Інжу-маржандай дүниелердің күн сайын көрсетілуіне біз де жақпыз
Дидар АМАНТАЙ, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы:
– Соңғы уақытта «Қазақфильм» жұмысының жандана түскені рас. Өткенде киностудияның ұйытқы болуымен, Алматының ескі алаңына орнатылған экраннан жұртшылық бір ай бойы қазақ киноларын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, «Қазақфильм» көрермендерінің санын бір миллионға жеткіземіз» деген мақсатта қызу жұмыс жүріп жатқаны байқалады. Әйтсе де, Дидар, сен қалай ойлайсың, «Қазақфильм» соңғы уақытта науқандық, жарнамалық жұмыстармен көбірек әуестеніп кеткен жоқ па?
– Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек те, бүгінгі кинонарықтың талабы бойынша да, кез келген фильм түсірілмес бұрын идея тұрғысында жарнамалана бастайды. Сондықтан мұны «Қазақфильмнің» бүгінгі күні Қазақстан және қазақ кинонарығына енгізіп отырған жаңалығы деп есептеймін. Яғни бұл – өте қажетті, өте сауатты атқарылып жатқан жұмыс.
– Ал «Қазақфильм» көрермендерінің санын бір миллионға жеткіземіз» деген қияли нәрсе емес пе?
– Бұл – ешқандай да қияли нәрсе емес. Құдай қаласа, жылдың аяғына дейін күтейік, сосын есеп береміз, айтамыз. Қазірдің өзінде де біраз шамаға барып қалды. Өйткені «Махаббат тәлкегі» деген көркем фильм Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Украина елдерінің рыногына енді, сонда көрсетілді. Содан түскен табыс біздің жұмсаған шығынымызды өтеді деп айтуымызға болады. Бүгінгі күні «Қазақфильм» өзі шығарған барлық кинотуындысын кинотеатр және телеарналардан көрсетіп, белгілі бір дәрежеде жұмсалған қаржыны өтеуге талпынып отыратыны жақсы дәстүрге айналды.
– Қала күні қарсаңында «Қазақфильмнің» он шақты фильмі Алматы кинотеатрларында тегін көрсетілмекші екен. Бірақ «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Саған күшік керек пе?», «Алдар Көсе», «Тақиялы періште», «Махаббат бекеті» сияқты фильмдер онсызда телеарналардан жиі көрсетіліп жүр емес пе?
– Біріншіден, бұл біздің ұсынысымыз емес және оны көрсетпек болып отырған – Алматы қалалық әкімдігі. Оларда біздің киноларымыздың кеңес жылдарынан бері сақталып қалған көшірмелері бар екен. Сондықтан бұл шараның авторы біз емес, десек те, ол фильмдер, әрине, біздікі, авторлық құқы киностудия иелігінде. Бірақ ел мүддесі, қазақ мүддесі үшін біз мұндай шараларды қолдап отырамыз.
– Шынымен де, бұл – жақсы шара, құптарлық нәрсе. Тек осындай мүмкіндікті пайдаланып, неге біз көп көрсетілмей жүрген, жұртшылыққа жетпей жатқан дүниелерді шығармаймыз?
– Біріншіден, 2008 жылы «Қазақфильмге» жаңа басшылық келгелі бері оның құрылымы да, менеджменті де өзгерді. Қазір кез келген фильм өндіріске жіберілмес бұрын, бюджеті анықталған кезде міндетті түрде жалпы бюджеттің 20 пайызы оның жарнамалық шығындарына есептеліп қойылады. Екіншіден, кез келген сценарийді біз Сценарлық алқада талқылаймыз. Қабылдағаннан кейін Киножобаларды кемелдендіру орталығы «оның көрермені кім, олар мұны қай уақытта көреді, қай қалаларда жақсы көреді, өндіріске, көрсетілімге және жарнамаға қанша шығын кетеді, қанша пайда түседі, шығынды өтей ала ма?» дегеннің бәрін есептеп, содан кейін барып қана ол өндіріске жіберіледі. Содан бастап оның жарнамасы жүре бастайды. Бұл бүкіл шетелдерде солай. Ал мұның барлығы – кинонарықты белгілі бір киножобаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар. 2008 жылы біз, «Қазақфильм» киностудиясы, бүгінгі Қазақстан киноиндустриясы жөнінде тұңғыш рет ұлттық баяндама дайындадық. Соны жасау барысында біз түрлі зерттеулердің нәтижесі – статистикалық мәліметтерді алдық. Мысалы, 2008 жылға дейін қазақ киноларының үлесі 3 пайыз болса, оны көрген көрермендердің үлесі 5 пайыз болатын. Бүгінгі күні біздің киномыздың үлесі 7,5 пайызға дейін өсті, ал көрермендеріміздің саны Қазақстан прокаты бойынша 9,5 пайызды құрап отыр. Біз, жалпы, болашақта Қазақстан кинопрокатының 10 пайызын аламыз деген ниетте болған едік, қазір соған жетіп те қалдық. Өндіріске былтыр 10, биыл 15 толықметражды көркем фильмді жібердік. Ал былтырғы деректі фильмдеріміздің саны 15 болса, өндіріске биылғы жібергеніміз 25 болып отыр. Одан басқа былтыр қазақ киносы тарихында тұңғыш рет толықметражды анимациялық фильмді өндіріске жібердік. Тағы да қазақ кино тарихында тұңғыш рет анимациялық сериалды түсіруді бастадық. «Қазақ елі» атты анимациялық сериал 50 сериядан тұрады, әр сериясы 5 минуттан, ол сонау Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығынан бастап бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи аралықты қамтиды.
