Консулдар күй тартқан күн
Осыдан біраз күн бұрын ғана Америкадағы қазақ жастары «Қаражорға» ұлттық биін билеп, Тәуелсіздігіміздің мерейтойын өздерінше атап өткен болатын. Енді АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы ҚР Бас консулдығының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Оған АҚШ мемлекеттік департаментінің, іскерлік және қоғамдық топтардың, дипломатиялық корпус пен БАҚ және қазақ диаспорасының өкілдері шақырылды. Шараның ашылу сәтінде сөз сөйлеген Қазақстанның Бас консулы Раушан Есболатова біздің мемлекетіміздің халықаралық аренадағы, ел ішіндегі демократиялық және экономиалық қайта қалыптастыру ісіндегі жарқын көріністерін атай келе, алдағы даму мен болашаққа қойылған міндеттерді атап өтті. Бұл ретте егемендік жылдарында Қазақстан дамуындағы Елбасының рөлі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар қонақтар алдында диаспора өкілдері Гүлжан Түзелбаева мен Салтанат Наурызбаева «Атамекен» әнін орындаса, вице-консул Қадыр Қаюпов бірнеше күй тартты. Диаспора өкілдері сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, келушілерге дәм татқызды. Шара соңында қонақтар Қазақстанның кешегі және бүгінгі тарихынан сыр шертетін арнайы көрмені тамашалады. Жалпы, бұл Америка қалаларында ұйымдастырылып келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне арналған көп шаралардың бір парасы ғана. Қазақстан консулдығы осы бағыттағы жұмыстарын алдағы уақыттарда да жандандыра түспек.