Көркем аудармадағы жаңа леп

Көркем аудармадағы жаңа леп

Әдемі, көркем дүниенің қашанда жүрекке жол тартатыны рас. Сондай әдемі дүниенің бірі – бас-аяғы ықшам, қысқа жазылған, ХХ ғасырдағы Американың көрнекті ақындарының бірі Карл Сэндбергтің (1878-1967) «Көк майса» атты өлеңі. Ақынның бір бұл ғана емес, талай тамаша дүниелері бар. Біздің оның осы бір өлеңіне ғана тоқталатын себебіміз – Карл Сэндбергтің қазақ тіліне аударылған өлеңдері жоқтың қасы. Оның ағылшын тілінен төте қазақшаға тәржімаланған өлеңдерінің бары да, басы да осы екенін нақты айта аламыз. Өлең мазмұнының жалпыадамзаттық тақырыпта болуында емес, өлеңнің түпнұсқадан жасалған тәржімасының айта қаларлықтай сәтті шыққанында болып отыр.
Аударушы Дәурен Берікқажыұлының қазақ аудармасының қоржынын әлем поэзиясы­ның асыл жауһарларымен толықтырып жүрген аудармашылық қыры да көпке мә­лім.  Өлең 2008 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген ақынның «Алдаспанның арызы» атты шағын өлеңдер жинағына кірген бір топ шетел ақындарының өлеңдерінің ішінен таңдап алынды. Өйтетін себебіміз – кітаптағы өзге ақындарға қарағанда Карл Сэндберг бізге уақыт жағынан жақын әрі өлеңінің бітімі мен табиғаты да өзгерлерінен бөлектеу. Енді сол өлеңді оқып көрейік:

Аустерлиц пен Ватерлоода өрімдер
Таудай-таудай өлік болды, көміңдер.
Мен – көк майса, көктеп шығам
                                                           бәріне,
Жұмыс істеуге маған мұрсат беріңдер.

Геттисбургтің түбіндегі барлығын,
Ипр менен Вердендегі қалдығын 
Түгел жинап, қара жерге көміңдер.
Содан кейін жұмысымды көріңдер!

Жылдар өтсін... жүздер кетіп,
                                                  жүздер кеп,
Сұрар әлі «Қайда келдік біздер?»
                                                                деп.
Мен – көк майса,
Жұмыс істеуге маған мұрсат беріңдер.

Көк майсаның атынан сөйлеген автор соғыс даласында опат болған боздақтарды жоқтайды. Олардың қабірлерін көк майса болып жауып, ғасырлардан ғасырларға тоздырмай, қанқұйлы соғыстың зардабын келешек ұрпаққа ұғындырмақ болады. Өлең түпнұсқасында да, аудармасында да қа­рапайым, шымыр тілмен ұғынықты жа­зыл­ған. Бір қарағанда эмоциялық әсері сол­ғын, қол ұшымен жеңіл жазыла салған дү­ниедей боп көрінгенімен,  ішкі иірімін дөп басып таныған адамға өлең қай жағы­нан да көркем әрі әсерлі. Әлгі айтқан «қа­ра­пайымдылық­тың» өзінде-ақ ақын ойы­ның қуатты күші ешбір жерде сарқылмай, қай­та екіленіп, екпіндей түседі. Қалай бол­масын шығарма­ның екінші бір тілде ба­ғының жану-жанбауы аудармаға тікелей бай­ланысты. Керемет шығармалардың со­ры – аударушысының олақтығында. Соған қа­рағанда Карл Сэндбергтің мына «Көк майсасын» жолы болған туындылардың қатарында деуге болады. Ақын шабыты тосаңсып жатып қалмай, қайта төске ұрған балғадай әр сөз, әр дыбысына дейін нақ­па-нақ. Түпнұсқадағы өлең құрылымы ұйқасқа бағынбаған, ақ өлең түрінде жа­зыл­ған. Ал аудармасында кәдімгі 11 буынды қара өлең ұйқасына салып ау­да­рылған. Бұл аударушының қазақ оқыр­манының талғамына сай етсем деген ойы­на байланысты қабылдаған аударма тәсілі еке­ні даусыз. Бірақ онысынан түпнұсқадағы көр­кемдік бұзылмай, ой мен ой дәлме-дәл түсіп жатыр.
Дегенмен өлең аудармасында түпнұс­қа­дағы ойдың желісі бұзылмай, толық сақ­талған. Өлеңнің «Аустерлиц пен Ватерлоода өрімдер Таудай-таудай өлік болды, кө­мің­дер» деп басталатын алғашқы екі жо­лын­дағы «өрімдер» мен түпнұсқада кез­дес­пей­тін «таудай-таудай өлік» қайдан шық­қан деп таңғалатындар болар. Аударушы мәтіндегі bodies (өлгендердің мүрделері) сөзін қазақ тіліндегі «өрімдер» сөзімен ауыс­тырып ұтымды жол тапқан. Ал «тау­дай-таудай өлік» соғыс даласының суретін бар­лық қасірет-күйігімен жүрекке дәл жет­кі­зіп тұр. Дәл осындай «артық» дүниелер екін­ші шумақта да бар. Алғашқы екі жолды аяқ­тап тұрған «барлығын», «қалдығын» сөз­дері сырттай қарағанда ұйқас үшін қол­да­нылып, үшінші жолдағы «түгел жинап» сөзі басы артық көрінгенмен, барлығы керекті жерінде тиісті міндеттерін атқарып тұр. Сондықтан бұл сөздерді аударушы өз жанынан қосты дегеннен гөрі түпнұсқа әсерін әлсіретпей жеткізуге ұтымды пайдаланды дегеніміз оңды. Алайда есте болатын бір жайт – аудармашының мұндай «еркіндікке» аса сараң болғаны абзал. Керек жерінде ғана, соның өзінде аса сақ­тықпен, дәлдікпен қоя білмесе, ауа жа­йы­лып кетуі кәдік. Кезінде аса көрнекті ақын әрі аудармашы Ғали Орманов аударған Лермонтовтың «Шыңдағы крест» атты өлеңіндегі «Туда долететь лишь степному орлу»  деген жолдың «Тек қана бүркіт жетіп дамылдаған» боп аударылып, ондағы «да­мылдаған» сөзінің түпнұсқада жоқ екеніне сыншылардың қынжылыс білдіргені талай нәрсені аңғартады.
Рас, өлеңді оқыған әуелгі бір сәтте ау­дар­машы қаламы жүйткіп, ойқы-шойқы, дүм­білез сөздерге соқтырмай түзу келе жа­тады да, өлеңнің тап қайырмасы іспетті let me work... сөзіне келгенде «жұмыс істеуге...» деп тым қарабайырлап жібер­ген­дей көрініп, көк майсаның жоғарыда айт­қан тәңір сыйлаған мәңгілік уәзипасын, асқақ міндеті мен борышын жай ғана «жұ­мыс­қа» теңегені көңілге де, көркемдікке де олқы соғып тұрғандай болып, ішіңізден «қап!» демеске амалыңыз жоқтай сезіледі. Бақсақ, бұлай емес екен. Міндет-борышын еш­қашан бұлдамайтын қарапайым май­саның қызметін «жұмысқа» теңеуде тұрған ештеңе жоқ сияқты. Онсыз да өлеңнің қа­ра­пайым бойына жарасып тұр, артық жыл­тырақтың қажеті не?! Қайта аудар­ма­шы­­ның өз орнына дәл қонып тұрған «қа­ра­пайым» сөзді әлеміштемей-ақ сол кү­йінде бергенінің өзі көркемдікті таба білгені болар?!
Бұл ойымызды осы жерден үзейік те, енді өлеңнің соңғы шумағына қайта ора­ла­йық. Бір қызығы, өлең соңында жолау­шы­лардың билет жинаушыға қоятын екі сұ­ра­ғының бірі What place is this? (Бұл не­ғылған жер?) аудармасында түсіп қалған да, Where are we? (Біздер қайда келдік?) сұраулы сөйлемнің өзі ғана алынған. Ау­дар­машы екі сөйлемді бірін-бірі ауыстыра бе­ретін, мағыналық алшақтығы жоқ бір ұғымдағы сөйлемдер деп қараған да, екі қайталауды артық көріп, бірін аудармай қалдырып кеткен не төрт жолды шумақ өлшемінен ауытқуды жөн көрмеген. Енді осы жолдарды қарап көрейік:

Жылдар өтсін... жүздер кетіп,
                                                  жүздер кеп,
Сұрар әлі «Қайда келдік біздер?»  деп.
Ағылшыншасы:
Two years, ten years,
         and passengers ask the conductor:
What place is this?
                                    Where are we now?

Негізінде, автор ойының ең шешуші түйінін өлеңнің осы жерінде айтқан деп білеміз. Көк майса бостандық үшін опат болған ұландардың сүйегі жатқан молаларды жел мен жаңбырдан қорғайды. Содан жаңарған бір буынның ұрпақтары сол тұстан өтіп бара жатып молаларды көріп қайран қалысады. Жоғарыдағы сұрақтарын қояды. Әрине, ұрпақтың осы білместігі аруақтардың көңіліне келер еді. Сондықтан осы екі сауалды автор осы жерге әкеп әдейілеп қойған.
Тәуелсіздікке дейінгі жылдарда қазақ ақын-жазушыларының арасында ағылшын тілінен шығарма оқып я оны аударатындары жоқтың қасы еді. Бірлі-жарлы неміс, фран­цуз тілінен тәржіме жасаған оқы­мыстылар болмаса, былайғы әдебиет саласында жүргендерден ешкімді біле бермейміз. Бүгінгі заманның ақын-жазушыларына шет тілін білу қажеттілігі туды, өз басы үшін де, ұлт игілігі үшін де. Сонда да осы күнгі әдебиетшілер арасында кезіндегі «Тынық Донды», «Анна Каренинаны» аударған­дағыдай шабытты ізденіс, аудармадан жемісті еңбек күткен ықылас пен құлшыныс байқала қоймайды. Жазушының суреткерлік беделін арттыратын асыл қасиеттерінің бірі төл туындыларынан оқшау тұрған осы бір аударма өнері екені даусыз. Өз халқының әдебиетіне жаны ауыратын, ұлттық рухани қазынасының байығанын көксейтін кез келген ақын-жазушының аударманы бос дүние көрмесі кәміл. Тәуелсіз қазақ поэзиясында өзіндік өрнек-үнімен танылу жолындағы сәтті де батыл шығармашылық ізденістерімен, азаматтық айнымас ұғым-ұстанымымен көзге түсіп жүрген сезімтал ақын Дәурен Берікқажыұлының Батыс поэзиясының классигі Сэндбергтің «Көк майсасын» аса жауапкершілікпен аударуы да осы ойдан туған, сонысымен де сәтті шыққан деп білеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста