Капитан Врунгель Ленинді тағынан түсірді

Қызылжар көшелерінің бірінде қолын көкке көтеріп, қарыштай адымдап келе жатқан «Күн көсемнің» ескерткіші Кеңес өкіметінің келмеске кеткен елесін еріксіз еске түсіріп тұратын. Жуырда мүсін алынып тасталды. Енді оның орнын мультфильм кейіпкері капитан Врунгельдің ескерткіші басады. 1976-79 жылдар аралығында түсірілген орыс мультсериалының басты кейіпкерін бүлдіршін түгіл, ересектердің бірі білсе, бірі біле бермес. Оның жанында қазақтың Алдаркөсесін кез келген бала таниды.
«Қала құрылысы кеңесіне мүсінші Константин Чайкадан саябақтардың бірінде капитан Врунгельдің композициясын орналастыру жайлы ұсыныс түсті. Мүсін қалада салынып жатқан аквапарк тақырыбына сай келетіндіктен, ол бірден қолдау тапты», – дейді сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Марина Байсалбаева. Жас ұрпақ – ұлт, ел болашағы. Өзіміз қазақ бола алмай жатқанда, балаларға қайдағы бір орыс мультфильмінің кейіпкерін дәріптегеніміз қай сасқанымыз? Қалалық әкімдікте композицияның ашылатын күні де белгіленіп қойған: 20 тамыз.
Ал Лениннің мүсіні болса «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қоймаларының біріне жеткізілді. Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, ол қайта орнатылады. Тек орнын белгілеу үшін тұрғындардың ұсынысы керек. Сонда біреу келіп, Ленинді Қазақстан Конституциясы көшесіне орналастыру керек десе, оны да қабылдай салмақпыз ба?





