«Исатай мен Махамбет Оралда тұрар көк тіреп...»
Келесі 2013 жылдың алғашқы жартысында облыс басшыларының қолдауымен Орал қаласында Исатай мен Махамбет батырларға ескерткіш орнатылмақ. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Исатай-Махамбет» қорының төрағасы Темірхан Елеубаев хабарлады.
Осыдан он жыл бұрын ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен болатын. Сол жолы мерекелік шаралардың дені көршілес Атырау қаласында өтті. Қос батырдың құрметіне атшаптырым алаң ашылып, айбатты ескерткіш қойылды.
Жақында жергілікті «Қазақстан-Орал» телеарнасы арқылы «Махамбеттің күйлері» атты сериялы хабар көрсетілді. Осы кезге дейін Махамбет Өтемісұлының ақындығы мен батырлығы көбірек айтылса да, күйшілік қырына көңіл бөліне бермейтін. Қоғамдық қордың мұрындық болуымен ұйымдастырылған телехабар осы ақтаңдақтың орнын толтырғандай болды. Тележурналист Мұнайдар Балмолда жүргізген хабарға қатысқан домбырашылар Досым Мақсотов пен Ақылбек Бектасов Махамбеттің 13 күйін шығу тарихын баяндай отырып орындаған. Исатай-Махамбет қорының қолға алғалы отырған тағы бір бастамасы – жақын күндері Махамбет батыр туып-өскен Жаңақала ауданының екі-үш елді мекеніне сапар шегіп, арнайы концерт ұйымдастыру. Халыққа тегін ұсынылатын концерт бағдарламасында Махамбеттің жыр-толғаулары мен күйлері орындалмақ.
Бір қызығы, Кеңес Одағы кезінде Махамбеттің жыр-термелерін ел алдында айтуға, кең насихаттауға тыйым салынған көрінеді. Кеңестік идеологияның сарапшылары «Махамбет термелері мен күйлері – халықтың рухын көтереді, наразылық көңіл күй қалыптастырады» деген қорытынды шығарған. Күні бүгінге дейін Махамбеттің «Мен едім», «Бозторғай» секілді бірен-саран термесі үзіліп-жұлынып қана сахнада орындалып жүр. Қор бұл олқылықтың да орнын толтырып, «Махамбеттің термелері» атты телехабар ұйымдастыру ниетіне кіріскен. Шынын айтқанда, халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын еске алуға қатысты шаралардың жандануы Оралда осы аттас қоғамдық қордың құрылуымен тығыз байланысты. Қор 2011 жылдың 25 желтоқсаны күні ресми тіркеуден өткен. Былтырғы күзде волейболдан ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылды. Биылдың өзінде Махамбет күйлерін орындаушы жас күйшілер арасында аймақтық байқау және Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына арналған жыр мүшәйрасы өткізілді.
Темірхан ЕЛЕУБАЕВ, «Исатай-Махамбет» қорының төрағасы:
– Бұйырса, келер жылғы шаралардың орталығы Орал қаласы болар деп отырмыз. Біз жоспарлы түрде жұмыс істеп жатырмыз. Осы айда жергілікті күйшілерді Астанаға алып барып, Махамбет күйлерін сапалы студияда жазғызбақшымыз. «Хабар» секілді белгілі телеарналардың бірімен келісіп, Махамбеттің 210 жылдығына арналған арнайы бағдарлама етіп ұйымдастырғымыз келеді. Біздің ең басты мақсатымыз – Астана мен Орал қаласында батырларға ескерткіш орнату. Облыс басшылығы жобаны қолдап, қуаттап отыр. Соған қуаныштымыз. Ескерткіш табынатын тас мүсін емес, бұл – елдіктің мәселесі. Менің ойымша, мәдениет – тарихтан бастау алады. Оралдың төріне орнатылмақ алып ескерткішке кішкентай болса да үлес қосу әр қазаққа абырой болар, ұрпағы мақтаныш етер іс деп есептеймін, болашақ ескерткіштің архитектуралық жобасы дайын. Жоба авторы – қазақтың белгілі скульпторы, Астанадағы «Қазақ елі» монументі авторларының бірі, Қарағандыдағы Абай ескерткішінің авторы Болат Досжанов. Бұған дейін мүсінші Орал қаласына арнайы келіп, көше-көшелерді аралап, қос батырдың атқа мінген аруақты бейнесін орналастыруға лайық мүйістерді зерттепті. Скульптор ұнатқан бірнеше орын жақында облыс пен қала басшыларына ұсынылмақ. Жобаның жалпы құны – 70 млн теңге
P.S.
Біз Темірхан Дүйсенұлының келісімімен Оралда орнатылмақ Исатай-Махамбет ескерткішінің жобасын тұңғыш рет оқырман назарына ұсынып отырмыз.