Идеалың кім, қазақ баласы?

Идеалың кім, қазақ баласы?

Мұғалім мәртебелі мамандық болудан қалды. Көбіміз осылай дейміз. Өзіміздің дәрменсіздігімізді бүркемелегіміз келгенде айтамыз. Жиі... Рас, мұғалім көп. Сабақ өткізуші көп. Ұлағатты ұстаз атына лайықтылар азайып бара жатқан сияқты. Олар зейнет жасына жақын қалғандардың арасында көп шығар, кім білген? Сол үркердей аз ғана ұстаздың жүрегі ауырып жүргені рас. Себебі... Оның себебі көп...
Балалар адам өлтіретін болды. Тіпті өз мұғалімін сабап кететін дәрежеге жетті. Төбелесу «модадан» шығып қалды. Оның өзі де әншейін айналайын екен ғой. Атысу, шабысу... Ақырзаманның балаларының қарекеті осы болып тұр. Қазақ бала тәрбиелеуден қалып барады. Дұрысы, қалай тәрбиелеуді білмейді. Балалар үшін білімді болу басты мақсат емес. Олар бәрін сатып алуға болатынын біледі. Ақшаға. Білім ошақтарына нарық ережесі мықтап табан тіреді. Әлеуметтік теңсіздік таразының екі табағына оқушы мен мұғалімді отырғызып қойды. Кейбір байшыкештің баласы мұғалімін тыңдамайды. Сөз салғыластыруға бар. Реті келсе, сабап та кетеді. Шектен шығып бара жатқандарды баяғыдай тәртіпке шақырып, ұрып алу қайда? Қол көтермек түгіл, қатты сөйлеуге қорқады мұғалімдер. Егер ондай жағдай орын алса, бала әке-шешесіне айтып баруы әбден мүмкін. Ертесіне-ақ әке-шешесі баласын қолынан жетектеп жетіп келеді. Мұғалімге мораль оқу үшін. Әншейінде жиналысқа адам жіберіп шақыртып ала алмайтын ата-аналар баласының құқын қорғауға шебер-ақ. Ал мұғалімнің құқын кім қорғап жатыр? Жиналыс демекші, айына-жылына бір болатын жиналысқа ата-аналардың аттап басқысы жоқ. «Ақша сұрауы мүмкін!». Тәртіп бұзған тентегінің тәрбиесін түзегеннен гөрі әмиянының амандығы қымбат. Тіпті мектептердің өзі екіге бөлінді емес пе? Кедейдің және байдың балалары оқитын мектеп болып. Бай баласы батырақ баласын менсінбейді. Осындай әлеуметтік теңсіздік жасөспірімдерді ашындырады. Мектепке машинамен келіп кететін, ойын залдарынан шықпайтын, қалтасы қаржыға толы баланы көргенде тұрмысы төмен отбасыдан шыққан бала қалай ашынбасын? Қалай жасымасын? Ашынудың, жасудың соңы қылмысқа итермелейтіні анық. Одан бөлек, «компьютер-оқытушының» да еңбегі орасан зор. Балалар компьютердің алдында күні-түні отырып, киллер болудың қыр-сырын үйренуде. Алпамыс пен Қобыланды батырды білмейтіндер Шварценеггерді пір тұтады. Бүгінгі кейбір БАҚ криминогендік ақпаратқа қызмет етіп отыр. Анығын айтқанда, қылмысты қалай жасау керек, адамды қалай өлтіру керек екенін соқырға таяқ ұстатқандай үйретуде. Бала тәрбиесіне керітартпа кесел болып отырған мәселелер бір бұл ғана емес...
