсірей қарсы алған қария амандық-саулықтан кейін: «Ал енді танысайық», – деді. Осылай басталған әңгімеден талай сырдың шеті қылтиды...
Жаратылысы бөлек, ерекше жандарды көргенде сан алуан қасиеттердің бір адамның бойына қалайша сыйып тұрғанына таңғаласың. Тілші-ғалым, түркітанушы, қазақ диалектілерінің зерттеушісі, библиография және мұражайтану ісінің білгірі, керемет коллекционер, бір сөзбен айтқанда, қайырымды да мейірімді дана қарт Шора Сарыбаев – міне, осындай адам. Бір қызығы, 200-ден астам ғылыми еңбек жазған осынау көрнекті ғалымның үлкен хоббиі – былайғы жұртқа «кәкір-шүкір» болып көрінетін заттарды жинастыру дегенге бәлкім, біреу сенсе, біреу сенбес те. Бірақ шын мәнісінде солай. Қабырғаны бойлай қаз-қатар тізілген сөрелерге рет-ретімен қатталған, бір қарағанда жәй ғана қағаз болып көрінетін құжаттар еліміздің тұтас тарихын ішіне бүгіп жатыр деуге болады. Яғни мұнда халық медицинасы, спорт, білім, ғылым, әдебиет пен өнер салаларының даму хронологиясы мұқият жинақталған. Сондай-ақ қазақстандық маркалар мен төсбелгілер, конверттер мен газеттер, фотосуреттер – өз алдына бір төбе. Жалпы, сала-сала бойынша топтастыра келгенде коллекциялар жеті топқа жіктелген. Өткен ғасырдың 60-жылдары шыққан библиографиялық көрсеткішке А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы есімдерін енгізгені үшін өзі қудалауға тап болып, жинағы жарық көрген бетте туралып кеткен Шора Шамғалиұлының бай коллекциясында Абай мен Мұхтардан бастап, көптеген Алаш арыстары шығармаларының қолжазбалары да сақталған. Сонымен қатар Шора ақсақалдың бір ғана Шоқан жайындағы материалдардан жинақталған альбомдары мен папкілерінің ұзын-саны 50-ден асады.
Өзінің айтуынша, қарияға коллекционерлік әкесінен ойысқан. Бұл ретте, қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің негізін қалаушылардың бірі болған Шамғали Харесұлының Қарақалпақстан мен Сыр бойындағы қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинағанын және Ташкенттегі Орта Азия университетінде ұстаздық еткен кезінде Ә.Диваевпен экспедицияда бірге жүргенін айта кеткен ләзім. Өткенге ой жүгірте отырып, Шора ақсақал: «Әкем кітапқа әуес еді. Мен де жасымнан кітапқұмар болдым. Кейіннен әртүрлі тақырыптағы газет қиындыларын, әр мемлекеттің ақшаларын, тарихи тұлғалар туралы деректер жинастыру тұрақты әдетіме айналды, ал інім Болатқа ұлттық музыкалық аспаптар жинауға кеңес бердім» деген сырымен бөлісті. Яғни коллекционерлік – бір ғана Шора ақсақалдың емес, бүкіл Сарыбаевтар әулетінің ертеден үзілмей келе жатқан өзіндік үрдісі. Және олар үшін бұл тіпті де еріккеннің ермегі емес. Ғалымның пікірінше, «коллекция – тарих. Өмір, уақыт, заман шежіресі сол ұсақ-түйек заттар арқылы жазылатынын көбіміз ескере бермейміз».
Шора ақсақал коллекциясының үлкен бір бөлігі халық медицинасына қатысты материалдардан тұрады. Осы орайда:
– Дүниежүзінің халық медицинасы бойынша 1000 альбом көлемінде материал жинадым. Оның ішінде аурудың аттарының өзі – 200, емдік өсімдіктер – 200, медицина және хайуанаттар – 100 альбом шамасында. Әрі қарай бал ара, сүлік, жылқы, аюдың өті болып кете барады. Естімеген елде көп. Мысалы, Вьетнамда емдік мақсатта тышқанның жаңа туған баласын жұтады екен. Ал күйген денеге бақаны тірідей жапсырып басады, – дейді ғалым.
Мұның сыртында Қазақстандағы халық емшілерінің есімнамасы, мекен-жайлары, олар жайлы мәліметтер бірнеше папкіде қаттаулы екен. Халық медицинасына деген ерекше қызығушылығына орай, кейбіреулер оны тіпті «емші» деп те ойлайтын көрінеді. Бұған бір жағынан, ол кісінің халық емшілерінің басқосуларына құрметті қонақ ретінде шақырылып тұратыны да себепкер болса керек.
