Гүлнар Салықбаева: Етікші болсам да, өлең жазып жүрер едім

Гүлнар Салықбаева: Етікші болсам да, өлең жазып жүрер едім

Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі бар ақын қыздарымыздың бірі – Гүлнар Салықбаева. Оқырманға "Бір жұтым ауа, қызыл күн", "Жан", "Аспандағы аңсарым", "Түс", "Кешіріңдер келгенімді өмірге" атты жыр жинақтарын сыйлаған  шығысқазақстандық ақын өткен жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған болатын. Жақында ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Бір жылдай ансамбльде өнер көрсеткенім бар

              - Ауыл, ауыл...
            Тәтті елесім,
            Енді оралмас «ақ кемесің».
            Алыстасам - сағынасың,
            Жақындасам - жат көресің, 
- деп жырлайсыз.   Жалпы, ауылға өлең арнамаған, ауылға деген сағынышы жүрегін кернемеген  қазақ ақыны жоқ шығар. Ауыл дегенде өзіңіз нені бірінші есіңізге аласыз?  Қазақ ақыны ауылға не үшін қарыз?
- Ауылда туып-өскен адам ешқашан қалалық бола алмайды. Ауылды аңсай бересің. Ауыл деген мен үшін аңқылдаған, таза жүректі адамдар, тыныштық. Бірақ жиі барудың реті келе бермейді. Жұмыстан шыға алмайсың. Оның үстіне, біздің ауылға жету де оңай емес. Әкем Сейітжан 13 жасымда қайтыс болған. Анамның дүниеден өткеніне де 10 шақты жыл болды. Зайсанда аға-әпкелерім бар. Хабарласып тұрамыз.
    Балалық шағым Зайсан ауданындағы Жамбыл деген шағын ауылда өтті. Қазір ауыл өзгеріп кеткен. Жер сілкінісінен кейін өзеннің ар жағына жаңа ауыл салынып, ескі ауылдағы үйлердің көбі  бұзылып қалыпты. Тұрғындары да өзгерген, көбісі кейін көшіп келгендер. Бала кезімде ауылдың маңы толған шағын өзен, бұлақ-қайнарлар еді. Сиырбүлдірген, қойбүлдірген, аюқарақат қалың өсетін. Екі өзеннің ортасымен жүргенде қалың шалғыннан бойымыз көрінбей қалатын. Ары қарай шыққанда аяғымыз бүлдіргенге боялып қып-қызыл болушы еді. Бүгінде соның бірі де жоқ...
    Сол ауылда керемет ұстаздарым болды. Алғаш мектепке барғанда  жымиып күтіп алған Кәрима апай да жоқ бүгінде. Жаны жаннатта болсын. Менің  сөз өнеріне құмар болуыма бірден бір ықпал еткен Алпысбай деген мұғалімім еді. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Алпысбай ағай екі-ақ баға қоятын: не – 1, не – 5. Біз бір алып қаламыз ба деп қорқып,  жанталасып, дайындалатын едік. Ол кісі: «Өзінің тілі мен әдебиетін білмейтін адам адам емес!» дейтін. Біз сол, адам болуға тырыстық.
- Ақын болу тағдырыңыз ба, әлде таңдап алған жолыңыз ба? Ақын болмағанда, кім болар едіңіз?
- Өмірінде бір шумақ өлең құрастырмаған қазақ жоқ шығар. Менің әнші болғым келген. Тіпті түрлі киімдер ойлап табатын модельер болуды да армандайтынмын. Мектепте болатын концерттерде ән салам. Ол  біздің ауылға телевидение келмеген кез. Күні-түні радио тыңдаудан жалықпаймын. Сондағы әндердің бәрін жаттап, айқайлап айтып жүрем. Кешке қой келетін уақытта үйде айқайлап ән салсам, шешем марқұм: «Қойды үркітесің!» деп ұрсатын. Алдымен прозалық шығармаларды, кейін  ақындардың өлеңдерін оқи бастадым. Өмірбаяндарына қарасам, бәрі де КазГУ-дің журналистикасын бітіргендер екен. Сосын жазушы болу үшін сонда оқу керек екен деп ойладым. Жазушы болам деп КазГУ-ге тапсырып, алғашқы жылы конкурстан өте алмай, ауылға қайтып келдім. Келсем, Сарытеректе бір ансамбль құрылып жатыр екен. Мектепте тәуір ән салғасын ба, мені соған шақырды. Әжептәуір айлығымыз бар. Бір жыл ауыл-ауылға концерт қойып, жұмыс істедік. Сосын  тағы да музыкалық оқу орнына баруға ойым кете бастады. Бірақ шешем: «Мен сенің бойыңнан керемет әншілік өнер көріп тұрған жоқпын, одан да жазушылығыңа барсаңшы» деген соң,  тыңдауға тура келді.
Менің мамандығым -  журналист. Ал ақындықтың оған қатысы жоқ. Тіпті етікші болсам да өлең жазып жүрер ме едім...

