Көненің құнын білмейміз
Ғаламды қаржы дағдарысы жайлаған тұста қалталы азаматтар ақшасын қалай сақтарын, қай салаға құярын білмей бас қатырып жүр. Себебі кеше ғана бағасы аспандап тұрған зәулім сарайлар мен темір тұлпарлардың бағасы бүгін күрт құлдырап кетті. Алайда ақылды адамдар ешқашан өз бағасын жоймайтын, қайта күн өткен сайын қымбаттай түсетін нәрсенің не екенін біледі. Сондықтан дағдарыстың салқынын сезгеннен-ақ олар қолдағы ақшасын банкке, депозитке не болмаса жылжымайтын мүлікке емес, қымбат бағалы картиналар, зергерлік бұйымдар сатып алу арқылы антиквариат саласына салады. Себебі дағдарыс қанша қысқан сайын, көне дүниелердің құны өсе беретіні – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Шындықтың шымылдығын ашып қарайықшы, қазақтың небір құнды дүниелері қайда кетті? Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында шекара асып, сатылып кетті емес пе? Оның себебі елімізде жәдігерлер мен оны жинақтаушылар арасын реттейтін заң жоқ. Тек Қазақстаннан тарихи құнды бұйымдарды сыртқа шығаруға тыйым салатын кеден бұйрығы ғана бар. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқтығын пайдаланған шетелдіктер қазақтың небір қалы кілемдері, баға жетпес зергерлік бұйымдары мен ертоқымдарын тиын-тебен беріп, алып кете барған.
– Өкінішке қарай, 50 доллардың шетін көрсе, қандай құнды дүниені болсын қуана қолтықтатып жіберген аңқау азаматтарымыз әлі де бар, – деді Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, еліміздегі санаулы ғана жәдігер жинаушылардың бірі Азат Әкімбек.
Көненің көзіндей құнды жәдігерлерімізді құнттамауымыздың сыры неде? Бірінші себебі – көшпелі өмір салтын кешкен кешегі бабаларымыздың өмірі аттың жалында, түйенің қомында өткендіктен, көлденең жатқан көне бұйымды көтеріп алуға мұршасы да келмеді. Екіншіден, Кеңес Одағы тұсында көрсету былай тұрсын, антиквариат туралы айтудың өзі қылмыспен бара-бар еді. Өйткені рухани мұра жекеменшіктің емес, мемлекеттің ғана иелігінде болуы тиіс еді. Қазіргі жинақтаушылардың арасында сол заманды көзбен көрген Азат Әкімбек өзінің талай тергеуге алынып, әрбір басқан ізі аңдуда болғанын айтады. Сол кезбен салыстырғанда, қазір жағдай әлдеқайда тәуір деуге болады.
Айтпақшы...
Қазіргі таңда Қазақстандағы ең атақты жәдігер жинақтаушы – Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. «Орхон-Енисей» жазуларын елге алып келген зиялы азаматтың қолында түркі жұртының, Кавказ халықтарының көне ғасырларда қолданған құнды дүниелері, әсіресе, зергерлік бұйымдары көп екен. Қазір оның коллекциясы Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында көрмеге қойылған. Одан кейінгі орында тұрған жинақтаушы – атақты кино әртісі Меңтай Өтепберген. Жалпы, кино тарихындағы маркалар мен қазақ киносының тарихын бейнелейтін киноафишалардан тұратын Меңтай Өтепбергеннің көрмесі шетелдерде жиі көрсетіліп тұрады. Бүгінде олардың қатарына қазақтың зергерлік бұйымдарымен, балбал тастарымен және де қалалардың көне суреттерін жинаумен әуестенуші коллекционерлер қосылуда.
Сондай-ақ қазір қазақтың қалталы азаматтары антиквариатқа көңіл бөле бастапты. Кезінде тойларда бір-біріне теледидар, кір жуатын машина сыйлайтын жұрт қазір біртіндеп өнер туындыларына, оның ішінде антиквариатқа көшуде. Бүгінде бірінші орында сурет тұр. Жағдайы жеткендер Қастеев, Шарденовтермен қатар, әлемдік аукционда жоғары бағаланатын Еуропа мен Ресейдің атақты суретшілерінің картиналарын бір-біріне сыйлайтын болыпты. Сондай-ақ мерейтойларға адамның жас шамасына қарай, мәселен 35-40 жас шамасындағы жігіттерге – қару-жарақ, 50-ден асса – көне «Құран-Кәрім» секіл ді түрлі жәдігерлер тарту етеді.
Өнер туындыларының осылайша қымбат бағалануының сыры – оның ғасырлар өркениетінен сыр шертетіндігінде. Әйтсе де бүгінде жалған жәдігерліктерді жасайтындар да аз емес. Қашанда «көшірудің шебері» Қытай «қара антиквариаттың» да отаны саналады екен. Көбіне олар қазақтың қылышын, фарфор бұйымдарды жасап, 40-50 долларға сатса, саудагерлер оның үстіне он есе бағасын қойып, саудалап жүр. Ондай жалған жәдігерге кімдер ұрынады? Алаяқ антиквариат сатушылар бүгінде жұмысбасты, қызмет орнынан бір сәтке кете алмайтын бизнесмендердің маңын торуылдайтын болып алған. «Мынау менің арғы атам не әжемнен қалған еді, дүкендерде бұл бәлен тұрады. Маған аяқасты ақша керек болып қалды, әйтпесе сатпас ем» деп мүләйімсіген саудагердің сөзі мен әшекейдің әдемілігіне арбалған қалталы кәсіпкер оның құжатын да басқасын да сұрамастан ала салады. Содан күндердің бір күнінде көне дүниені айыра білетін біреу айтқанда барып, әлгі адам өзінің алданғанын біліп, сан соғып қалады. Осындай алаяқтарға алданып қалмаудың бірден-бір жолы – құнды заттың құжатын сұрау. Сараптама жасалған сертификаты жоқ дүние дүдәмал деген сөз. Қолда бар қазынамызды сақтап қалғымыз келсе, Мәдениет және ақпарат министрлігі антиквариат және жинақтаушылар жөнінде арнайы заң қабылдау жағын қолға алуы қажет. Осындай ұсынысты айтып жүргеніне біраз жыл болған Азат Әкімбектің қолындағы құнды жәдігерлердің саны 15 мыңнан асып жығылады екен. Ал Ә.Қастеев атындағы еліміздің ең басты мұражайында 21 мың зат бар. Былтырлары осы мұражайдың тоналғаны да естеріңізде болар. Соның бәрі біздің салғырттығымыздан. Заң болмағандықтан, бүгінде бір ғана Алматының өзіндегі 20-дан астам антиквариат салондарында қай зат қандай бағаға сатылып жатқанын ешкім де қадағалап отырған жоқ. Есті ел ретінде етек-жеңімізді жинайтын кез жетті ғой. Қашанғы тонала бермекпіз? Коллекционер дегенге үрке қарамай, тереңіне бойлайық та. Себебі ол тірнектеп жинағанын өзімен арқалап кете алмайды ғой. Ерте ме, кеш пе, жәдігерлер мемлекеттің қарауына көшеді. Алысқа ұзамай-ақ қояйық, Ресейдің атақты коллекционерлері Павел Третьяков, Пушкин мұражайын құрған Марина Цветаеваның әкесін алсақ та, жинаған дүниелері қазір Ресейге қалды емес пе?..
Прайс-парақ
Картиналардың ең төменгі бағасының өзі 25 мың доллар болса, ең жоғарысы 500 мыңға дейін жетеді. Ал «Құран-Кәрімдердің», пергаментпен жазылған бір бетінің өзі әлемдік нарықта 1430 доллар тұрады. Кілемдердің бағасы 4500 фунт-стерлингтен басталады.
Ол аз десеңіз...
Таяуда Алматыда болған бір аукционда қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің бір картинасы 175 мың долларға бағаланған. Содан бір қалталы жігіт «Джип» автокөлігінің кілтін ұсынып, Азат Әкімбектен сол картинаны сұрайды. Әрине, қалталы жігіттің қолы кейін қайтарылады, себебі көліктің құны өнер туындысының бағасына балама бола алмайтын еді. Айтқандай-ақ сол кезде 100 мың АҚШ доллары шамасында тұратын қымбат көліктің қазіргі бағасы 70 мыңдай ғана. Ал картина құны күн санап шарықтау үстінде.