«Күлкі – денсаулықтың мүлкі»
Ойнақы әзілі мен сергек кейпіне қарап, Шора Шамғалиұлын «сексен беске келді» деп әсте ойламайсыз. Ол кісінің бұл реттегі айтары: «Адамның көңіл-күйі, тіршілігі жасына емес, өмірге деген көзқарасына тікелей байланысты. Кім өзіне енжар, немкетті қараса, бойындағы бүкіл күш-жігері мен қабілетін, жігерін толық пайдалана білмесе, ол адам тез қартаюға бейім. Ал көңілді жүрген адам қашанда сергек болады» дегенге саяды. Сондай-ақ: «Осыншама жасқа келгенше жан баласымен керісіп көрмеппін. Ұрыс-керістің ұшқынын аңғарсам, оны әзіл-қалжыңға ұластырып жіберуге тырысамын», – дейді. Әйтсе де ақсақалдың пікірінше, «күлкі өмір ұзартады» деп, не болса, соған жыртақтай беруге де болмайды. Жарасымды күлкі ғана адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Ал орынсыз күлкі абыройсыздыққа душар етпесе, абырой әпермейді. Осы тұста қария: «Әйелдердің еркектерден көп жасауының бұған дейін екі себебі – олардың бала туатындығы мен көп жылайтындығы айтылып жүретін. Мұның мәнісі түсінікті. Өйткені бала туған сайын әйелдің организмі жасарады, жаңарады. Ал көз жасы арқылы олар бүкіл жағымсыз әсерлерден арылып, жеңілдейді, тазарады. Ал ер адамдар мұның бірін де істей алмайды, сөйтіп, тез қартаяды. Мен әйелдердің көп жасауының үшінші себебін таптым. Яғни олар көп күледі...» деп қулана жымиды. Шора Шамғалиұлы күлкіні 70 түрге бөліп жіктеп шыққан екен. Тіпті ақсақалдың ойынша, «оның өзі де шартты. Әйтпесе, қазақтың күлкі түрлерін санай берсек, санына жетпейміз». «Мысалы, – дейді ол. – Аңқылдақ, адал күлкіден бастап, жалған, сайқал, арсыз күлкінің аралығындағы көптеген күлкі түрлерін айтуға болады. Аңқылдап күлу, барқылдап күлу, бақылдап күлу, балбырап күлу, жымиып күлу, жылмиып күлу, жырбиып күлу, ырбиып күлу, тырқылдап күлу, тарқылдап күлу, қарқылдап күлу, ыржаңдап күлу деп кете береді. Және осының бәрі әйелдерге тән. Мысалы, семіз ер адам шиқылдап күле алмайды ғой, ал әйел күле алады».
Әдетте, «Күлкі – витамин» деп жатамыз ғой. Ал Шора ата үшін «Күлкі – денсаулықтың мүлкі». Дегенде, ол кісінің анекдоттарының өзі – бөлек бір тақырып. Әр сөзі мірдің оғындай. Және мейлінше қазақы. Әрқашан нысанаға дөп тиіп, көңіл пернесін тап басып жатады...
Ақсақал айтқан сыр
«Қайсыбір жылы Қызылорда жақтан ба, әйтеуір елден керемет бір емші келді. «Ракты емдеймін» дегеннен кейін, үлкен бір аурухананың бас дәрігері сынап көрмек болып, ауруы әбден меңдеген бірнеше науқасты соның бақылауына берді. Жаратқанның жұмбағы көп қой, қалай екенін қайдам, содан шынымен де, әлгі емші дерті меңдеген бірнеше адамның бетін бері қаратты. Бірақ бізде дәстүрлі медицинаның халық емшілерін мойындай бермейтін әдеті бар ғой. Сөйтіп, қолдау таппай еліне қайтып кеткен емші бірталай жылдан кейін әлгі ауруханаға қайта келіпті. Келсе, баяғы қазақ дәрігер жоқ, ұлты басқа біреу отырыпты. Содан бұл: «Ракты емдеуші едім, жұмысқа тұруға келдім» десе, аяқ-басын бір шолып өткен басшы: «Жарайды, жақсы» депті де, тілдей бір қағаз жазыпты. Сыртына мекенжайын көрсетіпті де, «Осы араға барыңыз, солар сізді қабылдайды» деп қоя беріпті. Ауылдың қазағы, сәлем хатта не жазылғанын ұқпайды. Алып-ұшып, айтылған жерге жетсе, онысы жындыхана екен. «Мына адамды жібермей, ауруханаға жатқызыңдар» деген хатты оқыған ондағылар, өзі келіп тұрған «жындыдан» айырылсын ба?! Сөйтіп, «жұмысқа тұрам» деп жүріп, айдың-күннің аманында жындыханаға жатып қала жаздаған байғұс емші алды-артына қарамай, еліне зытыпты. Ақыры содан көз жазып қалдық. Қасиеті бар жандарды мейлінше пайдаланып, әдіс-тәсілдерін үйренудің орнына, біз осылай, оларды үнемі сыртқа тебеміз де жүреміз...».