Цветаева  «бұзықтау» ақын, сонысымен ұнады

 - Бір өлеңіңізде «... Өмір деген – үңгірлерге үңілу, Содан кейін түңілу» дейсіз. Мынау өмірде түңілген сәттеріңіз көп болды ма? Кейде кейбір ақындар жақсы өлең күйзелістен туады деп те жатады.
- Иә, ондай сәттер әр адамның басында болады. Бірақ  адам қай кезде түңіледі? Жақсы көрген кезде. Өмірді,  адамдарды жақсы көрмейтін адамға бәрібір. Біз кейде  бәрін тым идеалдандырып жібереміз де, ол басқаша болып шықса, ойымыздағыдай болмады деп жер тепкілейміз. Түңілу жас адамға тән нәрсе. Жасың ұлғая келе өмірге сәл басқаша қарай бастайсың. Кешірімді боласың. Өмірдегі, адамдардың бойындағы жақсылықты көруге тырысасың. Қандай қиындық болса да, қанша алдансаң да, қаншама қорлық көрсең де, бір  жарық сәулеге ештеңе жетпейді ғой.  Анамның  өмірмен қоштасар алдында терезе жаққа сондай ынтызар көзбен, зарыға қарағаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
    Бірақ  жақсы өлең күйзелістен туады дегенге келісе алмаймын. Жақсы өлең дүниеге келу үшін сол өлеңді жазатын адам жазып отырған дүниесіне адал болуы керек. Және лирикалық кейіпкері арқылы  керемет адам болып көрінуге тырыспай, табиғи сөйлеуі керек. Өлең ақылдан емес, жүректен шығуы керек. Ақыл тек артынан, өлеңді суытып, қайта өңдеп, түзеп-күзеген  кезде керек болады.
-  Орыс ақыны Марина Цветаеваның өлеңдерін қазақшаға аудардыңыз. Цветаеваның поэзиясы сіз үшін несімен ерекше? Әлде жан дүниелеріңізде үндестік бар ма? 
- Цветаева  «бұзықтау» ақын. Маған сонысымен ұнады. Оның кейбір өлеңдерін қызық үшін  аударып жүретінмін. Соны естіген болуы керек, бір баспа 3-4 баспа табақ аударып беруімді сұрады.  Қатты қиналдым. Тіпті бір өлеңін аударып жүрген кезде  көшеде соны ойлап келе жатып, трамвайдың астына түсіп кете жаздағам. Үндестік бар ма, жоқ па, білмеймін. Цветаеваның тамыры басқа ғой.

Адам қартайғанмен өлең қартаймайды

- Артыңыздан ерген ақын сіңлілеріңіздің бірі Нәзира Бердалы «Лирика мәңгі жасайды демекші,  мен Гүлнар апайдың «қартаймайтынына» таңғаламын. Ол әлі жиырма бір жаста секілді. Себебі поэзиясындағы тамырының бүлкілі, алабұртқан жырлары - әлі күнге дейін жиырма бірдегі сынын жоғалтпаған» депті. «Қартаймауыңыздың» сыры неде?
- Қартаю деген не? Ғалымдар адамның физикалық, биологиялық жасы болады деп жатады ғой. Адам қартайғанмен, өлең қартаймайды. Тек уақыт өте келе басқа сатыға өтуі мүмкін. Мен 90-жылдары, жас кезімде Жазушылар одағында қызмет істедім. Сол кезде  Сырбай аға маған өлеңдерін әкеп машинкаға бастырып алатын. Ағамыздың 70-тен асқан кезі болуы керек. Өлеңдері тура жас адамның жазғанындай. Таңғалатынмын. Нәзира айтқандай, менің өлеңдерім де сондай әсер қалдырса, оған қуаныштымын.
 - Кейбір ақындар жақсы жыр жаза алмаған кездерде жан азабын бастан өткеретіндерін айтады. Сізге ол сезім таныс па?
- Жазып жүргенге не жетсін?! Бұрын мен өлең жазбай кеткенде қатты қиналатынмын. Сол кезде Тұрсынжан ағам (Т.Шапай): «Осындай үзілістер болғаны жақсы,  одан қорықпа, қайта өлеңдеріңнің сапасы өзгереді» дейтін.  Бізде шығармашылықпен толық айналысуға жағдай болмады ғой. Әлі күнге жұмыс істейміз. Бірдеңе жазатын сияқты болып жүргенде басқа бір жұмыс киіп кетеді. Одан бас тарта алмайсың, бала-шаға бар, олардың алдындағы жауапкершілік бар. Сондықтан амалсыз көндігуге тура келеді.

