«Киерге киімім болмады»: Асан Пердешов орта мектепті аяқтай алмағанын айтты
Белгілі эстрада әншісі Асан Пердешов «Менің өмірім» бағдарламасында өміріндегі қиын сәттер, алғашқы жарымен не үшін ажырасқаны, екінші жарымен қалай бас қосқаны туралы сұхбат берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz ERNUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Әнші Мақтарал ауданы, Жетісай қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Ата-анасының мықты тәрбиесінің арқасында жақсы мінез қалыптастырыпты. Айтуынша, үйінде 4 ағайынды екен. «Қатира есімді әпкеміз жездемізбен тұрып жатыр. Нұрхан есімді ағамның шаңырағы бөлек, Шерхан есімді ағам қазір қара шаңырақта тұрып жатыр. Одан соң 6 жылдан кейін мен сыңарыммен Асан-Үсен болып дүниеге келгенмін. Үсен шетінеп қалған екен. Асан боп жалғыз өзім жүрмін. Көбісі «Үсенің қайда?» деп сұрайды. Қазір 2 адамның орнына өмір сүріп жатырмын», - деді ол күліп. Өнер иесі мектепті бітірер-бітірмес базарда арба айдап, жүк түсіргенін тілге тиек етті. «Жүк түсіріп, нәпақа таптық. Арба айдадық. Еліміз енді егемендік алған елең-алаң шақта жалғыз мен ғана емес, біз сияқты әлжуаз отбасылар көп болды ғой. Ауылда жағдайы төмен отбасы болдық. Сабаққа киіп баратын дұрыстау аяқ киім болмады, сыныптастарымнан ұялып, 10-11 сыныпты дұрыс оқыған жоқпын. Сабақты қатарымнан қалып оқыдым деген ой қалып қойды. Диқаншылықпен айналыстық. Кітапты көп оқыдым бірақ. Оқуға түскен соң екі ағам арба айдап ақша тауып, табысын маған оқуға жіберіп отырды. Сондықтан студент кезде аса көп қиналмадым. Қазір, Аллаға шүкір, осындай дәрежеге жеттім. Маған ата-анам, ағаларым үміт артып отыр. Солардың жақсылығын қайтаруға тырысып жүрмін», - деді өткен өмір белестеріне көз жүгірткен әнші. Сонымен қатар алғашқы жарымен тағдырының жараспағанын, аз ғана уақыт тұрып екі жаққа айырылысқанын айтты. – Өнер адамының жары болу оңай емес. Қатты қызғаншақ болды. Мен де жас болдым ба екен?! Бір-бірімізді түсінбейтін болғандықтан, арада бала пайда болып, оны қинағанша, ерте бастан айырылысуға шешім қабылдадық. Бірінші отбасым сәтсіз болғандықтан екінші рет үйленбеймін деп қатты стресс алдым. Өнердегі алдыңғы буын ағаларымның отбасылық жағдайын зерттей бастадым. Содан соң менде тағы үміт оянды. Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Төрт жылдан кейін екінші рет отбасын құрдым. Өнерде жүріп-ақ бақытты отбасын құруға болады екен, - дейді Асан Пердешов.