Клиптердің көркемдік деңгейі қандай?
Баяғыда... баяғы дегенде сол 80-ші жылдары ғой, қазақ әншілерінің фонтан жағалап, не болмаса тау етегінде тұрып шырқай салған әнін тамсана тыңдайтынбыз. Тап бір кино көргендей. Онысы әрі шынайы шығатын. Сол түсірілімдер бүгінгі клиптердің бастауы екен ғой. Ал бүгінде клип дегенің қаптап кетті. Ән де көп, әнші де көп, клип те көп. Бірақ сол клип шіркіннің көркемдік деңгейі қандай? Расында қарап отырсаң инкубатордан балалаған балапандардай мағынасы да, мазмұны да бір-бірінен аумайтын клиптер тастың үстіне шыққан мүктей қаулап барады.
Клип дегеніміз қысқаметражды фильм іспетті айтар ойы мен мазмұнын аз ғана минуттарға сыйғызып көрерменге ой тастау емес пе? Алайда... Тіл тістелер тұс осы. Мәнді, мағыналы, клиптер азына аз енді. Мазмұн деген мәселені шытке ысырып қоя тұралық. Жаңа әннің хитқа айналуына зор үлес қосатын клиптің алар орны зор әрине. Дегенмен әп-әдемі әнді «пұшық клиптің» қор қылатын кездері көп. Ән - клиптің басты сценарийі екендігі белгілі. Клиптің айтар ойы да әннің мазмұнымен ұштасқаны дұрыс. Алайда ән бір жақта, әнші екінші жақта, ал клип айдалада лағып жүреді. Қысқасы... үндестік жоқ. Сосынғысын да клиптеріміз егіздің сыңарындай бір біріне өте ұқсас...
Кейбіріне қарап отырып кейде «мынадай бидай-ботқамен не айтқысы келді екен?» деп қынжыласың. Ал тіпті кейбірінде көз алдыңа түнгі клубтағы «жындыхананы» елестетесің. Екі иығын жұлып жеп, құтырына билегендерін көрсең. Көруге көз ұялады. Қыздарымыз көйлегінің етегін үнемдеп, жартылай жалаңаштанып бүкіл тәнінің сұлулығын көз алдыңа тосады. Мұндайда әйел анатомиясын жаттап алуға болады. Екеу не үшеу болып топ-топ болып ән шырқайтын қыздарымыз ордалы жыландай ысылдап, ыңырсып кеп бергенде тап бір стриптиз клубта жүргендей әсерде боласың (еркектерді қоздыру «операциясы» жүріп жатқандай). Олар ән айту үшін емес, өзінің сұлулығын паш етіп, сол арқылы жарнама жасап, бай-бағландарды қармағына ілу үшін бұраңдап тұрғандай (ауылдағы әжемнің сөзі). Соңғы әлетте интернационалдық отбасыны жарнамалау процесі қарқынды түрде жүргізіліп жатқаны рас. Қаракөз аруларымыздың жанында сары шашы жалбыраған еуропалықты, сосын әкесінен аумайтын сүйкімді ұлды дәріптеп клип түсіретін болды. Одан қалса азиялық бауырларымызды да қазаққа қосақтап қоятынды шығарды. Мұның астарында да терең саясат жатқандай. Түсінген адамға. Соңғы әлетте өлімді дәріптеген, мына өмірден безінген жылаңқы поэзия, жылаңқы проза көбейіп барады деп зар қағатын едік, енді ол аз болғандай олардың қатарына жылаңқы әндер мен жылаңқы клиптер қосылды. Сүйгенінен айырылып қалғаны үшін өзін өлімге қиюға бел буған ғашықтар. Биік үйдің басына шығып алып өзін төменге тастауға даяр тұрған «Төлеген», екі ғашықтың жолына кедергі болған «Қодар», сүйгенін тартып алған адамды атып өлтірген бүгінгі заманның «батыры». Тіпті арасында кейбіреулері суицидке апаратын төте жолды көрсететін, өзін-өзі қалай өлтіруге болатынын үйрететін көрнекі құрал ма деп ойлап қалмасқа еш әддің жоқ. Ғашықтық сезімді осылайша дәріптеуге бола ма? Қанішерлікті, кісі өлтіруді насихаттайтындары да жоқ емес. Тіпті ұлттық дәстүрді дәріптеуге ұмтылыс жасағандарының өзі сәтсіз шығып жатқандары бар. Көшпелі қазақ халқының тұрмысын көрсетеміз деп жабайылық деңгейге дейін түсіріп жіберді. Жаздың аптап ыстығында сеңсең бөрік, оюлы шапан киіп терлеп тепшіп отырған атаны көргенде күлкің келетіні рас. Осындайда Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасындағы басты кейіпкер еске түседі. Жетімдіктің зардабын әбден тартып, не тамаққа, не киімге жарымаған бала ағасы қыстық киім әкеліп бергенде жүрегі жарыла қуанбаушы ма еді? Жаздың шыжыған ыстығында ауылдағы тойға қыстық қалың пальтосы мен