Кердері өмірі деректі фильмге арқау болды

Ақтөбе облысында қазақтың белгілі ақыны Әбубәкір Кердерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертетін деректі фильм түсіріліп жатыр. Елордалық «Интисар-2010» кинокомпаниясының XIX ғасырдың дүлділ өнер иесіне арнаған жарты сағаттық картинасы жыл соңында еліміз түгіл, көршілес мемлекеттерде де көрсетілетін болады. Туындының қоюшы режиссері Асқар Әшімовтің бізге айтуынша, фильмде тек қана тарихи маңызы бар оқиғаларға баса мән беріліп, мерейтой иесінің саналы ғұмыры қамтылмақ.
Биыл 150 жылдығы тойланатын өнер иесі жөнінде тұңғыш деректі фильмге түсіру жұмыстары Астана, Тараз, Түркістан, Ақтау секілді қалаларда өтіп, қазір ақынның туған өңірі – Ақтөбе облысының Алға ауданында жалғасын тапты. Астаналық киногерлер киіз үй, ою-өрнекке толы текемет пен қазақы киімдер секілді ұлттық құндылықтарымыздың кадрге енуіне ерекше назар аударған. Кинодағы барлық кейіпкерлерді сомдауға жергілікті актерлар таңдалыпты. Ұйымдастырушылар бұл арқылы жас таланттарға әрі кино өнеріне жолдама беріп, әрі оларға танымалдылық сыйлауды қалағандарын жеткізеді. Ал ғұмырбаяндық картинаның мазмұнына келсек, ақынның қой бағып, оқу-білім үйренген бала кезінен бастап, өмірден өткенге дейінгі жылдар негізге алынған. Әбубәкір Кердеріге арналған туынды жыл соңына қарай «Хабар», «Қазақстан» мен «Асыл арна» телеарналары арқылы қазақстандықтар назарына ұсынылмақшы.
Асқар Әшімов, қоюшы режиссер:
– Кино саласындағы азаматтар мен жергілікті билік өкілдері, негізінен, жаңа тарих туралы кино түсіруге құмар. Рас, мұның да маңызы жоғары, бірақ бірнеше ғасыр бұрын тіршілік кешкен ғұламаларымызды да ұмытпау керек секілді. Мұның өскелең ұрпаққа да пайдасы мол. Сондықтан «сегіз қырлы, бір сырлы» Әбубәкір жайында түсірілген деректі фильмді көрермен қауым жылы қабылдайды деген үміттемін.