– Осы жобалардың ары қарайғы тағдыры қалай болады? Оларды көрерменге жеткізу, әсіресе, телеарналар арқылы тарату мәселелері ескерілді ме? Өйткені қазақы көрермендердің көпшілігі ауылда тұрады, кинотеатр мүлде жоқ жерлер бар деген сияқты...
– «Қазақстан» телеарнасымен және «Хабар» агенттігімен біз өте тығыз байланыстамыз. Олар – біздің аса бір жанашыр, құрметті әріптестеріміз. Шілде айында «Хабар» біздің «Астана – махаббатым менің» атты телесериалымыздың орысша нұсқасын көрсетті. Ал қазақша нұсқасын көрермен енді «Қазақстан» арнасынан тамашалай алады. Одан басқа, біз былтыр алты анимациялық жобаларды аяқтаған болатынбыз. Соның бірнешеуі аталған телеарналардан көрсетілді. Деректі фильмдеріміз де беріліп жатыр. Бүгінгі күні мемлекеттік кәсіпорын әрі акционерлік қоғам болғандықтан, егер арнайы келісімшарт болмаса, фильмдерімізді телеарналарға тегін бере алмаймыз, тек белгілі бір ақшаға ғана сата аламыз. Сондықтан бүгінгі күні «еліміздің көпшілік, үлкенді-кішілі телеарналары Қазақстан киностудиялары шығарған фильмдерді неге арзанға бағалайды?» деген мәселе көтерілуі тиіс деп ойлаймын. Себебі олар шетелден сатып алатын фильмдерге үлкен-үлкен ақша төлейді. Бірақ олардың сапасы, сюжеттік желісі көп жағдайда қазақ киноларынан төмен болып та жатады.
– «Қазақфильмнің» бұрынғы киноларын біз қазір «Алматы» телеарнасынан көріп жүрміз. Осы ретте, аталған телеарна директорының орынбасары Серік Әбікенұлы ол кинолардың көпшілігінің ескі таспада екендігін, жаңа форматтағы дискілерге көшірілмегендігін айтып еді. Ал осы тұрғыдағы жұмыстар неге кешеуілдеп жатыр?
– Біле-білсеңіз, бұл тарапта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Кадрды, фильмді түрлі-түстендіретін, бояуын қанықтыратын қондырғылар енді алынды. Ескі фильмдерді тек жаңа таспаға көшіріп қана қоймау керек, оны ары қарай түсін, реңін жақсартып бояу қажет. Аталмыш кәсіп – ыждаһаттылықты қажет ететін өте қиын жұмыс. Өйткені әрбір кадрдың әрбір заттарын, адамдарын, көріністерін бояу керек. Адамдар отырып алып, ұзақ шұқшиып, сонымен жұмыс істейді.
– Бұл жердегі айтайын дегенім, көрермен ретінде біз сол киноларды көргіміз келеді. Өйткені олардың ішінде кезінде тыйым салынған, сөрелерде шаң басып жатып қалған дүниелер де бар. Осы орайда, қайталап көрсету кинотеатры деген сияқты бірдеңе ашуға бола ма? Мысалы, жаңа кинолардың премьерасы өтіп жатады, фестивальдерде көрсетіліп қалады. Сонымен бірге бұрынғы фильмдеріміздің де жаңғыртылып, қайта көрсетіліп тұрғаны артық болмас еді.
– Ол дұрыс. Бірақ бүгінгі кинотеатрлардың барлығы да жекеменшік құзырында. Сосын олар «адам келмейді» деп, ескі киноларды көрсетпеуге тырысады. Өйткені, олардың ойынша, кинотеатр тегін көрсетуге тиіс емес. Біз жылына екі-үш рет өз тарапымыздан түрлі шаралар ұйымдастырамыз, кинотеатрлармен келісе отырып, жетім балалар мен түрлі мектеп-интернат оқушылары үшін жаңа киноларымызды тегін көрсетіп отырамыз. Ал ескі киноларды көрсету үшін олар бізден ақша сұрайды. Бұл бір. Екіншіден, бұл мәселе бюджетте қарастырылмаған болса, біз одан аттап кете алмаймыз. Бюджет – біз үшін заң. Ал олар телеарналардан көрсетілуі үшін бізге хат жазып сұраса, өзара келісім жағдайында жұмыс істеуге болады. Қазақ киносының алтын қорындағы інжу-маржандай дүниелердің күн сайын, апта сайын әрбір телеарналардан, кинотеатрлардан көрсетіліп тұруына біз де жақпыз және оған мүмкіндігінше көмектесеміз де.
– Бізде «Қазақфильмнен» өзге де, яғни жекеменшік киностудиялар бар. Олар да өздігінше кино түсіріп, еңбектеніп жатыр. Ал «Қазақфильмнің» соларға қатысты саясаты қандай болып отыр?
– Біздегі былтырғы және биылғы өндіріске жіберілген кинолардың белгілі бір бөлігі – сол жекеменшік киностудиялармен бірлесіп жасалып жатқан жобалар. Бұл, біріншіден, талантты режиссерлерді тарту деген сөз. Екіншіден, Қазақстанның кинонарығын қалыптастыру, үшіншіден, жақсы жобаларға қолдау көрсету. Осы мақсатта біз көптеген деректі туындылар мен анимациялық дүниелерді, көркем фильмдерді жеке студиялармен бірлесіп жасауға көштік. Және біз тек Алматы қаласы бойынша ғана емес, Өскемен, Астана, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында орналасқан киностудиялармен де тығыз байланыстамыз.