Көрерменін өнер кәусарынан сусындатқан...
Жақында Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованың 80 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеш өтті. Театр сахнасы мен кино өнерінде талай жарқын бейнені сомдап, көрермен ықыласын иеленген майталман актрисаны жұртшылық ұлт мәдениетінің дамуына бағалы үлес қосқан көрнекті қайраткер ретінде таниды.
З.Әкішев «Жаяу Мұса», 1965 ж. Байдалы – М.Өтебаев, Сапар – З.Шәріпова
Әбділдә Тәжібаевтың «Көңілдестер» пьесасында ойнаған алғашқы рөліне тәнті болған әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов актрисаға Зәмзәм-кәусар деген ат берген екен. «Бұл ат мені көп көтеріп тастады. Кейін «Қарагөзді» дайындап жүргенде де Мұқаң білмегенімді түсіндіріп, ақыл-кеңесін беріп жүрді», – дейді Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы. Театр сахнасында 100-ден астам қойылымда ойнаған әйгілі өнер саңлағының ең сүйікті рөлі де – Қарагөз. Ол осы рөлімен Қазақстанның Халық әртісі атанып, театртанушы ғалымдардың жоғары бағасын алды. Мысалы, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Сахна саңлақтары» атты кітабында: «Зәмзәгүл-Қарагөзден ұлы Мұхтар Әуезов суреттеген мінездердің, бояулардың біразын көруге болады», – деп жазды.
Қазақтың М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 1952 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Зәмзәгүл Шәріпова сан қилы образдарға еніп, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Айман, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» – Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында – Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» – Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында – Нұрсұлу, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» – Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» – Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» – Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлима іспетті басқа да көптеген рөлді асқан шеберлікпен орындады. Өнердегі жолын театрдан бастаған талантты актриса алғаш рет 1954 жылы үлкен экранға шықты. Ш.Айтматовтың «Дала қызы» фильмінде Нұржамалдың бейнесін кейіптеп, өмірдің тауқыметін көп тартқан кейіпкерінің тағдырын мейлінше шынайы көрсете білді. Одан кейінгі уақытта Ш.Аймановтың «Біз осында тұрамыз» фильмінде – Дина, Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» – Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» ана бейнелерін жасаған, Ә.Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен. Зәмзәгүл Шәріпова – сонымен қатар дубляж бен көркемсөз оқудың да шынайы шебері атанған сан қырлы өнер иесі.
Мерейтой кешінде Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың Зәмзәгүл Шәріповаға құттықтау хатын Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов оқып берді. Өнер майталманына мұндай құттықтау хатты еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те жолдаған екен. Сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы да мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін арнап, сый-сияпаттарын табыс етті.