Көне мұраларды көзден таса қылмайық
Жер шарындағы көне мәдениеттің көрінісі – ескі ескерткіштер бүгінгі күні адамзат баласының ерекше қызығушылығын туғызады. Ежелгі кезеңнің өзінде жұмыр басты пенделер сәулетті ғимараттар тұрғызып, заманына сай заңғар құндылықпен жұрттың назарын аудартып әлек. Бір қызығы, солардың көбіне қазіргі уақытта дүниенің түкпір-түкпіріндегі тамам ел таңданыс білдіреді. Осындай дүниелер ұлан-байтақ қазақ даласының қай қиырында да алдыңыздан шығады. Өкінішке қарай, біз сол мәдени құндылықтарды өзге жұртқа жарнамалап көрсетуге келгенде кежегеміз кейін тартып, көненің көзіне айналған ескерткішке алыс-жақындағы елдің назарын аударта алмай келеміз.
Жаратқан иеміз қазақтың дарқан пейіліне ат тұяғы сүрініп, құс қанаты талатын ұлан-байтақ даланы тарту еткен екен. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орыннан тұрақ тапқан біздің өлкемізде төрткіл дүниенің арғы-бергі түкпіріндегі жұрттың қызыға да қызғана қарайтын тарихи талай құндылықтың бар екенін бәріміз де білеміз. Десе де, сол дүниелерге өзге жұрттың назарын қалай аудару қажет екенін әлі де толық таразыға тарта алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Өкініштісі, «сол мәдени байлығымызды өзге түгіл, өзіміз толық тани алдық па» деген заңды сұрақ өздігінен көлденеңдей түседі. Өйткені құтты қонысымыз – ауылдың іргесіндегі көне ескерткіштер жайында сол жердің тұрғындарының өзі мардымды жауап беруге шамасы келе бермейді.
Қазіргі таңда көптеген көне шаһар көзден таса болып барады. Кейбірі тіпті жер бетінен мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес. Жайықтың жағасындағы Сарайшықты су шайып, ескі мұралар көзден жоғалуға шақ қалды. Сондай-ақ Қаратаудың Қызылорда облысы Шиелі ауданы тұсындағы Бестам қаласының жағдайы тіпті алаңдатарлық. Өйткені бұл қоныстың іргесінен кезінде каналдар қазылып, қаншама тарихи жәдігерге зиян келтірілді. Одан өзге де проблемалар жоқ емес. Атап айтқанда, бүгінде Жібек жолының бойында орын тепкен талай ескі қаланың ескерілмей тұрған жайы бар. Мәселен, Сыр өңірінің Жаңақорған ауданы аумағындағы Ордакент, Келінтөбе, Мейрамқала (Құмиян), Аққорған шаһарлары осыдан 40-50 жыл бұрын зерттелген. Түрлі деректерде олар туралы қысқаша ақпарат болғанымен, түбегейлі зерттеу әлі де қолға алынбай келе жатқаны алаңдатады. Археолог ғалымдар осы ауданның аумағындағы Сортөбе аталып кеткен көне шаһарға ешқандай назар аударылмағанын айтады. Соның салдарынан бұл қаланың орнын қазір әрең тауып алуға тура келеді.
Тым әріге бармай-ақ қоялық, бергі кезеңдегі тарихи дүниелер де баршылық. Өткен мыңжылдықтың ортан беліндегі талай құндылық елдің көзінен таса болып жатқаны қашан ойлантады бізді? Айталық, ұлтымыз ұлық тұтып, ұғымда қасиетті төр саналған Ұлытау өңірін қаншалықты бағалай алдық? Көне таудың баурайында жатқан талай дүниені өзге түгіл, өзіміз қандай деңгейде таныдық? Шығыс пен батыс аймақтарда да ешкімнің алдында еңсемізді түсірмей, мақтана көрсете алатын тарихи құндылықтар толып жатқан жоқ па? Теріскей мен түстікте де осындай бағалы байлығымыз толып тұр. Осындайда біз қашан өркениетті елдердегі секілді мәдени дүниенің бағасын біліп, оларды елдің арасында насихаттаймыз деген түйінді тақырып шыға келеді алдымыздан.
Тарихшылар қазақ халқының тек көшпелі тіршілікте өмір сүрмегенін айтып келеді. Басқалар секілді отырықшылыққа бейімделіп, жер жыртып, егін егіп, төрт түлікті де түлете білген. Оған басты дәлел ретінде иен байтақ даламыздың кез келген қиырында кездесетін ескі шаһарларды айтуға толық негіз бар? Бәлкім, олар кезінде қала деп аталмаған да шығар. Қыстақ болсын, ауыл болсын, ата-бабаларымыз қай ғасырда да өркениеттің көшіне ілесіп, өзгелермен тепе-тең деңгейде тіршілік қазанын қайнатқан. Сәулеттік өнерді де шебер меңгерген. Өйткені кез келген көне қаланың орнында мұнаралы мешіттер, зәулім-зәулім қоныстар көзге бірден түседі. Сондай-ақ қазақтың қолөнер бұйымдары ешкімнен де кем түспегенін айту – біздің парызымыз. Осылай дегенімізбен, сол қасиетті мекендерге зерделі зерттеу жүргізуге келгенде қолымыз жүрмей қалатыны тағы да рас. «Қазақ даласында қанша қала болған» деген сауал алдымыздан шыққанда да ойланып қаламыз. Өйткені бізде көне мұраларды таразылап, келелі пікір айтатын ғалымдар жетісе қоймайды. Атап айтқанда, археология ғылымында мамандар аздығы байқалады. Олардың дені – ұзақ жылдан бері тер төгіп жүрген жасы үлкен азаматтар. Расында, біз әлі күнге дейін төл тарихымызды түгендей алған жоқпыз. Ол үшін қаншама еңбек жасалуы керек екені бесенеден белгілі.
Мадияр ЕЛЕУОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Елімізде бұл орайда «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған. Сол себепті аталмыш жұмыстарды жүйелі жүргізуге зер салғанымыз орынды болар еді. Әрине, осы бағытта біршама жұмыстар атқарылғанымен, әлі де қолға алатын жұмыстар баршылық. Атап айтқанда, Сыр бойының өзінде талай мәдени мұра мен дүниелер жетіп-артылады.
Кейбір ғалымдар Сыр бойында «Мыңнан астам көне қаланың орны бар» дегенді көлденең тартады. Бәлкім, олардың саны оған жетіп жығылмауы да мүмкін. Десе де, соның бестен бір бөлігі болғанның өзінде біз оларды жатқа айта аламыз ба? Еске сақтап жүргеніміз саусақ санынан аспайды. Қалғанына кейбір жылдарда зерттеу жасалғанымен, көбі жер бетінен жоғалып кеткен де болуы мүмкін. Мәселен, 2000 жылдары Арал теңізі табанынан табылған Кердері шаһары туралы бұрын-соңды білген де жоқпыз ғой. Осындай қалалардың саны қаншама?
Берік ЖҮСІПОВ, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Кейде аудандарға барғанда кейбір жауапты азаматтардың жергілікті жердегі мәдени құндылықтардан хабарсыздығы байқалып қалады. Әрине, ол дұрыс емес. Төл тарихымызды білу әрбір азаматтың міндеті болса керек-ті.