Кино түсіру үшін не керек?
– Әлдебір киноны көріп алған бір журналист ағамыз «мынандай киноны, камерам болса, мен де түсірер едім» деген…
– Тамаша ғой! Енді неге түсірмей жүр?
– Камерам жоқ дейді.
– Камерам жоқ дейді? Қызық… Фильм түсіруіне камерасының болмауы кедергі болып жүр екен-ау?
– Солай дейді…
Мен ойланып қалдым.
Бұл жөнінде орыстың гүржі текті үлкен режиссері Г.Данелия: «Фильмді көрген көрермен мынандай киноны мен де жасай алам дейтіндей қарапайым етіп түсіру керек, сосын әлгі айтқан адамның қолына камера беріңіз, түсіріп көрсін», – деген. Ал, жоғарыдағы пікір көбіне қарапайымдылық пен қарабайырлықтың түр-түсі мен ара-жігін айыра алмаған жағдайда туады.
Бұған мысал ретінде ғажап жазушы Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін еске түсірсек те жеткілікті. Шығарманың қарапайымдылығы сондай, кез келген оқырман рахаттана оқып шыққан соң: «Мынадай нәрсе менің де басымнан өтпеп пе еді? Керек десең, мынадан да қызық оқиғалар бар. Тағы біраз нәрселерді ойдан құрап, мен де бір хикаятты қиюластырып жіберсем бе екен?» – деген қиялға берілуі әбден мүмкін. Сосын қаламын қолға алған (қалам камера емес, кез келген үстелдің үстінде жатады ғой домалап) жан өз ойына өзі матасып, қаламы көмейіне қамыс тұрған шөп шабатын мәшинедей қақалып барып тоқтайтын. Аяғына шыққандары да бар, әрине… бірақ… мәз емес. Сонымен, толғағы келген анаға таяу арада перзентхананың жоқтығы бөгет бола алмайтыны сияқты, кино түсірем деген жанға «камерасы құрғырдың жоқтығы» еш кедергі бола алмайды. Тіпті, қолынан камерасын заңның күшімен тартып алып қойған адамдар да «ебін тауып» кино түсіріп жатыр.
Иран киносындағы жаңа толқын өкілі Жафар Панахи әуелде аға буын – ғажап режиссер Аббас Киаростамидің ассистенті болып жұмыс істеп жүреді. Алғаш толықметражды дебютінің сценарийін жазуға көмектескен де сол Киаростами еді. 1995 жылы халықаралық Канн кинофестивалінде көрсетіліп, «Алтын камераны» қанжығасына байлаған ол тырнақалды фильм «Ақ шар» деп аталатын еді.
Тегеран қаласында отбасымен бірге тіршілік кешіп жатқан жеті жасар кішкене қыз Наурыз мейрамы қарсаңында сол елдегі дәстүр бойынша кішкене балық сатып алуға аңсары ауады. Ол қызыққан алтын балық ауласында да өсірілетін, десе де, кішкене қыздың діттегені әлгінде ғана анасымен базарға барғанда көрген ерекше алтын балық еді. Ол балықты әне-міне басқа біреу сатып алады деп жыларман кейіпке түскен қыз, ақыры шешесін көндіріп, соңғы ақшасын уысына қысады да, балық сатылатын дүкенге қарай құстай ұшады.
Толықметражды фильмге арқау болған оқиға сол балыққа жетер жолды ғана қамтиды. Сол аз уақытта кішкене қыз талай мәселені бастан өткереді. Бүлдіршін жүгіріп өткен қысқа ғана жолда біз Иран секілді Еуропа елдері үшін сәл тосын, сәл қызық, сәл оғаш елдің бүлкілдеген тіршілік тамырымен танысамыз, өзіндік тірлігі мен салты, мәдениеті мен діні жымдаса өрілген ұстанымдарына куә боламыз, сан кейіпкер, сан тағдырмен қауышамыз.
Фильмнің бір ерекшелігі – оның деректі фильмге тән шынайылығы. Жеті жасар кішкене қыздың құлаш-құлаш сөз түйдектерін ақтарғанда бір мүдірмеуі таңқалдырады. Мүдірген болар-ау… бірақ дауыс ырғағындағы сенім мен сезім сендірмей қоймайды. Жаттандылық жоқ. Сондағы қайнап жатқан тіршіліктің ып-ыстық, құйттай бір сынығы дерсіз.
Екінші ерекшелігі – театр драматургиясына тән кейіпкерлердің шебер өрілуінде. Автор жай деталь үшін қолданды ғой деген жылт еткен суретінің кейін жалт етіп қалқып шығып, оқиғаға араласып, шоң кейіпкерге айналып шыға келгенде, бас шайқауға мәжбүр боласыз. Бар қосалқы кейіпкері солай. Әуелде экспозициялық райда көрініс береді де, кейін сюжеттің бір кірпіші болып қалана қояды.
Жафар Панахи біраз фильмді дүниеге әкелді. Біз оның өзімізге қажет деп тапқан бірнешеуіне ғана тоқталмақпыз. Оның 2000 жылы түсірген «Шеңбер» атты фильмі сол жылы Венеция кинофестивалінде Бас жүлде – «Алтын арыстанды» жеңіп алады.
Панахи бұл фильмінде де сол өзіне тән деректі реалистік бағытынан айныған жоқ. Фильмнің атауы – оның пішіні, формасы. Мұнда режим мен тыйымның құрсауында тіршілік кешіп жатқан Парсы әйелдерінің өмірі суреттеледі. Бір әйелдің қызы тағы қыз босаныпты, енді оның отбасылық жағдайы қалай болар екен? Анасы перзентхана есігінің ойығына төніп тұрып, дәрігердің жаңылысып айтып тұрмағанына көз жеткізуге тырысады. Өзі көрінбейді әуелі, дауысы ғана, сол дауыс ырғағынан-ақ қиын тағдырдың бояуын аңғаруға болады.
Келесі әйел жаңа ғана түрмеден босаған, енді еліне жету керек. Көп әйелге тән мәселе де мұның басында жетерлік. Ер адамсыз жолға шығу – ел ішіндегі заңға қайшы. Қайтпек енді? Фильмнің сюжеті осылай әйелден әйел өміріне тізіліп барып тұйықталады. Яғни, шеңбер. Тұйық шеңбер.
Әр әйел әртүрлі ракурста, әртүрлі трансфокатор объективте түсіріледі. Тағдыры мен келбетіне сай, әрине. Осындай барынша күрделі фильм бар-жоғы 10 мың долларға түсіріліп, әлемнің 45 еліне сатылып, қыруар пайда әкелді. Міне, қалай фильм түсіру керек…
Өзі киіп, өзі тоздырған Голливудтық фильмдер үлгісіне қызығып, шалғайына жармасып, шаң қауып жатқандарға сабақ болса, қанекей?! Реті келген соң айта кетейік, Жафар мырзаның бұдан кейін түсіріп, 2006 жылы Берлин кинофестивалінде табысқа жетіп, «Күміс аюды» иеленген «Офсайд» атты фильмі 35 елге сатылып, ол да көл-көсір пайда әкелген.
«Офсайд» демекші, ол фильмнің де өзегінде әйелдер тағдыры жатыр. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын төрт қыз Иран футбол құрамасы мен Бахрейн футбол құрамасының ойынын стадионнан тамашаламақ болады. Бұл елде қыздарға футбол ойнауға тыйым болмағанымен, стадионға кіріп, ер адамдармен қатар отырып көруге рұқсат жоқ. Ал стадионда әйелдерге арналған бөлек секция қарастырылмаған. Не істемек керек? Мүмкін, ұлға айналу керек болар? Фильм негізінен комедиялық ситуациялар арқылы шешімін іздейді. Кей тұстары тіпті карикатуралық сипат алып кетеді. Негізі – күрес: тыйыммен күрес, бостандыққа ұмтылу, адам құқын ұлықтау.
Жафар Панахидың фильмдері Батыста лайықты бағасын алғанымен, өз елінде екі ұдай мәселе тудырды. Үкімет оның фильмдерін прокатка шығаруға тыйым салды және режиссерді «тек батыстан марапат алу үшін жұмыс істейді» деп жазғырды. Елдегі мәдениет министрлігі «Иран әйелдерін қорлағаны үшін», «елдің жарқын жақтарын көрмей, көлеңке қаузап кеткені үшін» оның фильмдерін жұрт көруге жарамсыз деп таптық деп түсіндіруге тырысты.
Иранда 2009 жылғы кезекті президенттік сайлау үлкен дауды көтергені белгілі. Елде сайлаудың әділ өтпегені жөнінде өздерінің наразылықтарын білдірген қауымның қарсылық акциялары өте бастады. Ал, келесі жылы осы үкіметке қарсы наразы топтың қатарында болды деген жазғырумен Жафар Панахи тұтқындалады. Соның алдында ғана даңқты режиссер Халықаралық Монреал кинофестивалінде бас қазылық етіп, еліне оралған еді. Үкіметтің шыдамын шегіне жеткізген нәрсе – Панахидың ондағы өзінен басқа да әділ қазы мүшелеріне жасыл түсті мойынорағыш таратып бергені болыпты. Ол мойынорағыштар шынымен де сол кездегі үкіметке қарсы наразылық білдірушілердің символдық белгісі еді.
Жафар түрмеде екі ай отырады. Сосын халықаралық қоғамдық белсенді топтардың ықпалымен 200 000 АҚШ долларын төлеп, үй-қамаққа ауыстырылады. Соңыра оған жиырма жыл шығармашылықпен айналыспауға, яғни кино түсіріп, сценарий жазуға, журналистерге сұхбат беруге және алты жыл шет елге шығуға тыйым салған сот үкімі шығады.
Сөйтіп, режиссердің қолындағы камерасын Үкімет күштеп «тартып» алды. Бірақ Жафар Панахидың оған мойынұсынып, қол қусырып отырарына ешкім сенген жоқ. Ол 2011 жылы Канн кинофестиваліне «Бұл кино емес» деп аталатын деректі фильмін жолдайды. Оны, әрине, кедендік бақылаудан өткізу қиямет еді. Режиссер фильм жазылған флешканы торттың ішіне жасырып жібереді. Ал, фильмді қалай түсіріп жүр дейсіз ғой? Жай «Айфон» қалта телефонын пайдаланады. Панахи фильмде өзін таспалайды. Өзінің күнделікті бір күнін. Режиссер кадрда дауыстап болашақ фильмінің сценарийін оқиды. Адвокаттарымен сөйлеседі. Достарымен сұхбаттасады. Төрт қабырғаға қамалған режиссер төрткүл дүниеге өзінің үнін осылай жеткізеді.
Биыл, яғни 2015 жылы ақпан айында Халықаралық Берлин кинофестивалінде Жафар Панахидің үйқамақта отырып түсірген кезекті «Такси» көркем фильмі бас жүлде – «Алтын аюға» ие болды. Сыйлықты режиссердің немере қарындасы алды, жылап тұрып қазылар қауымына рахметін жеткізді.
Ал фильм екі «Айфонға» және мәшине ішіндегі бейнетіркегішке түсірілген еді. Режиссер өзі такси жүргізушісі болып қала кезеді. Түрлі адамдармен сұхбаттас болады. Иран еліндегі заң, құқық мәселелерін сөз етеді. Жай тұрмыстық әңгімелер айтады. Фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Даррен Аронофски: «Такси» – Жафар Панахидың кино әлеміне бізге жолдаған ыстық сәлем хаты еді», – деді.
Менің де бұл жазбам «камерасы болмай» кино түсіре алмай жүрген жандарға (ең бірінші әлгі бір журналист ағамызға) арнаған үшбу сәлем хатым болсын.
Данияр Саламат
(«Ақ желкен», №5. 2015 жыл)