«Көкжалдар мекені» неге көрсетілмейді?
Барлығымыз да кезінде тамашалаған, түріктің атақты«Көкжалдар мекені» қандай телехикая, жалғасы бар ма? «2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы» Неджадидің өмірін қалай өзгертті?Актердің біз білмеген басқа да, қандай да бір сыры бар? Полат Алемдар кім?
Актердің толық аты-жөні – Мұхаммед Неджади Шашмаз. Абдұлқадир Шашмаздың ұлы. 1971 жылы 15-желтоқасанда, Түркияның шығыс аймағындағы дамыған, әдемі Елазыг қаласында дүниеге келген. Туризм мамандығы бойынша Канадада білім алған. Алты жыл АҚШ-та тұрып жатқан Неджади 2001 жылы жазда отбасына демалысқа келген. Қайтар күнгі билетті 11 қыркүйекке алған. Мінген ұшағы АҚШ-қа барар жолдан 11 қыркүйек оқиғасы себебінен кері қайтарылған. Ата-анасы АҚШ-қа бармай-ақ, жандарында болғанын қалаған. Әке-шешесінің сөзін тастап кете Неджади сөйтіп, АҚШ-та тұрудан біржола бас тартады. Анкарада сақтандыру агенттігін ашады. Бір күні оған атақты режиссер Осман Сынав өзінің телехикая түсіретінін, оған бас рөлде ойнауға ұсыныс жасайды. Неджади бір айдан соң келісімін береді. Көп ұзамай екеуі «Көкжалдар мекені» телехикаясы үшін келісімшартқа отырады.
Бұдан ары Неджади «Көкжалдар мекені» телехикаясының басты рөліндегі Полат Алемдарды сомдайды. Актерлік білім алмаған Неджадидің танымалдығы артып, көрерменнің көзайымына айналады. Ол телехикаяның әлі талай жыл түсірілетінін білмесе керек. Жұрт бұл телехикаядан соң актерді Полат деп айтып жүретін болған.Актердің өзі «Көкжалдар мекені» телехикаясы бар өмірін өзгерткенін, жеке шаруалармен айналысуға уақыты қалмағанын айтады.
Актердің Ражи Шашмаз («Көкжалдар мекені» сериялының сценарийсі) және Зүбейр Шашмаз деген екі бауыры бар. Актердің «АҚШ» атты жыр жинағы бар. Актер 2012 жылы 41 жасында, 20 жастағы Ыстамбұл университетінің экономика бөлімінде оқыған Нагехан Кашыкшымен отау құрды. 2013 жылы туылған Али Надир атты ұлы бар.
Фильмдегі Полат Алемдар – түрік мемлекеті тарапынан құрылған құпия ұйымның арнайы дайындалған жансызы. Шетелде құпия қызметте жұмыс істеген. Соңғы үш жылын Түркиядағы мафияны құртумен өткізген. Кез келген қару түрін қолдана алады, төбелес өнерін жетік біледі. Ағылшын, француз, араб, күрт, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Ол ақылдылығымен қарсыластарын қапы қалдырады. Әртүрлі қауіп пен оқиға барысын өз пайдасына жарата білетін адам. Жауларына мейірімсіз болса, зәбір көрген, езілген бейкүнә жандарға соншалықты шапағаты мол қорғаушы. «Көкжалдар мекені» телехикаясы «Асау жүрек» сериялының түсірілімі біткен соң қолға алынған. Фильмнің 2003 жылы «Көкжалдар мекені. Тосқауыл» деген алғашқы бөлімі түсіріліп, көрсетіле бастады. Екінші «Көкжалдар мекені. Террор» бөлімі түсірілгенімен 2007 жылы 18 ақпанда көрсетілімнен алынды. Бұл бөлім Түркияның ішкі күштерінің саяси тартысын, даулы оқиғаларды сериялға шығарғаны үшін тыйым салынған.
Сонымен қатар «Көкжалдар мекені. Палестина», «Көкжалдар мекені. Ирак» бөлімдері түсірілді. Қазіргі таңда телехикая желісіне әлемдік саяси күштер, массондық жүйе, Сириядағы оқиғалар барысы және әлемдік кейбір саяси жағдайлар тұспалдап арқау етілген. Талай рет фильмге қатысты әлемдік дау, жанжал туындады. Дипломатиялық ресми жауаптар жолданды. Талқыланды. Түркияның сыртқы саясаты мен Еуропа және Израильмен арадағы саяси қатынасқа да әсер етті. Неджади Шашмазға және фильмнің сценарийін жазушыларға қастандық әрекеттері жасалды. Осыдан соң олардың жанына полиция күзетіп жүретін болды. Былтыр қараша айында фильм түсірілімі барысында Полат Алемдар жүргізіп келе жатқан автокөлік басқарудан шығып кетіп, жол көлік оқиғасына ұшырады. Актердің жағы сынып, бір ай ауруханада емделіп шықты. Жақында түрік баспасөзінде телехикаяның соңғы бөлімі ғана түсіріліп жатқандығы және басты рөлдегі Полат Алемдардың телехикаяға түсуден бас тартқандығы туралы ақпарат тарады. Алайда «Panaфильм» кеңесшісі бұл мәліметтің қауесет екенін, фильмнің түсіріле беретінін айтты.
Бір бөлімі 120 минуттық болатын бұл телехикаяны Youtube порталынан екі ай ішінде 36 миллион 305 мың адам көрген болып шықты. Ал бір ғана бөлімін 1,5 миллион, ал арнаның ресми сайтынан апта сайын 1 миллион адам тамашалайды екен. Youtube порталында телехикаяның арабша және ағылшын, орыс тіліне аударылған бөлімдері бар. Сондай-ақ көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нұсқаларын да тамашалай алады.
«Көкжалдар мекені» телехикаясының барлық бөлімін қоссақ, 711 миллион минут уақыт болады екен. Телехикаяның Фейсбуктағы ресми сайтында 4 миллион 370 мың мүшесі бар, ал Полат Алемдардың парақшасына 2 милион 250 мың мүше. Басқа да әлеуметтік желілерде мыңдаған мүшелері бар.Телехикая Түркиядан бөлек Германия, Бельгия, Голландия, Австрия, Ұлыбритания, Швеция, Ресей, Мысыр, Қырғызстан, Қазақстан, АҚШ және Австралия телеарналарында көрсетіледі.
Телехикаяның көрсетілгеніне 12 жыл болды. Жаз мезгілінде үзіліс жарияланып, жылдың қалған 3 мезгілінде түсірілім жүреді. Қазіргі таңда түріктің «D» каналында көрсетілуде. Елімізде бұл телехикаяның бөлімдері «Хабар», «31» арнасы арқылы көрерменге жол тартты. Соңғы жылдары көрсетілмей отыр. Білуімізше, мәселе – телехикаяның құнында. Демек, жоғары сапада түсірілген, бірқатар Голливуд мамандары атсалысатын, бюджеті қомақты телехикаяны сатып алуға қаражат жетпейді. Біздің отандық телеарналар телехикаяның соңғы жылы түсірілген бөлімдерін жыл өткесін, құны арзандаған кезде алып көрсетіп отырғанын айтады мамандар.
Назар ТҰРЫҚБАЙҰЛЫ