"Киімім үтіктеліп, ас дайын тұрса болды": Тәуекел Мүсілім әйеліне қоятын басты талаптары туралы айтты
Актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім бірнеше әйел алуды отбасы мен балаларына жасалған сатқындық деп бағалайды екен, дегенмен елудің ортасына келгенде ойы өзгеруі мүмкін екендігін жасырмайды. Stan.kz тілшісі отандық танымал актермен сұхбаттасып, отбасындағы қызықтары, карантиндегі өмірі туралы және болашақта оны саясаттан көре аламыз ба деген сауалға жауап алып қайтты.
Қазір карантинге байланысты түсірілімдерден уақытша демалған отандық актер әрі жүргізуші Тәуекел Мүслім уақытын тиімді жұмсауда.
Карантинде тек үйде болдым деген Тәуекел құрылыс жұмыстарымен айналысқанға ұқсайды. Одан бөлек өзін жан-жақты дамытуды қолға алыпты.
"Карантинде қатты өзгеріс болды деп айта алмаймын. Бар уақытым үйдің құрылыс жұмыстарымен өтті. Сондай-ақ, карантин кезінде ағылшын, түрік тілдерінен қабілетімді дамыттым. Тіл үйрену миға пайдалы деп жатады. Сондықтан білгеннің артықтығы болмас. Мүмкін болашақта бір жобалар болып жатса, шет елді де көремін бе деген ой бар. Одан бөлек Стивен Кови сынды авторлардың шығармаларын оқыдым", - деген ол оқыған кітаптарынан алған ілімін өмірде пайдалануаға тырысатынын айтады.
Тартымды түр-келбетімен отандық киноиндустрияда сұранысқа ие актер қазіргі сомдап жүрген образдары "жеңілтек" екенін біледі. Ал өмірде тереңойлы, көп ізденетін актерден алдағы образдары туралы және ізденіс нәтижелерін сұраған едік.
"Сабырлы образдарды сомдағым келеді. Біздегі кинематографияның қазіргі жағдайы өте тұрақсыз деп айтса болады. Өйткені көрермен тек қана комедияны жақсы көреді. Басқа жанрда түсіретін болса ақша жағынан өте тиімсіз. Сол себептен бәрі комедия түсіреді. Ал комедияда салмақты образ жоқ. Сол себептен "жеңілтек" образдар ұсынылатыны жасырын емес. Ал мен тұрмыс-тіршілігімді реттеп, жағдай жасауым керек. Сол себептен келісеміз. Ал егер мықты жобалар болатын болса, кез-келген салмақты образдарды ойнап шығуға дайынбыз", - дейді Тәуекел.
Мән мағыналы рөлдерді аңсаймын деген актер нағыз қазақы мінезді, ер жүрек тұлғалардың образын алып шыққысы келетінін айтты. Бұған себеп демалыс сайын достарымен көкпар ойнап, ат үстінде алатын әсері екен. Ат үстіндегі тартыс кезінде қауіпсіздік туралы мүлде ойламайтынын айтқан актер сондай сәттерден рухтанатынын жеткізді. Сондықтан қанша жерден кино танымал болса да, үлкен касса жинайтын болса да, сценарийге үлкен мән беретінін айтып қалды.
"Кино өте танымал екен, кассалы екен деп келісімімді бірден бермеймін. Бірінші сценарийге қараймын. Сол кезде рөл көңілімнен шығып жатса ғана келісімімді беремін", - дейді Тәуекел.
Оның пікірінше, қазіргі қазақ киносында тек комедияның дамуы дұрыс емес. Өзге салалардың да дамуын қадағалау керек дейді ол.
"Өкініштісі комедиядан басқа ешқандай жанр дамып жатқан жоқ. Басқа жанрда түсіретін болса Ақан аға түсіруі мүмкін, бірақ басқалары өз қалтасынан түсіре қоюы екіталай. Касса өзін ақтамай қалады ма деп қорқады. Ал комедиядан басқа жанрларды "Қазақфильм" мен Мәдениет министрілігі қолына алса екен деген тілек бар", - дейді Тәуекел Мүсілім.
"Алматы ТВ" арнасындағы "Таңғы студио" бағдарламасында жүргізуші болып жүрген актер таңғы эфир ешқандай қиындық тудырмайтынын айтады. Керісінше, пайдалы тұстары көп екенін жеткізді. Ал тікелей эфир кезінде болып жататын қызықтардың орны бөлек екен.
"Таңертең ерте тұрудың өзі пайдалы. Эфирден шыққан соң басқа да жұмыстарыңды істеп үлгересің. Эфирде болатын қызықтарымыз өте көп. Бағдарламаға келген қонақтардың аттарын шатастырып алатын немесе суфлер жүрмей қалатын сәттер болады. Арасында дауыс естілмей, уақытысында сюжет кетпей қалады. Қонақтардың таңғы ұйқысы қанбаса, көңіл-күйлері болмай келеді. Жалпы сондай сәтте қонақтарға позитив сыйлауға тырысамыз, хал-жағдайын сұрап, әдемі болып кетіпсіз, киіміңіз өте жарасымды екен деп көңілін көтереміз. Өйткені, өнерде жүрген кіселер осындай жылы сөздерді жақсы көреді", - дейді ол.
Осы сәтті пайдаланып, Тәуекелден басқа өнер адамдары сияқты танымалдылығын пайдаланып, саясатқа бет бұру ойда бар ма деген сауал қойдық.
"Шынымды айтсам, ол туралы ойланып көрмеппін. Саясат - қиын дүние. Бір кірсең, қайтып шығуың қиын. Мен өзімді саясатта немесе басшылық орында елестетпеймін. Онда жүру үшін адамның жүйке жүйесі мықты, шыдамы көп болуы керек. Өзімнің алға қойған мақсат-мүдделерім бар. Сол ойлағаныма жетсем, мен үшін үлкен жетістік", - деп келте қайырды ойын актер.
Жақында ған отандық бағдарламалардың бірінде ағынан жарыла сұқбат бергенде Тәуекел режиссер Талғат Теменовті қатты сынға алған еді. Сол сұқбаттан кейін Теменов мырза телефон шалмады ма деп сұрағанымызда:
"Талғат Теменов ренжіген жоқ. Шынымды айтсам, ол кісі мені әлі күнге дейін танымайтын шығар. Сол себептен ренжитіндей дүние айттым деп есептемеймін. Ол кісімен бірге жұмыс істеген көптеген актерлер де менің сөзімді растай алады деп есептеймін. Ол кісінің жұмыс істеу тәсілі сондай шығар. Бұл сөздеріммен ол кісіні айыптап, кәнілап жатқаным жоқ. Теменовке солай ыңғайлы шығар. Бетке айтатын кісілер бар. Түсінуге болады", - дейді ол.
Жақында ғана отбасын құрып, шаңырақ көтерген актер жарымен үйленбей тұрып отбасылық қағидаттарды бекітіп алған көрінеді.
"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деп жатады. Ол өз үйінде басқаша тәрбиемен, салтпен өсті. Келген кезде ақылдасып, сөйлестік. Махаббат оның бәрін құптап келісті. Кез-келген қазақы жанұяда бар - үлкенді, ата-ананы сыйлау ер азаматтың айтқанын тыңдау, көну деген. Ал Махаббатың үй шаруасындағы қызметі жайлы анам айта жатар, мен ол жағына араласпаймын. Мен үшін киім үтіктеліп, ас дайын тұрса болды. Менің осы екі талабым түгел болса, болды", - деген ол Махаббатты қандай қасиеттерімен баурап алғанын тілге тиек етті.
Талай қыздың арманы болған актер романтик емес екенін айтып қалды.
"Мен өзімді мақтай алмаймын. Бірінші кезекте сыйластық. Қатты романтикпін деп айта алмаймын. Шыны керек, күнде гүл алып, көңіл бөлемін десем рас болмас. Мейрам күндері сыйлық жасап тұрамын. Дегенмен, жақсы көретін тәттілерін әкеп қоямын. Сондай қасиетім үшін жақсы көретін шығар. Одан бөлек салмақты мінезімді ұнататын болуы керек. Өзім балажанмын, ол да сондай. Сол себепті өзіне ұқсас мінез байқаған соң Махаббат келісті деп ойлаймын", - дейді актер.
Жағдайы жетіп жатса, көптеген ер азаматтарымыз екінші әйел алуға қызығып жатады. Ал көпәйелділік жайлы Тәуекелдің өзіндік пікірі бар.
"Осы мәселе жайлы досыммен кеше ғана талқылаған едік. Меніңше, әртүрлі көзқарасқа байланысты көп әйел алу дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін. Бір жағынан әйелің мен балаларыңа жасалған сатқындық сияқты. Әсіресе, балаларға қиын. Екінші жағынан статистикаға сүйенсек, елімізде бір ер адамның басына сегіз әйелден келеді дейді. Бір еркекке бір ғана әйел келетін болса, қалған жетеуі не істейді, басқа шет елге тиіп кетеді ма деген ойлар бар. Одан кейін кейбір ер адамдар ұрпақ көп болуы керек дейді. Сол себептен көпәйелділік дұрыс немесе мүлде дұрыс емес деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Дегенмен де адамның өзіне, қай қағиданы ұстанатынына байланысты.
Меніңше, бір әйелдің өзін бақытты ету оңай емес. Әзірше бір әйелдің өзін бақытты етіп алайын, қалғанын көре жатармыз. Бір ғана әйелмен бақытты болуға тырысамын. Бір әйелмен көпбалалы болуды мақсат қойғанмын. Мүмкін 50-ге келгенде ойым өзгере жатар, дегенмен, болашаққа жауап бере алмаймын", - деп екіұшты жауап берді.
Дайындаған: Жанна Мәлік