Іздеушісі жоқ таланттардың обалы кімнің мойнында?

 Іздеушісі жоқ таланттардың обалы кімнің мойнында?

Кең байтақ Отанымыздың қай түкпіріне барсаң да, сол жердің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналған, бүкіл халықтың сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласына бөленген айрықша жандар болады. Бүгінгі жас ұрпақ соларға еліктеп өседі, солардың өнегелі де өркенді істерінен ғибрат алады. Елін, жерін сүюді солардан үйренеді. Патриоттық тәрбие, отансүйгіштік сезім сияқты жақсы қасиеттер осылай қалыптасса керек. Ал егер әлгіндей абзал жандарға немқұрайдылықпен қарап, олардың қастерлі есімдерін ел есінде қалдыру мақсатында ештеңе де тындырылмаса ше? Ондай жерде өскелең ұрпақты жаңағыдай патриоттық тәрбие беру туралы сөз қозғаудың өзі артық екендігі түсінікті шығар. «Ұлым деп іздейтін елі болмаса, елім деп іздейтін ұл қайдан шығады?» деген осындай жайттан туындаған болар. Осындайда мына қазағы «арпа ішінде бір бидай секілді» солтүстік өңірде өнер адамдарына қамқорлық қандай дәрежеде деген саула туындайды.
Ашығын айтқанда, бізде өнер адамдарына деген қамқорлық жайлы сөз қозғаудың өзі ұят. Бөтен жерлерге барғанда осы сауал алдымыздан шыға ма деп үнемі қуыстанып отырғанымыз. «Оу, сендерде атақты айтыскер ақын, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бар емес пе еді? Соның жайы қалай?» десе, немесе «Нағашыбай ақындарыңыз (Мұқатовты айтады) көрінбей кетті ғой» деп қалса не бетімізді айтамыз деп үнемі үрей үстінде жүреміз. Өйткені жауабына келгенде аузымызды құр шөппен сүрткеннен басқа, амалымыз қалмайды.
Бұл біздегі биліктің бойына біткен, содан әлі күнге дейін арыла алмай жүрген сыралғы сырқаты ма деп қаламын. Өнер адамдарын өгейсіту—облысымыздың басшыларының бір-біріне асыл аманаттай етіп тапсырып кететін «мәңгілік басқару мұрасы» секілді. Басқасын білмеймін, соңғы қырық жыл ішінде облысымызға ерен еңбегі сіңді ғой дейтін не ақынына, не жазушысына, не әртісіне, не журналисіне былайғы жұрт риза болатындай құрмет көрсетіліпті, болмаса ел «е,бәсе» дейтіндей бір бұйымтайын немесе мұқтажын өтеп жіберіпті» дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Өзімізден шыққан әкім болсын, не өзге жақтан әкеліп, жайлы орынтаққа қонжитқаны болсын, осы дәстүрден ауытқығаны шамалы. Осындайда мына көршіміз—Қызылжарға азғантай уақыт әкім болған Тайыр Мансұровтың өз жерінде сорлап жүрген қазақ журналистеріне жасап кеткен жақсылығын естігенде, немесе Мұхтар Құл-Мүхаммедтің Қызылорданың тізгінін үстағанда сондағы ақын-жазушылардың еңбегін жинап 100 кітап шығарып кеткендігіне құлағдар болғанда, әйтпесе Иманғали Тасмағанбетовтың Алматы мен Астана шаһарларында жазушылар қауымының алғысына бөленгендігін өзгелер жыр қылып айтқанда «Ойпырай, бізге де осындай өнерге деген ықыласы ерекше әкім бұйырар ма екен?» деген қызғаныштың қызыл иті қайта-қайта қыңсылайтындығы бар.
Жә, әңгімен әріректен басталық. Біз мектепте оқып жүрген 60-шы жылдары атақты классик жазушыларымыз—Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов «Қостанай облысының Преснегорьков ауданында туған» деп білетінбіз. Кейін аяқ астынан осына қасиетті де киелі өңір Солтүстік Қазақстан облысына қарап кетендігін естігенде айран-асыр болғандығымыз рас. «Бақсақ-бақа екен» дегендей бұған осы қос асылымызды облысымызды 20 жылдан астам билеген Михайл Бородин деген мықтының астамшылық әрекеті себеп болса керек. Ал енді сол Бородинге Қостанай қаласының қақ ортасынанан даңғарадай көше беріп, ол аз дегендей бұл көшені кереметтей етіп құлпыртып қойдық.
Жұптары жазылмаған үш арыс—Ильяс, Сәкен мен Бейімбеттің тарихтан ойып алған орындары да бірдей екендігі баршаға аян. Ильяс пен Сәкеннің мұраларының насихатталуы ешкімнен де кенде емес. Алайда Би-ағаңның біз үшін орыны бөлек, мәртебесі айрықша екендігі тағы да даусыз. Ол кісінің атындағы мұражайдың Алматы мен Талдықорған секілді қалаларда ашылғандығы, сондағы оқырман қауымның ыстық ықыласын бөленіп жүргендігі біз үшін зор қуаныш екендігін де жасыра алмаймыз. Сөйте тұра өзіміздің Би-ағаңның туған топырағында, облыс орталығында үлкен бір мұражайының болмауы жүрегімізді жаралы етіп жүргендігін де айтпай кете алмаймыз. Бұл мәселені кезінде, Би-ағаңның мұрасын зертеп жүрген алматылық Тоқтар Бейісқұлов ағамыз бен ақтөбелік Серікқали Байменшин талай көтерді. Бір өкініштісі, ол «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалды. Оқырман тілегін, ғалымдардың зарын еститін құлақ болмады.
