Кәсіпті нәсіп еткен жұлдыздар...
Шоу-бизнес әлемінде танымал адамдардың арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өзінің ісін дөңгелетіп отырғандары да бар. Жеке студия, продюсерлік орталық секілді шоу-бизнеске қатысты дүниелерден бөлек мейрамхана бизнесі, дизайнерлік киімдер, ұлттық ойыншықтар шығарумен қаржы тауып жүрген «жұлдыздардың» табысы қандай, олардың жеке бизнесі қаншалықты пайда әкеледі? «Алаш айнасы» жұлдыздардың бизнесі туралы дерек жинап көрді.
Негізінен жеке кәсіпкерлікпен айналысуда әлемдік жұлдыздардың жеткен жетістігі біраз адамға үлгі боларлықтай. Айталық атақты актриса, екі баланың анасы Джесика Альба экологиялық таза, зиянсыз жөргек шығаратын компанияның негізін қалаған болатын. Honest Company атты маркамен шығарылған кішкентай бөбектерге арналған жөргектерді шығарудағы мақсат – балалардың денсаулығына зиянды химиялық заттарды пайдаланбау. Сондай-ақ аты әлемге әйгілі актер Бред Питт жиһаз өндірісімен айналысады екен. Ол өзінің Франко Полларо атты әріптесімен бірге Pitt-Pollar жиһаз коллекциясын ұсынады. Олар негізінен үстелдер, барға арналған орындықтар, кресло, жатын бөлмеге арналған жиһаздар жасайды.
Ал Ресейдің танымал жұлдыздарының арасында белгілі қоғам қайраткері, жеке кәсіпкер Ксения Собчак Мәскеуде «Бублик» атты дәмхана ашқан екен. Бұл жобаға Собчак 17 миллион рубль жұмсаған. Бизнес-леди болашақта осы дәмхананы үлкен желіге айналдыруды көздеп отырған көрінеді.
Ресейдің примадоннасы Алла Пугачеваның өз қаржысы өзіне жететін болса да, ол Мәскеу ориталығынан дарынды балаларға арналған элиталы музыкалық мектеп ашқан. Ол осы мектептің көркемдік жетекшісі. Сондай-ақ Алла Пугачева біраз жылдан бері аяқ киім бизнесімен де айналысып келеді. Ол 1996 жылдан бері «Эконика» фирмасымен келісімшарт жасасып, әйелдердің аяқ-киім брендіне өз атын берген. Бүгінде Alla Pugachova аяқ киімдері үлкен сұранысқа ие.
Ресей шоу-бизнесінің тағы бір өкілі, белгілі әнші Лариса Долина біраз уақыт француз иіссуымен бизнес жасап көрді. Лариса Долина деп аталған иіссу неге екені белгісіз аса сұранысқа ие бола алмапты. Осы бизнеске Лариса қыруар қаржы жұмсағаны деседі. Алайда кәсібі сәтсіз болған.
Ал енді өзіміздің отандық жұлдыздардың кәсібі туралы айтайық. Бүгінде мейрамхана бизнесін жақсы жолға қойып алған әншілердің бірі Ерлан Көкеев. Бұрынғы «АБК» тобының солисі «Ретро шлягер» мейрамханасын Алматы қаласында ашып, 5 жылдай сәтті жұмыс істеді. Қазір Ерлан мырза мейрамханасын Астана қаласында ашу үшін елордаға отбасымен қоныс аударған.
Тағы бір танымал кәсіпкерлердің бірі – Қыдырәлі Болманов. Атақты продюсер 2011 жылы Bal-Balа атты брендпен интерактивті ұлттық ойыншықтар шығара бастаған болатын. Болманов мырзаның ойыншықтарды құрастыратын өндіріс орны Алматы қаласында орналасқан. Онда 17 түрлі ойыншық өндіріледі: 11 жұмсақ ойыншық, 4 авторлық, қалған екеуі Азиада-2011 додасына арнайы тапсырыспен шығарылған ойыншықтар. Продюсердің қолынан шыққан ойыншықтар қазақша сөйлейді, өлең айтады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жобаға 1 млн.доллар қаржы салынған.
Еліміздегі ең іскер нәзікжандылардың бірі – Баян Есентаева. Қандай істі қолға алса да сәтті етуге тырысатын және пайда түсіре білетін Баян ханым басшылық ететін Shine продюсерлік орталығының табысы жаман емес. Алайда Есентаева өзінің іскерлігінің арқасында былтырғы жылы белгілі продюсер Эрик Тастамбековпен бірлесіп Central аты кофейня ашқанын жариялаған болатын. Бүгінде Алматыдағы осы бір кофейняда алматылықтар әдемі кештерін өткізеді.
Баян ханымнан Дилиназ Ахмадиева да қалыспайды. Әнші құрған Embassy of Art продюсерлік орталығы түрлі жобалармен, соның ішінде қайырымдылық шараларымен айналысады екен.
Қазақ шоу-бизнесінің төрінен орын алған Қайрат Нұртастың тек әндері хит болады деп ойласаңыз қателесесіз. Қайратқа еліктейтін жастар Қайрат Нұртас брендімен шығарылған киімдерге де аса қызығушылық танытады. Былтырғы жылы танымал әнші өз атымен аталатын киім брендін шығарған болатын. Қайрат Нұртастың фирмалық бутиктерін Алматы, Астана қалаларында орналасқан үлкен сауда орталықтарынан табуға болады. Бұл бутиктерде ерлерге, әйелдерге арналған киімдер, аяқ киімдер, сөмкелер де бар.