Ғылымды жалғастырып, дәстүрді сабақтаған...
Көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҰҒА-ның академигі, профессор Сейіт Қасқабасовтың есімі ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал. Ғалым ізденісінен туындаған іргелі еңбектердің қай-қайсысының да ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес болып қосылып жүргені даусыз. Қазақ фольклорының прозалық саласын ғылыми тұрғыдан саралап, жанрлық жағынан жіктеген және қазақ мифологиясын типологиялық тұрғыдан тұңғыш тұжырымдаған Сейіт Асқарұлына көзіқарақты қауымның берер бағасы әрдайым жоғары. Осы ретте, ғалымның даралық сипатын ғылымдағы әріптестері мен ізбасар шәкірттері көзімен саралау мақсатында біз оларды сөзге тартқан едік.
Достыққа адалдығына тәнтімін
Сейіттің тіл десең, тілге, өнер десең, өнерге жосыла жөнелетін жүйріктігіне таңғалмау мүмкін емес. Соған қарамастан, «мен білем» дейтін менмендік мінезден мүлде аулақ. Бұл – оның бойынан табиғи түрде көрініс беретін, өзінен-өзі туындап жататын ізгілік іздері. Осындай тек ғұламаға жарасқан қарапайым мінезі нағыз ғалымның кейпін сомдайды. Сейіттің оқығаны көп, оқығанын көкейге тоқи білуі тіпті ерек. Тіпті кітап қана емес, тірі адам бойынан көріп, біліп, оқып алғандай көрінетін қабілеті бар. Сол оқып, көңілге түйгенін тұмшалап, өзімен-өзі тұйықталып, жұмбақ өмір сүретін жандар да бар. Сонымен бірге өмірде «Мен білгенді өзгелер де білсін, әсіресе келер ұрпақ білсін» дейтін табиғаты кеңпейіл жандар да жетерлік. Сейіт, менің байқауымша, осы кейінгі лекке жататын тұлға. Ол кәсібі, ісі, тірлігі, мінез-құлқы әр алуан адамдармен қызметтес болды. Қызметтес бола жүріп, соларды тануға тырысты. Әсіресе ғылымдағы ұйымдастырушылық қарым-қабілет жағынан Сейіттің І.Кеңесбаев пен М.Базарбаевтан көбірек тағылым алғаны байқалады.
Ғылым мен мәдениет және қоғам қайраткері ретінде Сейітті шыңдаған мекеменің бірі – Қазақстан Орталық партия комитеті. Сейіттің болмыс-бітіміне, білігіне қызықты ма, бірде оны Ө.Жәнібеков қызметке шақырды. Қазақтың осы бір кесек тұлғалы азаматымен қызметтес болған сәттерін Сейіт әлі күнге елжірей әңгімелейді. Айтса айтқандай, бұл тұс қазақтың рухани әлемінің ұлы тұлғаларын қайта тірілту кезеңі болатын. Халық жауы ретінде талай арыстарымызды қырып салған қасиетсіз қаулылардың күшін жою әрекетінің басы-қасында болуы Сейітті қайраткерлік дәрежеге көтерді. Заманында әділетсіздіктің ауыр азабын арқалап дүниеден өткен ұлылардың аруағын тірілтуге қызмет ету арқылы ол өзінің негізінде бар тектілікті шыңдады. Тәуелсіз еліміздің еңсесін көтеріскен еңселі азаматтардың біріне айналды. Бұл оның азаматтық болмысын танытатын қасиеті болса, адамдар арасын біріктіре түсетін келесі бір ерек табиғаты – оның достыққа деген адал ниеті дер едім.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик
Қайраткер дәрежесіне көтерілген ғалым
Ғалымдардың әртүрлі типі бар. Бірі ғылымның нақты бір саласымен ғана шұғылданады да, әкімшілік жұмыстармен, шәкірт тәрбиелеумен айналыспайды. Сейіт Асқарұлының бір қасиеті – осы жұмыстарды қатар алып жүруінде. Яғни ол кісі – академиялық сипаттағы ғалым әрі үлкен ұйымдастырушы, сонымен бірге ұлағатты ұстаз да. Бұл ретте, ол ғылыми тұрғыда ізденуші шәкірттерінің бәріне бірдей жақсы тақырыптар береді және олар үлкен концепцияларға құрылып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, Сейіт аға – өз шәкірттерін академиялық ғылымның дәстүрінде тәрбиелеп келе жатқан адам. Қарап тұрсаңыз, ұстаздың да ұстазы бар. Мысалы, берген тақырыбы немесе идеясы шәкірттеріне ұнамай не оны дұрыс жүйеге, арнаға сала алмай жүретін де ғалымдар болады. Ал Сейіт ағаны шәкірттерімен жұмыс істеуде өзіндік мектеп қалыптастырған және осы фольклортану саласындағы шәкірті ең көп адам десек, қателеспейміз. Сондай-ақ ғалымның шәкірттері фольклордағы ең өзекті тақырыптарды қолға алғандығымен де дараланып тұрады. Бұл ретте, Сейіт Асқарұлы ғылымдағы кезінде өзі айта алмаған ойларын, уақыты жетпеген тақырыптарын шәкірттеріне беріп, солар арқылы дамытып отыруымен де ерекше қадірлі.
