Кәсіби мерекені олжалы қарсы алып отырмыз
«Алаш айнасы» газетінің жарық көре бастағанына ертең, яғни журналистердің кәсіби мерекесі күні, артық-кемі жоқ бес ай толады. Қаңтардың 28-і газетіміздің оқырманымен тұңғыш қауышқан күні болатын. Сондықтан да бұл жолы кәсіби мерекенің жөні бөлек болып тұр.
Кеше Алматыда Қазақстанның Журналистер одағы қоғамның өткір мәселелерін талқылап, өзекті ой айтып жүрген бір топ БАҚ өкілдерін дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапаттады. Осы жолы көп жылдан бері ақпарат майданының қас-қағым сәттерін қалт жібермей, баспасөз бетін сапалы бейнелермен көркемдеп жүрген, ұлтжанды фототілші, «Алаш айнасы» газетінің қызметкері Нұрғиса Елеубеков «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің Рахымбай Ханалы атындағы сыйлығын жеңіп алды. Бұдан біраз бұрын әріптесіміз Алмат Исәділ «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының арнайы дипломы мен сыйлығына ие болғандығын да атап өткеніміз жөн. Газетіміздің жартыжылдығына тұспа-тұс келіп отырған мерекеде астаналық тілшілер де олжалы болды. Астана бюросы журналистерінің барлығы дерлік түрлі марапатқа лайық деп танылды. Атап айтқанда, заң шығару қызметін жазып көрсетуде белсенді атсалысып келе жатқаны үшін газетіміздің Астана филиалының жетекшісі Жандос Бәделұлы, елдің қоғамдық-саяси өмірін халыққа жеткізуде Бүркіт Нұрасыл, баспасөздегі жемісті еңбегі үшін Салтан Сәкен арнайы марапатқа ие болды. Ал Мұрат Алмасбекұлының қанжығасында екі бірдей олжа бар: біріншісі ана тіліміздің абыройын асқақтатып, қалың оқырманға кеңінен насихаттағаны үшін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының Алғыс хаты болса, екіншісі – Қазақстан баспасөзінің дамуына қосқан үлесін ескере отырып, Журналистер одағы табыс еткен Құрмет грамотасы.
Біз әріптестерімізді жеткен жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық табыс, қияға самғар талмас қанат тілейміз!
Қаламын қару еткен журналистер әрқашан қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтерумен, азаматтарға елде және әлемде болып жатқан түрлі оқиғаларды жеткізумен талмай еңбектеніп келеді. «Біз ақпарат майданында жебелі найзасымен арпалысып жүрген әріптестеріміздің еңбегін бағалап, оларға бүгінгі жүлделерді табыс еткелі отырмыз. Бұл сыйлықтарымыз олардың әрі қарай шыңдалып, Қазақстанның ақпарат алаңын кеңейтуіне серпін береді деп ойлаймыз», – дейді Қазақстан Журналистер одағының президенті Сейітқазы Матаев. Биыл республика көлемінде өткен шығармашылық байқауда топ жарған журналистер он аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында аймақтан бақ сынап, бәйге иеленген қалам иелері де бар. Соның ішінде қазақ тілі, қазақ мәдениеті тақырыбына қалам тартып жүрген, осы додада «ізденіс материалы» аталымын жеңіп алған «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Атсалим Едиговтың есімін атап кетуге болады. «Мен қазақ ортасында өскендіктен маған осы ұлттың тарихы, тілі аса қымбат. Кейбір өзге ұлттың өкілдері «Қазақстан – менің екінші отаным» дейді, бұл дұрыс емес. Адам қай жерде туып-өсті, сол жерді Отаны санауы қажет. Қазақстандағы барлық азаматтар ұлтына, дініне қарамастан қазақ тілін дамытуға үлес қосуы керек. Менің осы еңбегімді бағалап жатқан азаматтарға айтар алғысым шексіз», – дейді ол. Сондай-ақ осы байқау бойынша Қазақстан Журналистер одағының 50 жылдығына орай 16 тілшіге «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілсе, бірнеше БАҚ ұжымына арнайы диплом табыс етілді.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының 2009 жылғы иегерлері:
1. Насибжон Амонбоев – Қазақстандағы «Азаттық радиосының» тәжік қызметінің тілшісі;
2. Вадим Васильченко – «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігінің астаналық тілшілер қосынының меңгерушісі;
3. Қарлығаш Бисалиева – «Хабар-Жер» бағдарламасының продюсері;
4. Бейбітбек Бүркітбайұлы – «Қазақстан – ZAMAN» газетінің тілшісі;
5. Таңатар Дәрелов – «Серпер» Құрманғазы аудандық газетінің редакторы;
6. Сапа Мекебаев – «Время» газетінің шолушысы;
7. Бекен Қайратұлы – «Астана ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі;
8. Дилярам Аркин – ҚазТаг халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі;
9. Александра Мыскина – «Караван» газетінің жаңалықтар қызметінің меңгерушісі;
10. Атсалим Едигов – «Огни Алатау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары;
11. Әлипа Өтешева – «Бәйтерек» журналындағы «Қазақ тілі сабақтары» материалдар топтамасының авторы;
12. Данияр Әшімбаев, Виталий Хлюпин – «Қазақстан: билік тарихы. Қайта құрастыру тәжірибесі» кітабының авторлары;
13. Евгений Дробязко – «КТК» телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі;
14. Күлімхан Хасенова, Қанат Есенаманов – «МИР» телеарнасының бас редакторы және бас режиссеры;
15. Николай Постников, Бақыт Қайырбеков – «Ішкі көзқарас: Қазақстан фотограф пен ақынның көзімен» атты фотоальбомды жасақтаушылар;
16. Бақтияр Тайжан – «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі;
17. Юрий Лифинцев – «Казахстанская правда» газетінің спорт шолушысы;
18. Асқар Әукенов – «Панорама» газеті бас редакторының орынбасары;
19. Қонысбек Ботбай – «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының президенті.