Жұматай поэзияға адал болуды үйретті

- Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаныңызда «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса» деген қазақтың мықты ақыны Есенғали Раушановтың өзі  арнайы келіп, құттықтап, қолыңызды алды.    Көпшілік Есағаң «әйелден ақын шығатынын ақыры мойындады» деп қабылдады мұны. Жалпы, әйел адамға «ақын боп ғұмыр кешіру» қиын емес пе?  Үйдің күйбең шаруасымен жүргенде жазылмай қалған өлеңдеріңіз бар ма?
- Есенғали Раушанов  менің өлеңімді сұратып алып,  алғаш республикалық журналға шығарған адам. Ол кісі қоймай, сұратып алдырмаса, мен сол күйі  жарияланбай қалар ма едім. Ес-ағамды қатты құрметтеймін. Ол кісінің «Әйелден ақын шықпайды» дегені ақын қыздарға жаны ашығандықтан айтылған сөз ғой. Ақын болып ғұмыр кешу деген не? Ол тек жазу ғана емес қой. Сондықтан кімге болса да оңай емес.
    Мен күй таңдамайтын адаммын. Күйбең тірліктің өзін де ризашылықпен атқара беремін. Өйткені, оны жақын адамдарың үшін жасайсың ғой. Неге  күйінуім керек? Мен жазу үшін жағдай да қажет етпеймін. Соған үйренгенмін. Өйткені, біздің жарты өміріміз кісі есігінде, пәтер жағалаумен өтті ғой.  Жалынғанды, мұң шаққанды, біреулердің  аяғанын ұнатпаймын.
- Жұматай ақынның мектебінен өткен ақындардың бірісіз. Жұматай қандай еді? Жақыпбаевтан не үйрендіңіз?
- Мен Жұматай ағадан өлеңге адал болуды үйрендім. Жұматай аға  жастарды жақсы көретін. Талантты жастардың өлеңдерін тыңдап, баға беретін. Бірақ ол бағасы көбінесе жағымды пікірлерден тұратын. Аздап ұнамай қалса, елеусіз ғана бір-екі сөзбен білдіре салушы еді. Жастардың сағы сынып қалмасын дейтін болуы керек. Ол кісінің қасына еріп жүрдік.  КазГУ-де ол кезде Светқали, Бауыржан, Қайрат сияқты талантты ақындар оқыды.  Жиналып алып, бұрқыратып өлең оқитын. Бәріміз де Жұматай ағаның «қағанатының» нояндары едік.
- Сізді жыр сүйетін, поэзияға ғашық оқырманның азайып бара жатқаны алаңдатады ма? Қазақ оқырманы төл әдебиетке мойын бұруы үшін не істеген жөн?
- Мен өлең оқитын адамдар мүлде  азайып кетті деп ойламаймын. Бірақ бұрынғыдан азырақ екені рас. Қазіргі журналистер неге дұрыс жазып, сөйлей алмайды? Олар «қаншалықты дұрыс?» (насколько правильно)  деп сұрақ қояды. «Дұрыс па?» деуге болмай ма? Бәрі орысшаның тікелей аудармасынан шыға алмайды.  «Баруымыз керекпіз, болады ма?» деп сөйлейтін болдық. Мұның бәрі кітап оқымағанның кесірі. Мен осының бәрі мектепте балаларды  әдебиетке қызықтыра алмаудан туған  нәрсе деп ойлаймын. Тілімізді  сақтауымыз керек деп ұрандаймыз. Сақтайтын тіліміздің сұры осы ма? Ертеңгі күні осы былықтың бәрі әдебиетке кірсе, не болады? Мені алаңдататын  осылар.
-  Қандай арманыңыз бар?
- Арман көп.  Бірақ  ол туралы айқайлап, жар салуға болмайды.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста