Кеңес Дүйсекеев: "Сазгер" деген сөз намысыма тиедi...
«Сазгер деген сөз намысыма тиеді. Композитор мен сазгердің айырмашылығын көпшілігі ескере бермейді», деді белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған кездесуде. Бұл туралы «Астана ақшамы» газетінде жазылды.
- «Далаға шығып таяқ лақтырсаң, композиторсымаққа тиеді. «До» мен «ре»-нің арасына таксимен барып келетін адамдар көбейіп кетті» деп 1979 жылы қазақтың өте талантты композиторы марқұм Әбілахат Еспаев маған бір айтып еді. Сол сөздің нағыз көкесін енді көріп жүрміз: қалтасын толтырып, талтаңдап студияға барады, екі нотаның басын қоса алмай, ыңылдаған бірдеңесін жаздырады. Ақшасын төлеп, әншіге айтқызады. Бір-екі рет эфирден көрініп, «мен композитормын» деп көкірек керетін жігіттер толып жүр. Өкініштісі, тек жігіттер ғана емес.
Ал, композитор деген... Мысалы, «Сазгер» деген сөз намысыма тиеді. Сазгерлер - арнайы композиторлық білім алмай, ыңылдап ән шығаратындар. Кеңес өкіметінің тұсында оларды әуесқой дейтін. Композитор латынның «compositor» - құрастырушы деген сөзінен шыққан. Әнді бастан-аяқ оранжировкасына дейін өзім дайындаймын. Осы композитор мен сазгердің айырмашылығын көпшілігі ескере бермейді, - деді Кеңес Дүйсекеев.