Кәкімжан Қазыбаевтың фотосуреттер көрмесі ашылды
Мамырдың 10-ында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 80 жыл толды. Соған орай Д.Қонаевтың Алматыдағы мұражайында К.Қазыбаев өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін фотосуреттер көрмесі ашылды.
Сенбі күні осы көрменің ашылу рәсімі өтіп, оған Кәкімжан Қазыбаевтың замандастары мен қызметтестері және мектеп оқушылары қатысты. Көрменің ашылу рәсімінде сөз алғандар қайраткердің өмір жолы мен атқарған қызметтеріне тоқталды. Қоғам қайраткері, кезінде Жоғарғы Кеңес Президиумының хатшысы болған, Алматы және Талдықорған облыстық партия комитеттерінде әртүрлі дәрежедегі хатшылық қызметін атқарған, Мемлекетттік мұрағатты басқарған Бижамал Рамазанова өз сөзінде қайраткер ұлағаты жайында баяндады. Ал қайраткер замандастарының бірі Ізбасар Балтағұлов Кәкімжан Қазыбаевтың қайраткерлік тұлғасы жайында айтып берді.
Сонымен қатар Д.Қонаев мұражайының қызметкерлері жиналғандарды Кәкімжан Қазыбаевтың 80 жылдығына арналған фотосурет көрмесімен таныстырып өтті.
Бұл көрме екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде Кәкеңнің қызмет ортасы қамтылған. Мұнда К.Қазыбаевтың ресми тұлғалармен түскен және қызмет бабындағы суреттері топтастырылған. Ал екінші бөлімде қайраткердің отбасы ошақ қасындағы суреттері шоғырланған. Бұл көрменің бейресми бөлімі болып табылады. Онда К.Қазыбаевтың демалыс сәттері, жанұя ортасындағы кездері бейнеленген.
Көрменің ашылу рәсімінен кейін Кәкімжан Қазыбаевтың Әбдеш Қалмырзаев және Күмісжан Өмірбаева бастатқан замандастары мен көзкөргендері оны еске алып, естеліктер айтып берді.
Кәкімжан Қазыбаев көптеген мақалалар, очерктермен қоса, көркем әдеби және публицистикалық туындыларға қалам сілтеді. «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестері шықты. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазды.
Ал биыл мамыр айының 23-інде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 11-де К.Қазыбаевтың 80 жылдығы салтанатты түрде аталып өтілмекші. Сол қарсаңда Д.Қонаев мұражайында ұйымдастырылып жатқан фотосуреттер көрмесінің тарихи-мұрағаттық маңызы да ерекше.
Өмірдерек
Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы мамырдың 10-ында қазіргі Алматы облысының Сарқан ауданындағы Ағарту кеңшарында, қазіргі Кәкімжан Қазыбай ауылында дүниеге келді. ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1952 жылы үздік тамамдаған ол шығармашылық ғұмырын республикалық «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкерлігінен бастап, өз кәсібінің жоғары деңгейіне жеткендігінің арқасында осы газеттің жауапты хатшысы, кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерудегі біліктілігі мен парасаттылығы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы қызметін атқаруға мүмкіндік берді. 1972 жылы ол Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ал 1974 жылы республика Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпарат агенттігінің (ҚазТАГ) директоры болып тағайындалды. Сол жылы республика Үкіметінің құрамына енгізілді. 1982 жылы Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланды. ҚКП ОК Бюро мүшесі болды. Қайраткердің қарымды қызмет атқарған жылдары да осы аралық болып табылады. Республикалық телеарнада алғаш рет «Айтыс» сынды хабарлар көрерменге жол тартып, ЮНЕСКО көлемінде Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы аталып өткенде соның басы-қасында Кәкең жүретін. Ол 1986 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметін атқарды.