Бір айта кетерлік еңбегі, бұл кісі – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның жоғарғы аттестациялық комиссиясын қолымен құрған, Орталық комитетте қызмет істеген, сөйтіп, көптеген ақтаңдақтарымызды ашуға негіз болған қаулыларды дайындаған адам. Былайша айтқанда, Сейіт Асқарұлының фольклор арқылы өткеннің жұмысымен айналысып қана қоймай, оны бүгінгі күнмен байланыстыра алған, сөйтіп, үлкен қайраткер дәрежесіне көтерілгендігі анық.
Ғалымның тікелей шәкірті ретінде менің қорғаған тақырыбым қазақтың сал-серілері поэзиясына қатысты болды. Сол кезде Сейіт ағаның Ақан сері мен Біржан салдан бастап, көптеген халық композиторларының шығармаларын, ескі әндерді жатқа білетіндігі және домбырамен жақсы орындайтындығы мені қайран қалдырды.
Шәмшидин КЕРІМ, Нұр-Мүбәрәк университетінің проректоры, профессор
Қорқып та, сыйлап та тұрамыз...
Қазақтың фольклоры – телегей теңіздей көл-көсір дүние. Өткен ғасырдың 60-жылдарында әлемдік және Ресей фольклортану ғылымындағы озық әдіс-тәсілдерді меңгере отырып, Сейіт аға соны жаңаша жүйеледі. Мысалы, ол кісі «зерттеліп бітті» деп есептелініп келген ертегі саласының өзінен көптеген жаңалықтар ашты, жанрларға бөліп, жүйеледі, саралады. Өзіндік ен-таңба салған сияқты етіп таңбалау барысында ертегілеріміздің өзі миф, әпсана, хикаят, аңыз түрлеріне бөлініп, олардың сипаттамасы әлемдік фольклор деңгейінде айқындалды. Бірақ алып бәйтерек іспетті қазақ фольклорын бір кісінің игеріп алып кетуі мүмкін емес еді. Сондықтан бұл кісі шәкірт тәрбиелей білді. Соның арқасында «Қазақ әдебиеті тарихының» «Қазақ фольклортануы» атты бөлімін сол кісінің басшылығымен біз, яғни шәкірттері, жазып шықтық. Бұл ол кісінің ғалым ғана емес, тағылымды ұстаз екендігін де көрсетеді. Өзі терең білімді болғандықтан, бұл ретте, ол кісінің талабы да өте қатал. Сол үшін біз әрі қорқып, әрі сыйлап та тұрамыз.
Оқушы баланы ұстаз қалай әліппеге үйретсе, Сейіт аға да ғылым жолына бізді солай баулыды. Жұмыс барысында қарасаңыз, өте сұсты, қаһарлы адам. Ал үйіне барсаңыз, қазақтың жағасы жайлау, көңілі көктем, дана қариясын көресіз. Керемет мейірбан. Үйінде бай кітап қоры бар. Керекті әдебиетіміздің барлығын да аямай қолымызға ұстатады және үйімізге беріп жібереді. Сосын көл-көсір дастарқан жаяды. Соны ішіп-жейміз. Домбырасын қолына алып, ән айтатын, шежіре шертетін қасиеті де – бөлек әңгіме. Тағы бір қасиеті – жұмыста бізден есеп алса, үйіне барғанымызда бізге есеп береді, жазып жатқан дүниелері туралы жалықпай әңгімелейді, алдағы жоспарларымен бөліседі. Шәкірті ретінде керемет қарапайымдылығын, адамгершілігін, мейірбандығын көргендіктен де қасынан кете алмай, байланып қаламыз. Әйтпесе академияда ақша аз. Шындығында, көптеген шәкірттері Сейіт ағаның адами зор қасиеттерін сыйлағандықтан да, ғылымға адал қалпында қалып отыр. Ол кісі болмаса, мұнда ғылымның жалғастығы, дәстүр сабақтастығы үзіліп қалуы да ықтимал еді. Бірақ Сейіт аға – бүкіл шәкірттерін көндіре білген, соңына ерте алған адам. Мәселен, Кенжехан Матыжан деген шәкірті әуелде ғылым кандидаттығын академияға жазып алып келген. Сонда Сейіт аға: «Саясаттанудың ғылымдағы жолы ұзақ болмайды. Өзің дарынды жігіт екенсің. Тілімді алсаң, қазақтың халықтық мұрасын зертте. Сонда үлкен қазынаға батасың. Ол – өзіңе де абырой, халқыңа да абырой», – деген. Жас ғалымның мықтылығы – жазып қойған жұмысынан бас тартып, Сейіт аға берген «Қазақтың балалар фольклоры» деген тақырыпқа дереу кіріскен. Осылайша, ауыз әдебиетінің ең бір арналы бұтағын игеріп шыққан Кенжехан ағамыз докторлық жұмысын отбасылық фольклордан қорғады. Ал ғылыми ізденісін сал-серілерден бастаған Шәмшидин Керім ағамыз артынша жұмбақты докторлық жұмысқа айналдырды. Сөйтіп, Сейіт ағаның шәкірттері қазақ фольклортануындағы жеке-жеке жанрларды жүйелеп, монография деңгейіне көтерді. Осындай іргелі зерттеулер арқасында қазақтың көне мәдениетінің тамыры тереңде және іргетасы өте мықты екендігі, сондай-ақ үлкен құндылық болып табылатыны әлем мәдениетімен салыстыра зерттелді. Сондықтан біз Сейіт ағаны артына үлкен мектеп ерткен, жоғары деңгейдегі ғалым деп танимыз.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері