«Көроғлы» түркі әлемін аралайды
Әзірбайжанның белгілі композиторы Узеир Гаджибековтің «Көроғлы» операсы түркі тілдес алты мемлекеттің бірлесуімен сахналанатын болды. Түркі рухани әлемінде алғаш рет қолға алынған ірі халықаралық жоба ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен жүзеге асырылғалы отыр.
Тұңғыш рет өткелі отырған халықаралық жобаның мақсаты – түркі халықтары арасындағы мәдени қатынастарды дамыту, түркілердің ортақ мұрасын насихаттау және туысқан елдер өнерпаздарының кәсіби шеберлігін арттыру. Халықаралық жобаға түркітілдес елдерден 250-ден астам әртіс қатысады. Атап айтсақ, Түркиядан – 15, Қазақстаннан – 15, Әзірбайжан мен Башқұртстаннан – 10, Татарстаннан – 7, Қырғызстаннан 180 өнерпаз «Көроғлы» операсын түрік тілінде бірлесіп орындамақ. Операның тұсаукесері алдағы қыркүйектің 9-ы күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді. Одан кейін қойылымды Алматы жұртшылығы қыркүйектің 12-сінде, Анкара халқы 15-сі күні тамашалай алады. Ал қыркүйектің 18-інде опера автордың елі Әзірбайжанда сахналанады. Себебі дәл осы күні – Узеир Гаджибековтің туған күні. «Қойылымның режиссері мен дирижерінің әр елден болып жататыны – опера тарихында бұрыннан кездесетін жайт. Ал түркітілдес елдердің операсы мен балетін біріктірген мұндай жоба бұрын-соңды тәжірибеде болмаған». Кеше операның әлемдік премьерасына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ТҮРКСОЙ халықаралық қорының бас директоры Дүйсен Қасейінов осылай деді.
Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас директоры:
– «Көроғлы» операсын 2010 жылы Стамбул қаласында көрсету жоспарланған. Себебі келер жылы Стамбул еуропалық мәдениеттің астанасы ретінде таңдалып алынды. Осылайша, түркітілдес елдердің операларын әлемге танытуды көздеп отырмыз. Осындай жобалардың арқасында еліміздің театрларында түрлі елдердің авторларының шығармалары пайда болады. Және әртістердің де өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік туады.
Қаперге
«Көроғлы» эпосы – түркі халықтарына ортақ әйгілі фольклорлық мұра. Түрік, әзірбайжан әдебиетінде Көроғлы – қарапайым халықтың езгісіне, зорлық-зомбылыққа қарсы күрескер ретінде бейнеленсе, қазақ, қырғыз, өзбек әдебиеттерінде қаһармандық эпостың басты кейіпкері. Халық аңыздарының негізінде 1936 жылы жазылған Узеир Гаджибековтің «Көроғлы» операсы алғаш рет 1937 жылы сәуірдің 30-ы күні Баку қаласында сахналанған.