Ясауи мұрасына ден қойылды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы ұжымының ұйымдастыруымен жақында «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелуі» тақырыбында дәстүрлі IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны университет президенті, профессор Л.Тәшімов құттықтау сөзбен ашты. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры М.Садықбеков «Мәдени ескерткіштер – ел қазынасы» тақырыбында баяндама жасады.
Пленарлық мәжілісте Абай атындағы ҚазҰПУ Абайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы, АҚШ-тың Индиана университетінің профессоры Девин Ди Уис «Ахмет Ясауиге қатысты ең алғашқы дереккөздері», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры А.Салқынбай «Шаһкәрім «сыр» сөздерінің сыры», ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожа «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы және оны күтіп сақтаудың мәселелері», профессор Д.Кенжетай «Түркі-ислам философиясындағы тауил методының орны» тақырыбында баяндамаларын оқыды.
Конференция екі күнге созылды. 70-тен астам баяндама оқылып, тыңдалды. Өте тартысты, мән-маңызы аса зор тақырыптар талқыланды. М.Қожа, Б.Қорғанбек, З.Жандарбек, М.Өмірбековалардың баяндамалары тартымды болды. Конференцияға Ясауи ілімі мен мұрасын зерттеуші ғалымдармен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мұражайтанушы мамандар мен зерттеушілер де қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Екі күнге созылған ғылыми басқосу Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Хан көтеру» реконструциялық тарихи қойылымының көрсетілімімен тамамдалды.
Мәулен Садықбеков, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры:
– Бұл конференцияны біз 2007 жылдан бастап өткізіп келеміз. Ясауи мұрасы мен ілімі – тек ғалымдардың еншісіндегі дүние емес. Ол – бәрімізге де ортақ. Ясауи бабамыздың мұрасы мен ілімін кейінгі ұрпаққа жеткізу, жәдігерлікті сақтау – баршамызға да парыз. Бұл ретте біздің мұражайдың атқарып отырған жұмыстары баршылық. Ғылыми конференцияның мақсаты – Ясауи мұрасы мен ілімін зерттеуді жетілдіру, дамытуға байланысты келелі әңгімелерді ортаға салу.
Досай Кенжетай, ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор:
– Ұлт болып ұйысу үшін екі ұстын керек. Бірі – тіл, екіншісі – дін. Тілдің халі белгілі, дәстүрлі дінімізді сақтап қалуымыз да бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі болып тұр. Сол себепті Ясауиді тану және таныту – қастерлі міндет. Ол ұдайы жүріп отыруы тиіс деп есептеймін. Осы мақсатта біз бұл ғылыми жиынды екі жылда бір өткізіп келеміз. Жылдан-жылға конференцияның зерттеу ауқымы жүйеленіп, сан жағынан да, сапа жағынан артып келеді. Америкалық ғалымның Ясауиге қатысты дереккөздерді ХІІІ ғасырға тән деп табуы жаңалық болды.
Мекемтас Мырзахметұлы, профессор:
– Ясауитану ғылымының жылдан-жылға іргеленіп, өсіп келе жатқаны мені сүйіндірді. Осыдан 21 жыл бұрын осы университет ашылғанда біз «Ясауитану» атты арнайы курс оқуды алғаш қолға алып, студенттерге там-тұмдап Ясауи тұлғасын таныттық. Кейін Ясауи ілімі мен мұрасын зерттейтін ғылыми зертхана аштық. Кейін орталық аштық, одан Түркология институты құрылды. Міне, осы институт осы жиынды, бұл ғана емес, әлем түркологтерінің басын қосатын Түркология конгресін ұйымдастырып отырады. Қаншама зерттеу еңбектер жарық көруде. Ясауитану оқулығы жазылды. Мәселе бас қосып, ас ішіп, аяқ босатуда емес, мақсатымыз – осындай еңбектерді артымызда қалдыру. Жалпы, Ясауи бабамыздың атын иемденген университеттің ұжымына да, мұражай ұжымына да алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ә.ТӘШІМОВА, Түркістан