бөрігін, пимасын киіп барып күлкіге қалатын еді ғой. Бүгінгі клиптерде де осы кейіп. Атам қазақ түк көрмей өткендей бұл не мазақ? Ұлттық киімдерімізді әжуәлау да әншілеріміздің еншісінде. Қазекем қыз баласына оң жақта отырғанда сәукеле кигізбеген. Сондай-ақ қамзолдардың да қайсысын қыз, қайсысын әйел, қайсысын әжелер киетіндігін білмей өзін-өзі күлкіге қалдырып жүр. Түсірілген кино болсын, клип болсын киімнің ерекшелігіне де мән беру керек емес пе? Мәселен, бұрынырақта қыздар ұзындығы бөксесін жабар-жаппас белі қыналған қамзол кисе, тұрмыстағы әйелдер бөксесін жауып тұратынын, ал әжелер тізеден келетін қамзол киген. Ал бүгінде клиптерге қарап отырсаң қыздың киетінін әйел, әйелдің қамзолын қыздар киіп алып «шауып» жүр. Дұрыс, ұлттық киімді де, ұлттық салт-дәстүрді де дәріптеп клип, кино түсірсін. Бірақ сайқымазақ қылмай әрбір кішкене детальына дейін мән берсе ғой. Оларға қазақы киімді мазаққа айналдыру құқын кім берді? Ұлттық киім кигеннің жөні осы екен дегендей әншілеріміз болсын, кейіпкерлері болсын бәрінің басында түлкітымақ, қалың масатыдан тігілген шапан. Олардың ойынша түлкітымақтан басқа баскиім жоқ сияқты. Көктемде, жазда, қыста киетін бас киімдерді қазақ атам білмей өткендей. Түгі төгіліп тұратын түлкінің терісінен тігілген бас киімнен басқасы көрінбейді. Кемшіліктің бас аяғы бұнымен де бітпейді. Салт - дәстүрімізге де сына қағып жүргендер жетерлік. Ауыл академиктері ата-әже институтынан өтпегендері бірден білініп қалады-ақ. Жайнаған жайлау, айнала тігілген киіз үй... бәрі жарасымды-ақ. Тұлпар мінген бозбалаға киіз үйден шыққан қыз қымыз ұсынады. Әлгі оны төгіп-шашып, ағызып-тамызып тұрып ішеді. Ұлттық киімді де, салт-дәстүрімізді де білмесе мазақ қылмай-ақ қойса екен дейсің мұндайда. Клипмейкер, оның сценарисі, оператор, жарық қоюшы... қысқасы бір клипті түсіруге қаншама адам жұмылдырылады. Солардың ішінде «мынау дұрыс емес қой» деп жөн сілтейтін адам табылмағаны ма? Білмегенін білгеннен сұрап алуға да құлық болмағаннан кейін не дерсің? Қарақат Әбілдинаның «Асыл әже» атты әніне түсірілген клипте ұзатылып бара жатқан қыздың артына ұзақ қарайлауы көңілге қонымсыз. Апа - әжелеріміздің тиымынша «ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамауы тиіс. Барған жерінде бағы ашылмай қайтып келуі мүмкін» деген ырымнан туындаған. Ақты астың атасы санап жерге төгуді асқан көргенсіздік санаған ұлттың ұрпағы екендігімізді ескергісі келмейтіндерге не жорық? «Ұлытау» тобының «Жұмырқылыш» атты туындысына түсірілген клипте киіз үйге жүгіріп кірген жігітке ақ құйылған ыдыс лақтырылады. Әлгі шетелдік боевиктегідей асқан дәлдікпен қағып түсіреді. Жерге саулай төгілген қымыз... көңілге қонымды ма?.. Ұлттық киімге, салт-дәстүрге деген құрмет алдымен адамның өзіне деген құрметі емес пе? Бұл бір екі мысал ғана, бәрін тізбектей беруге уақыт шіркінге қиянат жасамайық дедік. Айналасы жұп-жұмыр жап-жақсы түсірілген клиптер де баршылық. Ол туралы бөлек әңгіме...
Қарап отырсаң клиптердің көбісі «безадресный». Кімге, неге арналған, не айтқысы келді... түсініксіз. Өздеріне түсінікті шығар, бірақ техногенді ұрпаққа қатысымыз жоқ біздер түсіне алмаймыз ба әлде? Ауыл, туған жер туралы ән айтылып тұрады да махаббат жайлы баяндап кетеді. Мұны клиптің қай стиліне жататынын біз білмейміз әрине. Бәлкім модерн стилі шығар, әйтеуір адам түсініп болмайтын тек шығарма иесі ғана түсіне алатын көркемсурет саласына қатысты стиль сияқты бірдеңе шығар. Бірақ туынды бар адамға түсінікті болғанда ғана ұлы емес пе?
Кейбірқойыртпақ клиптерден көңілі қалған әкесі қызына: «ойға тоқыр түйіні жоқ дүниені неге тыңдайсың?» десе керек. Сонда қызы: «Әке, мен тыңдап отырған жоқпын. Көріп отырмын» деген екен... Бұған алып қосарымыз жоқ.