Келесі жылы көрермендерге «Лотерея» фильмі ұсынылады
Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен белгілі режиссер Дамир Манабайдың «Лотерея» деп аталатын картинасының түсірілімі журналистерге таныстырылды.
Картинаны түсіру 2011 жылдың басынан басталды. Фильм көрермендерге келесі жылы жол тартады. Кино екі ай бойы Талдықорғанда Алдаберген ауылында түсірілді. Киноның авторларының бірі – белгілі драматург Дулат Исабеков. Негізгі идея оның «Сен есейгенде» деп аталатын шығармасынан алынды. Картинаның бас кейіпкері – интернатта тұратын 13 жастағы бала. Оның ешқандай туған-туысқандары болмайды. «Ол бірде лотерея билетінен «Волга» көлігін ұтып алады. Осыдан кейін оның туған-туысқандары көбейіп, әлгі билетке талас басталады», – дейді Д.Манабай. Фильмде басты кейіпкерлердің рөлінде Жасұлан Дінамжан ойнайды. Сондай-ақ Гюль Зиятова, Ерболат Төлегенов, Дана Тұтарбек сынды әртістердің шеберлігін тамашалауға болады.