Ғұмырын ғылымға арнаған
Отандық ғылымға еңбегі сіңген ғалымдардың тізімінде есімі ерекше аталатын жандардың бірегейі – Майя Шығаева. Қазақ ғылымының дамуына жарты ғасырдан астам ғұмырын арнаған микробиолог, биотехнолог, эколог, ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымының докторы, профессор Майя Хажетдинқызы биыл 85 жасқа толып отыр. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де биология және биотехнология факультетінің құрметті кафедра меңгерушісі болып қызмет ететін ғалымның мерейтойы жақында қара шаңырақта салтанатты түрде аталып өткен еді.
Академик Майя Шығаева 1927 жылы Ресейдің Астрахань қаласында дүниеге келген. Жасынан білім-ғылымға деген құштарлығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленген талдырмаш қыз күрделі де жауапты мамандықты таңдайды. Ол Алматы мемлекеттік медицина институтын тамамдап, алғаш еңбек жолын 1949 жылы бітіргеннен кейін Қаз КСР ҒА микробиология және вирусология институтында аспирант болып бастап, директордың ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасарына дейін көтеріледі.
Майя Шығаеваның тұсында қазақ әйелдерінің арасынан ғалымның шығуы өте сирек кездесетін құбылыс еді. Алайда Майя Хажетдинқызы отбасында аяулы жар, балаларына қамқор ана бола жүріп, ғылымға да үлкен еңбек сіңірді. Ғалым бүгінге дейін 300-ден аса ғылыми жұмыстың, соның ішінде 10 монография, үш оқу құралы, екі оқулық, екі оқулыққа қосымшаның авторы, 43 авторлық куәліктің иегері ретінде ғылыми ортаға танымал.
Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰУ ректоры:
– Қазақстандық ғылымның мақтанышы Майя Хажетдинқызы – білімі телегей теңіз, еңбегі баршамызға өнеге кемеңгер жан. Биология ғылымының дамуына үлкен қадамдар жасаған ғалымның ізденістері, еңбегі тек өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де үлкен бағасын алған. Майя апайдың ғылыми жұмыстары бір төбе, сондай-ақ шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздығы мен адами қасиеті құрметке лайық. Ол кісіден дәріс алып, тәрбие көрген шәкірттерінің ішінен жеті ғылым докторы, 40-тан аса ғылым кандидаттары бүгінде өз еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдердің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етіп жүр.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, нағыз ұлағатты ұстаз шәкірттеріне тек білмегенін білдіріп қана қоймай, өмірде әркім өз орнын табу үшін жас ұрпақтың бойына адами қасиеттерді дарытуды мақсат етеді. Өзі тәрбиелеген шәкірттерін мамандықтарына адал болуға баулыған Майя Шығаева жоғары мектеп проблемаларын зерттей отырып, іргелі және қолданбалы ғылыми жұмыстар атқаруға қауқарлы ғылыми-педагогикалық ұжым қалыптастырды. Сөйтіп, оның басшылығымен елімізде мыңдаған ғылыми және педагог мамандар дайындалды.
Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым М.Шығаеваның ғылыми-педагогикалық және қоғамдық жұмыстары еленбей қалған жоқ. Ол ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Халықтар достығы», «Парасат» ордені және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. 2000 жылы АҚШ-тың биография институты Майя Шығаеваны «2000-жыл әйелі» құрметті атағына лайық деп тапты. 2004 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 2009 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдығына орай, «Үлкен Алтын белгі» медалімен марапатталды.
Есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енген Майя Хажетдинқызы өзінің өмірлік серігі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайсар Қасымбековпен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Өнегелі отбасынан түлеп ұшқан ұлдары Болат, қыздары Сәуле бүгінде Қазақ ұлттық университетінде қызмет етеді. Тағы бір қызы Зарема Американың белгілі ғылыми-зерттеу орталығында еңбек етіп жүр. Жар сүйіп, бала тәрбиелеп, сүйікті кәсібінде үлкен жетістіктерге жеткен Майя апай – әйел бақытын иеленген жан ретінде көпшілікке үлгі. Бүгінде Майя Хажетдинқызы – немере, шөберелерінің қызығына бөленіп отырған ардақты әже. Осынау көктемнің әсем мерекесі 8 Наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Майя апайға мықты денсаулық тілейміз.
Райхан Сыдықбекова, Биология және биотехнология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты