Ғылыми атақты ғылымда қалатындарға беру керек
Сабыр ТҮМЕНБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы:
Еліміздің білім беру жүйесі соңғы жылдарда қатты өзгерді. Ғалымдардың білімін жетілдіруге, ғылым магистрлары мен Phd докторларын дайындауға мемлекетіміз аса үлкен жауапкершілікпен қарай бастады. Осы мәселелердің неліктен туындағанын және келешектегі білімнің даму бағытын біз Сабыр ТҮМЕНБАЙМЕН болған сұхбатта аңғарғандай болдық.
1. Қазақстанның білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер орын алып жатқаны белгілі. Оның ішінде кейбір университеттердің сапасыз деп танылып, білім бәсекесіне төтеп бере алмай, жабылып та жатқанын білеміз. Ғалым ретінде осы үрдістерді қалай сараптайсыз?
2. Өзіңіз Ресейде оқыдыңыз. Ол жақта білікті мамандарды дайындаудағы әдістеменің сапалы екені белгілі. Посткеңестік дәуірден кейінгі Ресейдің ғылымға деген құштарлығы қандай?
3. «Ғылыми атағы бар адамдар көбейіп, ғылыммен ешқайсысы айналыспайды» деген пікірдің қаншалықты жаны бар? Кейбір азаматтарымыз «ғылым банкет болып кетті, ғылымға реформа қажет» дейді.
1. Шынымен де, еліміздің білім беру жүйесінде біршама өзгеріс бар. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы ғылымға назар салып отыр. Сонымен қатар Қазақстан 2010 жылы әлемдік білім жүйесі – Боллон декларациясына қол қойды. Осы үрдісті ескеріп, оқу ордасының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-зерттеуге айрықша мән беріп жатыр. Соның айғағы ретінде ҚазҰУ жанынан ашылған «Зерттеу» университетін айтуға болады. Жалпы, «Зерттеу» университеті елімізде бұрын-соңды болмаған. Елбасының жақында халыққа жолдаған Жолдауында білім беру, сапалы оқыту, еліміздің барлық оқу ордасын зерттеу институттарына айналдыру мәселесіне де тоқталды. Ал осыларға үлгі ретінде ҚазҰУ таңдалынып отыр. Жалпы, «Зерттеу» университетінде өзінің саласы бойынша белгілі жетістікті бағындырған ғалымдар ғана дәріс оқитын болады. Және де ғылым магистрлары мен Phd докторларын заман ағымына сай дайындауда жаңа әдістеменің қолданылуы басты талаптардың бірі болмақ.
2. Орыс тілі ғылым жасайтын тілдердің қатарында екеніне дау жоқ. Ресей білім берудің классикалық үлгісін әлі күнге дейін сақтап отыр. Ал біздің боллондық білім беру жүйесіне қосылуымызға орай, оқытудың кредиттік жүйесі қолға алынды. Негізі, ол жақта ғалымдарға ғылыммен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Мен Ресейдің Новосибирск қаласында оқыдым. Онда арнайы ғылыммен айналысатын «Академ қалашығы» деген орта бар. Барлық саланың мамандары қалашықта бас қосып, бір-бірімен ғылым жайлы пікірлеседі, ой бөліседі. Сол себепті де Ресейдің ғылымы жақсы көрсеткіштерге ие деп ойлаймын. Бізге сондай қалашықтар ашу керек шығар, егер бірнеше институттың басын біріктіріп, сонда шоғырландырса, ғылымда нәтижелі көрсеткіштерге жетеміз деп нық сеніммен айта аламын.
3. «Ғылым банкет болып кетті» деген пікірмен келісе алмаймын. Бұл кейбір азаматтарымыздың артық айтқан сөздері шығар. Бірақ, шынымен де, ғылымға бармайтын азаматтарымыздың ғылыми атаққа ие боп жатқандарын түсінбеймін. Ғылыми атақты ғылымда қалатын, ғылыммен айналысатын азаматтарымызға беру қажет деп ойлаймын. Жалпы, кандидаттық, докторлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғайтын талапкерлерге үлкен жауапкершілік қойылды. Қазір халық арасында ғылыми кандидаттық диссертацияның талапкеріне Phd доктордың білімі мен тәжірибесі сәйкес емес деген де пікірлер бар. Кандидаттық, докторлық ғылыми жұмыстарды талапкерлер өз күшімен жазған болса, қазір боллондық жүйеге сәйкес, докторларды мемлекет қаржыландырып, өз қамқорлығына алады.