Исраил Сапарбай, ақын-сазгер, драматург: Тәуелсіздікті сезіну үшін тарихымызды терең білуіміз керек!
– Исраил аға, Тәуелсіздігіміздің алғашқы ширек ғасыры құтты болсын! Осынау айтулы мерекеміздің тойлануы көңіліңізден шығып жатыр ма?
– Аллаға мың шүкір, әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде дүниежүзілік көшке ілесіп келеміз. Уақыт деген жүйрік қой. Міне, тәуелсіздік алғанымызға да 25 жыл болыпты, яғни ширек ғасыр өте шықты. Бірақ біздің ұлтымыздың, ұлысымыздың тарихы тек осы 25 жылмен ғана өлшенбейді. Кешегі кеңес заманы, оның арғы жағында әлемдік өркениетке үлес қосқан тұтастай түркі әлемінің, біздің ата-бабаларымыздың тарихы сайрап жатыр. Ал соңғы ширек ғасырдағы қазақ елінің тәуелсіздігі, жетістігі біздің ғасырлар бойғы күресіміздің нәтижесі.
Тәуелсіздкке қол жеткіздік деп айта салу оп-оңай, ал осы тәуелсіздік бабаларымыздың қанымен, жанымен, көз жасымен келгенін түсіну басқа әңгіме. Қатпар-қатпар тарих парақтарын ақтарып отырсақ, сонау ғұндар заманынан бастап сәтті де, сәтсіз де кезеңдерді бастан кешірдік. Айталық өз заманында Шыңғыс ханның даңқы жер әлемге шықты. Ал кеңес заманында отаршылдықтың қамытын киюімізге тура келді. Міне, осындай дөңгеленген дүниеде жақсы мен жаманды қатар көрдік. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну үшін бүгінгі ұрпақ, әсіресе өскелең жастар біздің өткен тарихымызды жақсы білуі керек деп есептеймін. Тәуелсіздік мерекесін бір-екі күн ырдуланып, дырдулатып өткізуге де болады, бірақ біз үшін маңыздысы, шынайы құндылықтарымыздың қадір-қасиетіне жету. Қалай егеменді ел болдық, осы күнге қалай жеттік осыны бала-бақшадағы баладан, қарияға дейін түсініп, сезінбей жүрегімізде тәуелсіздікке деген ізгілік болмайды.
– Қазақстан Тәуелсіздігін ресми жариялаған күнді есіңізге түсіре аласыз ба?
– Кейде Тәуелсіздік бізге ойламаған жерден кездейсоқ келді деген пікірлерді де естіп қалып жатамыз. Олай емес. Бұл тарихи ситуация, тарихи кезең. Әрнәрсенің себебі, салдары болады. Әрине, тәуелсіздік алғанымызды естігенде кеудемізді қуаныш кернеді. Дегенмен өз басым ақын ретінде әуелсіздікті парасаттылықпен, ақылмен, зердемен қабылдадым. Тәубе, шүкір, қанағат дедік!
Ал қазір осы 25 жылдық ішінде не тындырдық деген сұраққа ылғи да ойланып жүремін. Әрине, саяси-экономикалық, мәдени салаларда атқарылып жатқан істер, жетістіктер жоқ емес, дегенмен халықтың материалдық жағдайы мен рухани дүниесі тең болуы керек. Тек сонда ғана біз толыққанды тәуелсіз ел боламыз, сонда ғана бізде ұлтжандылық, елге деген сүйңспеншілік, патриоттық сезім деген ұғымдардың мәртебесі биіктейді. Әл-ауқатымыз күшті болып, рухани дүниеміз ақсап жатса, бұл үлкен кемшілік болар еді. Ең бастысы таным-түсінігіміз биік болса, күнкөріс келе-келе жақсарады. Өйткені біз қазақ деген ниетіміз жақсы, көпшіл, кең халықпыз ғой.
– Алматының 1000 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді мерейлі мерекелерді бірінен кейін бірін атап өтіп жатырмыз ғой. Осылайша біз өзгелерге халқымыздың тамыры тереңде екенін ділелдей аламыз ба?
– Алматы қаласының әкімдігі игі істер атқаруға әрекеттер жасап жатыр. 2,5 миллион халқы бар мегаполисті басқару оңай емес. Сондықтан қала басшылығы зиялы қауыммен жиірек кездесіп, ой-пікірлерін біліп отыруы керек деп есептеймін.
Ал Алматы қаласы әкімдігінің қаланы көркейтуге атқарып жатқан істерін құптаймын. Әкімдік әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге атқарылып жатқан істердің барлығына қолдау білдіріп отырады. .
Мен Алматыны ерекше жақсы көремін. Өзімнің өскен жерім, азамат болып қалыптасқан жерім Шымкент болса да, мен үшін Алматының орны бөлек. Алатаудың баурайындағы әсем қала бізге Алланың берген сыйы ғой. Қазақ деген халықтың маңдайына біткен рухани астанамыз. Сұлу қаламызға бір кездері бей-берекет құрылыс нысандары салынып, сәулетін, архитектуралық ажарын аздап бұзып алған едік Соңғы жылдары қаламыздың әрі қайта кіре бастады. Биыл 1000 жылдығын тойлап жатырмыз ғой. Дегенмен біздің тарихшыларымыз әлі де Алматының тарихының терең екеніне бұлтартпайтын дәлелдер келтіріп, зерттей түсу керек деп санаймын. Біздің қаламыздың сан ғасырлық тарихы бар екеніне ешкім шек келтірмейтіндей болуы керек. Дәл сол секілді қазақ хандығының құрылу кезеңін де тарихшыларымыз, шежірешілеріміз тереңнен тарқатып, әлі де іздене түссе екен деген тілегім бар. Ел іргесі аман, еліміздің мерейі үстем болсын!
– Сұқбатыңызға рахмет!
Алаш айнасы