Кітап оқуға ынталандыратын шаралар ойластырылуы керек

Кітап оқуға ынталандыратын шаралар ойластырылуы керек

Қанипаш МӘДІБАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы:

– Сіздің ойыңызша, қазіргі ақпарат­тық қоғамдағы көркем шығарманың оқылуы, кітапқа сұраныс қандай деңгейде?
– Өкінішке қарай, кітапқа құштарлық кеміген. Оның қилы себептері кімге де болса түсінікті деп ойлаймын. Әлі есімде, Сәкен, Бейімбет, Ілияс шығармаларын мен екінші сыныпта оқып жүргенде Тұрсын ағайым Алматы жақтан бір қап етіп арқалап алып келді. Қыстың көктемге қарай ойысқан тұсы болатын. Бас алмай кітап оқыдым. «Балдырғанды», «Аяжанды» үздігіп, келесі нөмірі жеткенше алаңдап, асығып жүріп оқығаным есімде.
Ауызашар, соғым басына жиналған үйде кезегімен батырлар жырын, ғашықтық дастандарды үлкендерге оқып беретінбіз. Орыс, әлем классикасын, негізінен, аударма нұсқада, қазақша оқыдық. «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ымырт», «Сергел­дең»... Жарыққа шыққан кітаптың бірі қал­май ауылға жететін, ел соның бәрін қал­дыр­май, жаппай оқитын. Осының бәрін айтып отырғаным – сол бір уақыттарда кітап оқу сән де болды, салт та болды. Қазір кітап көп шығады. Ауылға жетіп жатыр ма, жоқ па – ол жағы маған беймә­лім. Не бол­ғанда да, ауыл-ел қазір кітапқа киелі дүние деп қарай қоймайтын сияқты.
– Бүгінгі қазақ жастарының кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін қандай істер атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Жедел, жүрдек, екпінді заман алдам­шы, арзан қызықтарын мың құбылтады. Кеше ұялы телефон, бүгін өрмекші тармақ ғаламтор, резеңке адам, ертең... Ертең де бірдеңе шығады. Сөйтіп, кітап біздің ат ізін салыспай кететін алыс ағайынымыз сияқты көңілден өше ме деген қауіп бар. Өкінішті. Кітаптың жанға құяр нәрі бөлек еді. Ол адамның жанын жамандықтан алыс алып жүретін шын досы еді... Жастарды кітапқа баулу отбасында бағыт түзуі керек. «Ер Төстікті» білмей өскен ұрпақ қазір өзі ата-ана болып отыр. Осы жағы қауіпті. Мек­тепте кітап оқуға ынталандыратын шаралар ойластырылуы керек. Жазушылардың халықпен жүздесуі сиреп кетті. Осыны да ескеру керек. Кітап тиражы көбейсе... Кітапсыз адам жаны жүдеу, жадау.
Біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде үстіміздегі жылы бар­лық факультеттің студенттері міндетті түрде оқуы тиіс 100 кітап шарасы өтіп жа­тыр. Онда қазақ әдебиеті де, әлем­дік әде­биет те қамтылған.
– Кезінде «Ақбілек», «Қалың мал», «Шолпанның күнәсі», «Күнекейдің жазығы» сияқты тақырыптарға біздің классик жазушыларымыз не себепті барды деп ойлайсыз?
– «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» дейді Мұхтар Әуезов. XX ғасыр басындағы қазақ классикалық әдебиеті әйел тағдырын көркемдік кеңістікке ұлттық мұрат­тар жолындағы ұлы мақ­саттың ауқымында алып шықты, белгілі бір кезең­дерде қазақ әйелінің көркем бейнесі әде­биет­те жетекші ұста­ным болды. Бұл құбылыстар­да үлкен мән, көп астар жатыр. Елдік рух, азат­тық ұранымен жұртын оятамын де­ген ел ағалары ел аналарының тарихи әлеуетін, ұлт болмысын­дағы қанмен даритын озық қасиеттердің асыл арқауының қуат көзін барша игілік, ізгіліктің басы деп білді. Сол үшін де қазақ қызының құнын сөз ғып, шығар­маларына арқау етті. Дүние әдебие­тін­дегі шеберлік, жазу өнерінің тылсым сырлары бағы­тын­дағы тәуекел, ынтығу да бол­ды. «Шолпанның күнәсін» жазған Мағжан «Анна Карени­наны» ойда ұстаған­дай көрінеді маған. Басқа да өнеге мектебі болғаны даусыз. «Әділ-Мария­ны» жазған Шәкәрім шығарма құрылымын қалай-қалай құ­был­тады?! Өкінішке қарай, біз­дің әдебиетіміздің қайсыбір жыл­дардағы мазмұ­нында әйелді төсек маңына ғана теліп тастаған сипаттар да болды.
– ҚазҰУ-дың филология факуль­тетінің жанынан өзіңіздің тікелей ұйыт­қы болуыңызбен құрылған «Ай-Ару» үйірмесі университет ішінде ор­та­лыққа айналыпты. Жалпы, осы үйір­мені ашу қандай қажеттіліктен туы­н­дады? Жоба басталғалы бері қандай істер атқарыл­ды?
 – Өткен жылы 8 Наурызға орай студент қыздармен кафедрада тәрбиелік мәндегі бір кеш өткізуді жоспарлаған едік. Соған дайындық барысында ойды ой қозғап, ақыры «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар клубы құрылды. Алғашқы шарамыз «Айдай едің жасыңда ...» деген атаумен Тәуелсіздікпен төл құрдас факультет қыз­дарының білім-біліктілік, сән-сайысы тү­рін­де өтті. Келесі бір ауқымды шарамыз студент ақындардың желтоқсан айының басында өткен «Ардағым – Атажұрт» атты факультетаралық жыр жарысы болды.
Мәселе – бірді-екілі кеш өткізуде емес. Дегенмен де «Ай-Ару» қыздары қайсыбір істі болсын иін қандырып, қалпын түрлен­діріп отыруға икемі барын көрсетті. Клуб­тың ережесін, келешек жұмыс бағыттарын магистранттарымыз бар, бакалавриаттағы студенттеріміз бар, кеңесіп жасадық.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– «Ай-Ару» орталығының ұйымдасты­руы­мен 8 Наурыз қарсаңында республика жоғары оқу орындары филология факуль­теттері студенттері арасында «Қазақ проза­сындағы әйел тағдыры» атты пікірсайыс, білім жарыс түріндегі ғылыми-тәжірибелік форум өтеді. Студенттер жеке оқу орында­ры үшін емес, өзара құрған ортақ топтары үшін жарысады.
Бір анығы, «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар орталығы сынды арнайы ұйым осы уақытқа шейін жоғары оқу орын­дарында болған жоқ. «Ай-Ару» қыз­дарының ойластырып отырған шаралары қазіргі қоғамның біліміне білігі сай, жан-жақты маман, ата дәстүр, ана тілін сіңіріп өскен, ибалы, иманды қыздарын, ұлт ұлан­дарының келешек анасын қалыптастыруды көздейді.
Таяу күндері танымдық, тағылымдық «Ай-Ару» журналының бірінші саны шық­пақшы. Әзірге – қолжазба құқығында. Келе­шекте қолдау көріп жатсақ, тіркетуге қам­да­намыз. Қазақ қызының тарихи тұл­ғасы, қазіргі заманғы келбеті, ұлттың бол­мы­сы тұрғысынан танымдық-тағылымдық мате­риал­дар жарияланып тұратын, төл басы­лым – «Ай-Ару» журналын шығару қажеттілік деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста