Керім-ау айдай, кермаралдай...
Ауылдан 11 жыл бірге оқыған кластасс қыз келген. Сол мен бір аспанды тіреп тұрғандай жұмыс тауып бер дейді. Тауып бердім. Бірақ ешқайсысының реті келмейді. Біреуін істей алмайды, енді біреуін істегісі келмейді. Қалаған уақытында барып, қалаған уақытында кетіп қалатын оңай жұмыс керек екен. Және табысы жақсы болса дейді. Айналайын-ау, ондай жұмыс болса өзім-ақ істер едім ғой. Содан ойланып отырып әнші бола салшы дедім... Аз-кем даусы мен бірқарарлық түрі бар еді. Содан кейінгі әңгіме-жоспар былай өрбіді.
***
Кәуменоваға көйлек тіктіреміз. Кенжебекке шашыңды жасатамыз. Ұлықпан Жолдасовтан бір ән, Нұрлан Еспановтан бір ән аламыз. Сөзін Талантқа айтып жазғызамыз. Жоқ, қазір Ринаттың сөздері өтімді. Мейлі екеуінің біреуі. Аранжировкасын Арман Бексұлтанға жасатамыз. Әнді "Мұзарттың" студиясында жаздырамыз. Клипті Өзбекстанда түсіреміз. Клип дайын болғанға дейін "Саз әлеміне" қатысып, үшінші орын алуымыз керек. Әрине, "жаңа есім" айдарымен "Жұлдыздар отбасына" сұхбат беруіміз керек. Так сен дұрыс сұхбат бере алмайсың. Сұхбатты мен бере саламын. Жоқ, сен журналистке айт, "сіз маған сұрақтарыңызды жіберіңіз, мен сізге жазып берейін" де. Қалғанын өзім қатырамын. Сұхбат ерекше болуы керек. Сонда оқыған адамның есінде қалып кетесің. Сұхбат қай жағынан ерекше болу керек? Тааак... Былай істейміз. Қазір екінің бірі "өнер нағашы жұртымнан қонған, өз жұртым да құр қол емес, апам марқұм жиын-тойларда суырып салып ән айта берген екен, атам домбыра шерткен" деп жауап бере береді. Сен де солай істесең, көптің бірі болып қаласың. Сен олай етпеуге тиіссің. Сен "менің нағашы жұртым да, өз жұртым да өнерлі адамдар емес. Ваще та біздің әулетте өнерлі адам болмаған" деп жауап беру керексің. Сонда ерекшелеу болады. "Өнер маған ғарыштан бір тылсым күш арқылы" берілген деу керек шығар мүмкін. Жарайды, оны сол кезде көрерміз. Сосын жұрттар құсап "мектеп кезінен бастап үйірмелерге қатысқам, барлық кештерде ән салатынмын" дегеннің де қажеті жоқ. Бұған да кері жауап берілуі керек.
Ән сөздеріне де назар аударуға тиіспіз. Біз өзі лирик халықпыз. Аянышты, зарлы ән өтімді. Өзі жылап жүрген халық өз қайғысы аздай біреудің мұңын арқалағысы келіп тұрады. Осы ескерілуі керек. "Көз жасым көлден асып, теңіз болды, Кемесін махаббаттың жүздірейік" деген сияқты жолдар табуға тиіспіз. "Сен емес, ән екен ғой жан емдеген, Кездессең, сүйгенімді дәлелдер ем. Сен мені тастап кеткен күннен бастап, Басқаша қарап жүрмін әлемге мен" деген сияқты тағдырлы жолдар керек. Жарайды, Талант өзі табады. Бірінші ән осылай болуы керек. Ал екінші ән қайғырып шаршап жүрген халықты серпілту керек. "Дүние өтер кетер, көріңдер де тұрыңдар, ертең өлеміз де қаламыз, тірі жүрміз бе, онда ойнап күлейік" деген мағынаны жеткізу керек. Бұл той тартатын ән болады.