Ұстаз идеал болудан қалды. Әке де. Шеше де. Бала кімге еліктерін білмейді. Сүрінгенде арқа сүйейтін әкенің беделі түсіп кетті. Ішетін, шегетін, басқалардікіндей «крутой» емес әкеден өнеге алғысы жоқ. Одан гөрі кинодағы «буржуйға» болмаса да ұқсап баққысы бар. Қарын қамы мен күйбең тірліктен қолы босамайтын шеше де идеал болып жарытпайды. Айқайлап ұрысудан арыға аса алмайтын, жүйкесі жұқарған шешеден безіп кетуге бар. Патриоттыққа тәрбиелейді дейтін бұрынғының пионер, комсомол деген идеологиялық ұйымдары Кеңеспен бірге келмеске кетті. Сонда бала кімге еліктейді? Мұғалімге ме? Олардың екіжүзділігін (бәрінің емес) күнде көріп жүрген бала одан жиренбесе, үйрене ме? Кейде оларға да жаның ашиды. Жоғарыға жалтақтап, директор не айтса да бас шұлғымасқа шамалары жоқ. Диктатор-директордың айтқаны – заң. Мұғалім оның «роботы». Қарсы келу қайдан? Қапысын таппаса, қолайына жақпай қалуы әбден мүмкін. Сағатын қысқартып тастайды. Келісімшартты бұза салуы да ғажап емес. Директорының үстінен домалақ арыз да жаза алмайды. Біліп қалса, кірген жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Жұмыссыздық мұндай басшылардың оң жамбасына оңтайлы болып тұр ғой. Қолайына жақпаған мұғалімдерді қол астындағы өзінің сөзін сөйлейтіндерге түртпектетіп, ілік тауып, құртуға құмбыл. Оның тәжірибелілігі мен іскерлігінің құны көк тиын. Диктаторға айтқанына жүріп, айдауынан шықпайтын жандайшаптар керек. Мұғалім осындай психологиялық шабуылдарға шыдап, одан қалса бала тәрбиесімен де айналысуы керек. Біреулер бір баласын тәрбиелей алмай жатқанда, ол алдындағы 30 балаға жауапты. Ата-ана мектепті кінәлап әлек. Мұғалімді де. Мүмкін, біздегі тәрбие жұмысы дағдарысқа ұшыраған шығар? Бәлкім, тәрбие «экологтары» керек шығар? Мүмкін, бұл бейкәсіби мамандардың көптігінен шығар? Әйтеуір сұрақ көп, жауап жоқ.
Қалай болғанда да ұстаз шәкіртін сүюі тиіс. Ұстаз күресуі тиіс. Оқушысының болашағы үшін. Оның ертеңге деген сенімі үшін. Адалдық үшін. Әділдік үшін. Онсыз ұстаз – ұстаз емес. Жасырары жоқ, қазір адалдық та идеал болудан қалған. Ұятты ойлайтын, біреуге ор қазбайтын, ақкөңіл адам кейбіреулер үшін біртүрлі адам болып көрінетіні рас. Қазіргі қоғамның ұстанымы - күшті болу, мықты болу. Әлсізсің бе, жаншып кетеді. Таптап кетуден де тайынбайды. Тіпті әлсіздігіңді көрсе, бетіңе мысқылдап қарап, мырс-мырс күлуден де тайынбайтындар бар. Капитализмнің заңы берік қалыптасып келеді. Сондықтан да біраз жұрт әлімжеттік қылуға, күштілігін көрсетуге талпынады. Әріптеске адалдық, қоғамға, елге адалдық деген ұғымдар қалып тұр. «Модадан» шығып қалды...
Өресі биік, санасы сара, адалдықты ту етіп көтерген шәкірт ешуақытта да біреудің алдын кесіп өтпейді. Өйткені тәрбие көрген. Дұрысы, ұстаз көрген. Қазақ баласы үшін бұл - үлкен баға...
Бақыт Қалыбайқызы, психолог:
– Расында, бүгінгі балалардың психологиясы өте күрделі. Олармен жұмыс істегенде көптеген қиындықтар туындап жатады. Баланың қиялын ұштайтын ғажайып ертегі айтатын әжелер азайды бүгінде. Ол да баланың қиялын ұштап, өсіп жетілуіне көп көмегін тигізетіні анық. Сондай-ақ бүгінгі балалардың кімге еліктерін, кімді идеал тұтарын білмей адасатыны да шындық. Бұрынғы Павлик Морозовтың ерлігі бүгінгі ұрпаққа идеал болып жарытпайды. Бастауыш сыныптың оқушылары көбіне батыстың мультфильмдерін, түрік сериалдарының «геройларын» жаттап, соларға еліктеп, солықтайтыны да жасырын емес. Үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер қазақ батырларының, тұңғыш ғарышкерлеріміздің ерліктерін айтып отырса құба-құп. Одан басқа да мақтан тұтатын құндылықтарымыз баршылық қой.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста