Ғазизов ғибраты
Жуырда Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде белгілі композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, марқұм Нұролла Ғазизовтің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Нұролла Ғазизовтің шығармалары көзі тірісінде жоғары бағаланған. Жиналған жұрттың айтуынша, композитордың кеңес өкіметі қарсаңында ең жоғарғы марапаттарға ие болған туындылары бүгінде назардан тыс қалып жатыр. Композитордың жары Рысқайша Ғазизова: «Менің күйеуім 1982 жылы 42 жасында қаза болды. Ол кезінде Темiржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязовпен қатарлас шығып, ел аузына ерте iлiндi. 1969 жылы КСРО Композиторлар одағының Мәскеуде өткен арнайы пленумында Нұролла Ғазизов Кеңес Одағындағы ең үздiк 25 композитордың қатарында аталды. Оның «Ғани Мұратбаев», «Қызыл қайың», «Жас ұлан» атты симфониялық поэмалары мен увертюралары сыншылар тарапынан да биiк бағаланды. Н.Ғазизов жазған iшектi аспаптар квартетi, фортепианолық трио әлi күнге осы жанрда өзгелерге үлгi болып келедi. Н.Ғазизовтің балаларға арналған шығармалары бастауыш музыка мектебiнiң репертуарынан түсiп көрген жоқ», – дейді. Нұролла Ғазизовтің Қарлығаш атты қызы, Ақбота атты немересі бар. Композитордың халыққа танымал «Оркестрге арналған шығарма», «Фортепиано мен дауысқа», «Фортепианоға – ауыл суреттері», «Симфония – қызыл қайың» тағы басқа шығармалары бүгін де маңызын жойған емес.