Клип дайын болғаннан кейін "Таңшолпан" бағдарламасына қонаққа барасың. Таак, сол жерде сақ болуың керек. Бүкіл шындықты айтып тастап, абыройды айрандай төгіп жүрерсің. Көп сұрақтарға "ол жағы құпия болып қала берсін, елдің бәріне түсінікті болғым келмейді" деген сияқты екіұшты жауап бер. Сұхбаттың соңына таман бір сұраққа жауап бергенсіп, "алдағы жылы болатын жеке концертімде" деген сөзді қыстыра кет. Концертім бола ма деймісің? Жындымысың, екі әнмен қалай жеке концерт бересің. Просто ол да тыңдарман тартудың жолы. Олар сені ойлап қалуы керек, сұмдық бір проекты екен деп. Келер жылы жұрттар сұраса не деймін деймісің. Біллин, таза ноқалай екенсің ғой. Шынымен, келер жылы біреу сұрап қалуы мүмкін-ау деп сеніп отырмысың. Мейлі сұраса тіпті жақсы. Белгілі де белгісіз себептермен жеке концертім келер жылға қалды дей саласың.
Өнерге қиянат жасап отырғанымды білемін. Есіл өнерге обалы - обал. Бірақ онсыз да бардак болып жатқан эстрада ғой. Оның үстіне ақша табудың оңай жолы осы ғана. Енді негізгі мәселеге көшейік. Өйтіп-бүйтіп халыққа жартылай танылдың дейік. Алғы шепте болмасаң да, қою шаңның ортасында жүресің. Тиын-тебен табатын кез - осы кез. Бірақ сенде тұрақты баға болмайды. Сен түгіл, Тоқтарлардың өзі әртүрлі бағаға шыға береді. Егер саған біреу хабарласып жатса бірден жауап берме. "Қазір мен көріп алайыншы, ол күні мүмкіндігім бар ма екен, он минуттан кейін хабарласыңыз" де. Әрине, ол күні сенде бір де бір той жоқ екенін біліп отырсың. Бірақ бәрібір осылай айт. Анау қайталап хабарласқанда: - Иә, ол күні мүмкіндігім бар екен. Екі той ғана бар екен. Екеуі де осы қалада. Үлгеремін ғой. Қай уақыттарға барғаным дұрыс дей сал. Бағаны сұрағанда: - Менің негізгі бағам мың доллар ғой, бірақ Ерағадан хабарласып тұр екенсіз ғой, бес жүзге кіріп берейін де. Содан кейін тойға барғанда міндетті түрде асығыс кіріп, әніңді айтып біте салысымен асығыс шығып кет. Жұрттар тойы көп екен деп ойлап қалсын. Құрсын, ақыр бұдан басқа тойым жоқ қой деп салат жееееп отырып алып жүрме. Асығыс кір да, асығыс кет. Бұл - заң. Анабір құрыған тамадалар бар. Как будто шақыратындай қаншаға шығып жүрсің деп сұрайды? Қалада мың, по свойский 500 доллар де. Өз бағаңа екі жылда, үш жылда бір шығып тұрасың. Мүмкін жылына екі рет те шығарсың. Бірақ көбіне 500-ге, посвойский бағаңа шығасың. Өйткені Қазақстанда бөтен ешкім жоқ. Бәрі свои... Ұқтың ба? Ұқсаң дайындал. Ақша табудың ең оңай жолы осы.
Сосын кейде өз-өзіңнен шаршап жүр, түнде Ақтаудан келіп едік, самолет шаршатты де.
Сосын сұхбат берген кезде: Баян Есентаеваны үлгі тұтам, сол кісімен жұмыс жасағым келеді деп айта жүр. Мүмкін бір пайдасы болып қалар. Сосын: "негізінде, менің жаныма халық әндері жақын" дегенді айта жүр. 11 класс оқып жүргенде "осенный баллда" "өз өнері" дегенде айтқан әнің бар еді ғой, ия сол "Керім-ау айдай" деген между прочим сол әнді де жаздырамыз. "Ақ көйлек қызыл бешпентті" "Кеш ю" айтып тастаған.
Бейбіт Сарыбай
(Фейсбуктегі жеке жазбасынан)