Интеллектуал ұрпаққа жаңа шығарма керек
Бұрынғының баласы мен бүгінгінің баласында айырмашылық көп. Интеллектуалдық ахуалы, қоршаған ортаға көзқарасы, дүниені тануы, техника тілін меңгеруі... айта берсек, таусылмайды. Бүгінгі таңда баланың өмірге деген таным-түсінігін қалыптастыратын, рухани кеңістігіне жол ашатын тәрбие құралы – балалар әдебиеті қай деңгейде? Солардың рухани сұранысына сай қызмет ете алып отыр ма?
«Кей-кейде бүгінгінің балалары іштен оқып туған» деп ерекше таңғалысымызды жасыра алмай қалып жатамыз. Таңдайы тақылдап тұрған баланы өзіміздің өткенімізбен салыстырып көреміз. Жоқ, біз бұйығы болып өссек, бұлардың білмейтіні – жер астында. Бірақ та бұл өзгерістің геометриялық прогреспен дамып бара жатқандығы көңілге қуаныш ұялататындай.
Тумысынан табиғатпен біте қайнасып, еркін өскен бұрнағы қазақтардың сұңғылалығына, тапқырлығына таңғалмаған жан болған жоқ. Бізге жеткен шетел саяхатшыларының жазбаларына үңілсек, «әлқиссасынан-ақ» осыны аңғарамыз. Таңды таңға соғып жыр айту үшін қанша энергия қажет? Бір жырдың өзі бір кітапқа пара-пар. Мұны бір тыңдағаннан қағып алып, екінші шәкірттің аталмыш жыр-дастанды таң қылаң бергенше басқа жерде айтып отыруы, шындығында, таңғалдыратын дүние ғой. Бірақ та осы сұңғылалық, жадымыздың ғаламат тазалығы кешегі кеңестік кезеңде бұғауға түсіп, басылып қалған тәрізді. Тәуелсіздік алып, еңсе тіктегенде, ең алғаш болып бізге сананың егемендігі жетті. Бүгінгі балалардың «іштен шыққан ғұлама» болып туылуы – арғы қазақ болмысының қайтып келуі, рухтың оянуы, сананың серпілуі деп ұғуымыз керек. Оларды тәрбиелейтін, қиялын шарықтататын, бойына жақсы қасиеттерді жұғысты қылатын, болашағын бағамдайтын балалар әдебиеті де осы деңгейден көрінуі, интеллектуалды, танымдық көкжиегі кең туындыларды дүниеге әкелуі тиіс. Бұл үдеден шыға алмасақ, балалардың төл әдебиетімізге деген көзқарасын оңдап, махаббатын оята алмасымыз анық.
Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ, балалар жазушысы:
– Уақыт өзгерген сайын баланың да саналылық дәрежесі өсіп отырады. Баланың ой-өрісін дамытатын теледидар, компьютер, интернет құралдары, өзге де техникалар қазіргі таңда ауылдарда да бар. Біз жылда ұйымдастырып жүрген халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде байқайтынымыз, тәп-тәуір дүниелер жазылып жатыр екен. Сосын жастарда қиялдың биіктеуі, өсуі байқалады. Ертегілеріміздің өзі «ертеде шал мен кемпір болыпты» деп басталмайды қазір. Заманауи үлгілерге ауысқан. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Ең бастысы, қазіргі жазушылар балалардың талғамына сай, ой-өресіне шақ келетін бүгінгі күннің бет-бейнесін жазуы тиіс.