Қостанайдың түлегі екендігін бүкіл қазақ білетін, кезінде қазақ кино және сахна өнеріне қосқан аса сүбелі үлесі үшін сол кездегі ең жоғары мәртебе—Социалистік Еңбек Ері атағын алған арысымыз Серке Қожамқұловтың аты бұл жерде мүлдем ауызға алынбайды десе де болады. Сірә, бұл сахна саңлағының есімі Бородин секілді «алыптардың» қасында тұруға жарамаса керек. Қысқасы, Қожамқұловтың қадіріне жетпегенімізбен ана Бородинді басымызға көтеріп жүрміз. Шындық осы.
Облысымыздың тағы бір атақты түлегі, аса талантты мүсінші Кәкімжан Наурызбаев ағамыз елінің ыстық ықыласы мен жүрек жылуына бөлене алмай дүниеден өтті. Кезінде еліміздің еңсесін көтерген, халқымыздың біртуар ұлдары—Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Шоқанға тамаша ескерткіш орнатқан, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсіншісінің туған өлкесінде не көшесі, не мұражайы жоқ. «Әттең,-- дейсің осындайда,--сол талантты дер кезінде елеп-ескеріп, қаламыздың сәнін келтіретін ескерткіштерге тапсырыс бергенде, қаланың нақ ортасында шәлтиіп тұрған неше түрлі Напольон, Чаплин, Жанна д.Аркттерден құтылар ма едік, кім білсін».
Білетіндердің айтуына қарағанда бұл ағамыздың жасы келіп қартайған шағында осындағы билік басындағыларға «Елге келсем деп едім, «жаман айтпай жақсы жоқ» күндердің күнініде олай-былай болып кетсем, сүйегім туған жерде қалсын» деп Қостанайдан бір бөлме ғана сұрапты деседі. Би-ағаңды бөтенсіген шенеуніктер Кәкеңді қайтсын, «әзірге сізге беретін үйіміз жоқ» деп бір-ақ кесіпті.
Билік сыйламаса да халық алақанына салып аялайтын, үнемі мақтан етіп айтып жүретін ұлының—Қазақ ССР-інің халық суретшісі, еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кәкімжан Наурызбаев келесі жылы 90 жасқа толады екен.
Тағы бір талант, кезінде «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өзі өнеріне табынған Әбілахат Еспаев пен даңқты композитор Бақытжан Байқадамовтың да осы өз өлкеміздің тумасы екендігін біреу білсе, біреу білмес. Алайда бұл екеуі де кіндік қаны тамған жерінде лайықты бағасын ала алмай келеді. Өзгесін былай қойғанда, мұндағы мәдениеттің тізгінін ұстағандар осы екеуінің ең болмаса ән кештерін өткізуге де құлқы жоқ. Дұрысы ниет жоқ шығар.
Жарайды, «көзден кетсе, көңілден ұмыт» дегендей о дүниелік болып кеткендердің рухына немқұрайды қарайтындарға бірдеңені айтып түсіндіру қиын шығар. Алайда көзі тірі таланттарымызды да дұрыс бағалай алмай жүр емеспіз бе? Кезінде тәп-тәуір даусымен елге танылып қалған Айжан Нұрмұхамедова деген әдемі қарындасымыз бар еді. Қазір де, құдайға шүкір, тұғырдан тайып отырған жоқ. Ән дүниесінде өзіндік орны бар. Ал сол қарындасымыз туған жерге ат ізін салмайды десе де болады. Неге? Өйткені «туған жерінің атын шығарып жүр ғой» деп ол келгенде емін-жарқын қарсы алып, төрге отырғызып жүрген адам жоқ. «Әркім сыйлағанның құлы», теріс қабақ танытқан жерге кім жоласын. Ренішін бірде осында келгенде айтып та қалды. «Мені мұнда емес, анау жолдасымның туған өлкесі—Қызылордада Мәдина Ералиевадан кем сыйламайды»--деп сахнада ағынан жарылғаны бар.
Әрине, облысымызда өнер адамдарын есте қалдыру бағытында ештеңе де тындырылып отырған жоқ десек, шындыққа қиянат жасаған болармыз. Таланты ақынымыз Ғафу Қайырбеков атындағы көше мен мектеп бар. Дәл осындай құрмет Сырбай Мәуленовке де көрсетілген. Алайда бұлардың соңында іздейтін адамдары бар. Ғафекеңнің есімін есте сақтауда ол кісінің жары Бәдеш апайдың сіңірген еңбегі бір төбе. Сырағаңның Болат атты баласының да тындырымды ісінің өзі де өз алдына үлкен бір әңгіме.
Ал артында сұрау салып, іздеушісі жоқ таланттардың обалы кімнің мойнында?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста