Кірпияз, аса талғампаз жазушы

Кірпияз, аса талғампаз жазушы

«Ғадибен – өте кірпияз, аса талғампаз жазушы. Ол әуел бастан өзінің әдебиеттегі жолын анықтй білді»

М.Әуезов

«Туған жерде»

Қазақ әдебиетінің классик жазушысы, көркем сөздің хас шебері атанған Ғабиден Мұстафиннің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Жазушы 1902 жылы Жауыр-Таудың етегінде, Нұра өзенінің жағалауындағы Сарытөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бұл жер – қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, дәл осы өңірде  жазушының балалық шағы өтті.

Ғабиден Мұстафин еңбекке ерте араласты. Ол ауылда байдың малын да бақты, орыс кулактарына да жалданып жұмыс істеді. Ауыл молдасынан бастауыш білім алған бала Ғабиден 14 жасында Спасск зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқып, сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің 4-сыныбына түседі. Бұдан әрі оқуға мүмкіндігі болмай, туған ауылына қайтып оралады. Ауылда әр түрлі қызметтер істейді.  Кейіннен жазушы өзінің туған жерге деген ыстық махаббатын «Туған жерде» деген очеркінде тебіреніспен жеткізді. «Адам баласы үшін өзі туып-өскен, құстай еркін самғаған туған даласынан артық ешбір жер жоқ» деп жазды ол. 

Шығармашылыққа жол журналистикадан басталды

Ғабиден Мұстафин 1925 жылы білімін жетілдіру мақсатында Қызылордаға барады. Алайда оқуға түсе алмаған соң ол өлкелік сотқа іс қағаздарын тіркеуші қызметіне орналасты. Жазушылыққа деген құмарлығы осы кезден басталады. Жазушылық қабілеті бар жас жігіт Қызылордадан шығатын "Еңбекші қазақ" газетіне ұсақ хабарлар жаза бастайды. Газетке хабарлар жазуына Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың жол көрсеткен екен. Ғабиден Мұстафиннің «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде тұңғыш рет жарық көрген еңбегі – "Таң келеді". Басты кейіпкері – шаруа. Оның ең алғашқы «Сәрсен мен Боқаш» атты әңгімесі 1927 жылы  «Жыл құсы» журналында жарияланады. Тұңғыш әңгімелер жинағы 1929 жылы «Ер Шойын» деген атпен басылып шықты. Қаламгердің тырнақалды шығармаларынан кейін-ақ әдебиет майданында оған басқа жазушылар қағажу көрсете бастаған көрінеді. Кейбір шығармаларын газетке баспай, біраз әуреге сала бастайды. Сол кезде жас жазушы 1930 жылы көктемде Қарағандыға ауысып, үш жыл қара жұмыс істейді, слесарь, токарь мамандығын меңгереді.

1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар Ғабиден Мұстафинді «Қарағанды пролетариаты» газетіне жауапты хатшы етіп тағайындаған. Бірақ жазушы ол жерде көп жұмыс істемеді. Новосибирь қаласында "Қызыл ту" деген жаңа газет шығатын болып, сол жылдың мамырында өз қалауымен сол жаққа ауысады. 1938 жылдың аяғына дейін сол жерде жұмыс істеген.  Осы газетте еңбек еткен кезеңдерінде жазушы өзінің білімін шыңдап, орыс әдебиетімен тереңірек танысады. Қаламгердің  Қарағанды  жайлы романының идеясы да осы жерде туған екен. Кейбір деректерде жазушының қайтадан шығармашылықпен шұғылдануына Сәбит Мұқанов ықпал еткені айтылады. Ол Сәбит Мұқановтың ұсынысымен Алматыға шақырту алған. Алматыға келе сала 1938 жылы «Өмір мен өлім» деген атпен Қарағанды тақырыбында роман жазуға кірісті.

«Бұрын жаңа жаза бастағанда үлгіні тек Сәбит, Бейімбеттерден алсам, енді Толстой мен Гюгодан алуға тырыстым. Гюгоның оқиға, сюжет құруына, адамдарының ерлігіне, Толстойдың суреттеуіне қызықтым. Шама келгенше Гюгоға еліктеп бақтым» дейді жазушы романды жазу барысындағы ізденісі жайлы.

Шахтерлар қаласының тумасы

Қазақ прозасының биік тұлғасы Ғабиден Мұстафиннің шығармашылығына арқау болған – өзінің туған жеріндегі қарапайым жұмысшылар өмірі мен еңбегі. Қаламгер шығармаларының салмақтылығы да, құндылығы да сол, ол өзі жазған туындылардағы өмірді терең білді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол 1930 жылдары Қарағандыға келіп, шахтада қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. Ол шахтада жер қазушыдан бастап механиктің көмекшісі, одан кейін токарь болып жұмыс істеді. Көмір шахталарында жұмысшылардың қайламен, темір шелектермен қалай жұмыс істейтінін көзімен көрді. Жас маман екі жыл бойы өндірісте тынбай еңбек етті. Оның осы тәжірибесі «Қарағанды» өндірістік романын жазуға септігін тигізді. Осылайша Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетінде тың дүниемен жарқ етті. Жазушы қазақ даласында шахтерлар қаласының қалай қалыптасқанын деректі түрде баяндап берді. Ауыл адамдарының, Қарағанды кендері мен цехтарында істеген сан ұлт өкілдерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, үміті мен арманын өз көзімен көріп, танып-білген Ғабиден Мұстафиннің жастың шағы оның шығармашылығына тікелей әсер етті.

Түрксіб, Жезқазған, Қарағанды, Қарсақпай, Лениногорск, Алтай кәсіпорындарының құрылуына, елімізде өнеркәсіптік өндірістердің белсенді дамуына, Қазақстанға көмір өнеркәсібінің қуатты индустриялық орталығын қалпына келтіру мен дамытуға кешегі көшпенділер мен батрактардан жаңа кадрлар даярлауда бауырластық көмек көрсету үшін келген орыс жұмысшылары ерекше рөл атқарды. Ғабиден Мұстафин адам еңбегінің ғажабын, жұмысшы табының қалыптасуы мен өсуін, қазақ даласындағы колхоз құрылысын дәріптеді.

Жаңа дәуірді дәріптеген трилогия

«Өмір мен өлім» - Ғабиден Мұстафиннің Қарағанды көмір бассейніне, оның шахтерлеріне, қазақ жұмысшы табының қалыптасуына арналған алғашқы романы. Бұл – өнеркәсіптік тақырыпқа арналған үлкен жанрдағы алғашқы туындылардың бірі, «Қарағанды» ірі романының алғашқы нұсқасы. Онда Қарағандыда көмір өнеркәсібін дамытудың бастапқы кезеңі, шахталар құрылысы сипатталған. Жазушы революцияға дейін ағылшын капиталистеріне тиесілі өнеркәсіптік Қарағандыдағы өзгерістерді көрсетеді. Жұмысшылар мен инженерлердің тәжірибесі, бір-бірінен еңбек дағдыларын үйренген әртүрлі ұлттардың жұмысшылары арасындағы тығыз достық, Донбасс пен Кузбасстан келген жұмысшылардың бауырластық көмегі арқылы жасалған барлық қиындықтар мен өндіріс процесі романда шынайы суреттеледі.  Романның бөлімдері «Әдебиет және өнер» журналында жарияланды. Сол кезде прозаик-романист Мұхтар Әуезов авторға өзі қоңырау шалып, романға мұқият талдау жасап, оның артықшылықтары мен кемшіліктеріне назар аударған.  Он екі жылдан кейін Ғабиден Мұстафин оны қайта өңдеп, шығармаға «Қарағанды» деген жаңа атау берді, осылайша қазақ әдебиетіндегі алғашқы индустриялық роман пайда болды.

Мұхтар Әуезов Мұстафин жайлы естелігінде «өзің таңдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына шейін түгелімен қиялдап та іштен кешіру шарт... тірлікке терең шомып, ой ұрығын терең көміп іздену қажет. Сонда ғана шығарма шынарын, еңбек еменін өсірсе болады» деп жазды.

Жазушының кеңінен танымал тағы бір қомақты туындысы «Шығанақ» романы (1945) болды. Романның кейіпкері кезінде тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған диқан ата Шығанақ Берсиев өміріне негізделген. Қаламгер бұл туындысында тарихи адамның бастан кешкендерін нанымды ашып, елеулі тұлға етіп шығарған. Шығанақ — қазақ әдебиетінде неғұрлым сенімді, толыққанды жасалған замандас бейнесінің бірі.

Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық тәжірибесіндегі биік туынды — оның «Дауылдан кейін» романы (1959). Қазақстанда елді кеңестендіру кезеңі бұл шығармада көркем әдіптелген. Бір кезде Б.Майлин, С.Мұқанов шығармаларында көтерілген тақырыпқа сол кезеңді көзімен көрген, көптеген ой түйген, дәуірдің шытырман шындығын саралап білуге мүмкіндігі болған, суреткерлігі кемелденген Ғабиден Мұстафиннің қалам тартуы игі нәтижеге жеткізді. 

Ғабиден Мұстафиннің өмір жолы қызықты әрі мазмұнды болды. Жазушының өмір жолында қуаныш та, қиындықтар да аз болған жоқ.  Ол туған халқының ыстық ықыласына ие бола білген жазушы. Ғ.Мұстафин  – халық жазушысы, бұрынғы КСРО- ның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республика Ғылым академиясының мұше–кореспонденті, жазушылардың халықаралық және одақтық форумдарының қатысушысы. Оның есімі халықтың мәңгі есінде.

Бүгінде Қарағанды қаласындағы №83 орта мектеп пен Бұқар жырау ауданындағы "Березняки" ауылына Ғ. Мұстафин есімі берілген. 2002 жылы Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай Қарағанды облысында торқалы той өткен болатын. Сол кезде Қарағандыдағы көп көшелердің ішіндегі ірісіне Ғабиден Мұстафин есімі берілді және осы жерден басталатын көше төріне классик жазушының мүсіні орнатылды.

Табиғатынан дарынды, қаламгерлігі мен даналығы дара ғұлама жазушы Ғабиден Мұстафин ұлтымыздың мақтанышы.

 

Ғабиден Мұстафиннің нақыл сөздері:

·        Татуды араз етсе қыбы қанады, өзінен озықты көрсе іші жанады.

·        Күйгелектің күні қыста да ыстық, жайбасардың күні жазда да салқын.

·        Болмашыға бет жыртысады, кейін табысады, тағы жыртысады, не қалды беттен?

·        Екі шақар кездессе, жұдырықтары шекеде ойнайды.

·        «Жақсы бол» деп әркім айтады, «жаман бол» деп ешкім айтпайды. Жаман сонда да бола береді. Адал дән егумен шығады, арам шөп өзі шығады. Жамандық арам шөп сияқты, жұлмаса өседі, егіннің өнімін кеседі. Сондықтан егін мен арам шөп, жақсылық пен жамандық өмір бойы отаса алмай келеді.

·        Халық көзі қырағы: ұрлық жасырын — сонда да оны көреді; жердің тыққан асылын, тауып қолға береді; арам кеуде ішінде аузын буған сан қалта, оны да тауып төгеді. Елді алдаймын дейтіндер, түбінде өзі алданады.

·        Бойы биік, көлеңкесі шағын, бойы аласа, көлеңкесі көлемді ағаштар бар. Адам да сол сияқты. Бойың биік болғанша, ойың биік болсын, көлеңкең шағын болғанша, бойың шағын болсын.

Әзірлеген Айнұр Сенбаева

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста