Керекудің өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлейді
Ертістің Павлодар өңіріндегі мектептерде 600 өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде білім алуда. Сонымен қатар облыстағы балабақшаларда 1600 ұл-қыз және 500 студент білім нәрімен қазақша сусындауда. Бұл туралы аймақ басшысы Ерлан Арын өзге ұлт өкілдері отбасыларымен жүздескен кезде айтты.
Кереку – 130-дан астам ұлт өкілінің құтты мекеніне айналған шаңырақ. Айта кетерлігі, өңірімізде еліміз бойынша алғашқы «Достық үйі» ашылған болатын. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойған. Аталмыш жиынға облыстың түкпір-түкпірінен қазақ тілін жетік білетін 13 шаңырақ бас қосып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Виктория НИКОЛАЕВА, Екібастұз қаласының тұрғыны:
– Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде солақай саясаттың құрбанына айналып, Қазақстанға қоныстанған түрлі ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі бесікке айналды. Біз де осындай отбасының біріміз. Өз жұртым – орыс, қайың жұртым – татар. Бірақ соған қарамастан, қазақ тілін жатсынбай, көркемдігін бір адамдай сезінеміз.