Күй аспанының Қаршығасы еді...
Қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Ықылым заманнан бергі жалғасын тапқан күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина ұрпаққа аманат еткен күй өнерін жалғастырушы, күй Қаршығасы ғайыптан дүниеден озды...
Жастайынан талантын ұштаған өнер ордасы Алматыға қоныстанған дүлдүл домбырашының туған жері дегенде жүрегі өзгеше соғатын. Содан ба, Жаратушы иеміздің өзі күй Қаршығасының соңғы демі өз ауылында мәңгілікке үзілуін маңдайына жазыпты. Күй отаны Атырау облысы Махамбет ауданы, Таңдай елді мекенінде 1946 жылы 25 наурызда дүниеге келген домбырашы алғаш рет бес жасында қара шанақ домбыраны қолға алған екен. Содан бері домбыра серігінен еш айырылған емес. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны Құбыш Мұхитовтың класынан аяқтаған талантты домбырашы өзінің күй құдіретін сезінуі ерекшелігімен тұстастарынан оқ бойы озық шығып, елге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал болды. Бүгінде өнерімен өзгешеленген күй перісі атанған ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, Салтанат Құдайбергенова, Сания Ерғалиева сынды таланты ғажап дарабоздарды тәрбиелеп шығарды. Домбырашылығымен қоса, күй шығару, оркестрге дирижерлық етуде Қаршыға ағамыз өзіндік орнын тапқан дара тұлға бола алды.
Батыс аймақ күйлерін, соның ішінде Махамбет батырдың белгісіз күйлерін зерттеп табуда Қаршыға Ахмедияровтың елеулі еңбегі бар. Оның «Күй Ұран», «Нарын» мен «Нұрғиса» күйлерін тыңдаған адам күй құдіретіне еріксіз бас иеді. Киелі күйдің кілтін дәл таба алған Қаршыға Ахмедияров осылайша елінің «Күй Қаршығасы» атанып кетіп еді.
Кеше Атырау жұртшылығы талантымен танылған, апталдай азаматын соңғы сапарға шығарып салды. Халыққа ортақ тұлғаны өзі жастайынан мекен еткен өнер ордасы Алматыға жеткізіп, сондағы жұртшылықпен соңғы рет қош айтыстыруға ұйғарған ел азаматтары күй Қаршығасын Алатаудың баурайына мәңгілік мекенге тапсырмақшы. Соған орай, Атырауда күй анасы Дина шешейдің ескерткіші алдында қаралы митинг өтті.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бүгін сағат 10.00-де Алматыдағы М.Әуезов атындағы театрда өтпек.
Қазақ музыка мәдениетінің орындаушылық саласында өзіндік мектеп қалыптастырып кеткен талант иесі Қаршыға Ахмедияров 1965 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясы домбыра кафедрасының дайындық курсына түсіп, үлкен өнер жолына бет бұрады. Онсыз да күй тартуға бала кезден машықтанған Қаршыға сол жылдың өзінде-ақ атақты Құрманғазы атындағы халық-аспаптар оркестріне шақырылып, сонда өнер көрсете бастайды. Осынау үлкен ұжым құрамында жүріп, кейін жеке орындаушы ретінде де көпке таныла бастады.
Бұған дейін ол Атырау қаласының музыка колледжіне түсуге бағын сынаған.
Бірақ сол кезде жас Қаршыға домбыра бөліміне емес, хор дирижері бөліміне қабылданған. Онда біраз оқығаннан соң оның тамағына суық тиіп, даусына зақым келтіріп алады. Осы жағдайдан соң, ол оқуын доғаруға мәжбүр болып, бір жылдан соң Алматыдағы малдәрігерлік институтқа оқуға түседі. Алайда Алматыда жүріп, оның күйге деген құлшынысы тіпті арта түседі. Кеңес заманы дәуірлеп тұрса да, ол кезде қазақ жастарының ұлттық өнерді дәріптеуі айтарлықтай дәрежеде еді. Институт оркестрінің жетекшісі белгілі сыбызғышы, домбырашы Н.Жорабеков жас Қаршығаның қарымын бірден байқап, сол кездегі академиялық Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, КСРО Халық әртісі, профессор Ш.Қажығалиевқа тыңдатады. Бұл оқиға Қаршығаның музыка маманы ретінде еңбек жолының және консерваториядағы студенттік өмірінің бастауына айналды. Музыкалық білімімді толықтырсам деген ол консерватория қабырғасында жүріп, домбырадан Халық әртісі Қ.Жантілеуов, профессор Қ.Мұхитов, У.Бекеновтерден дәріс алды. Ақыры 1972 жылы консерваторияны үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы оркестрге жолдама алады. Бұл жолдама Қаршыға үшін үлкен өнерге ашылған даңғыл жол болды. 1986-88 жылдары Мәскеудегі жоғары дирижерлық курста оқыған. Келе-келе өзіндік мектеп қалыптастырған қайталанбас шебер бұрынғы Кеңестер Одағына кіретін республикаларды айтпағанның өзінде, АҚШ, Жапония, Норвегия, Италия, Финляндия, Франция, Швеция, Швецария, Марокко тағы басқа көптеген елдерде оркестр құрамында және жеке концерттік сапарлармен болып, қазақ күйінің абыройын аспандатты. Күй өнерінің алыптары саналатын Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мәмен, Ерғали, Соқыр Есжан сынды қазыналы күйшілер дүниеге келген Нарын құмында өскен Қаршығаға күйшілік өнер Алланың рақымымен, ананың сүтімен, топырақтың киесімен келсе керек. Қара домбырасын ешқандай дүниеге айырбастамай өткен Қаршыға күйші 1977 жылдан бері Алматыдағы консерваторияда домбырада орындау шеберлігінен дәріс береді. Осы уақытқа дейін қаншама таланттардың жолын ашып, қаншама мықты шығармалардың дүниеге келуіне себепкер болды?!
Музыкалық білім беру ісінің білгірі ретінде шебер күйшіге 1994 жылы профессор ғылыми жоғары атағы берілді. Ал қазіргі уақытта Атырау, Маңғыстау облыстарында, консерваторияда Қаршыға Ахмедияров атындағы жүлде үшін домбырашылар додасы ұйымдастырылып, ерекше көзге түскен жас таланттар «Үкілі домбыра» сыйлығына қол жеткізуде.
Қай кезеңде болмасын, дәстүрлі өнердің жанашыры бола білген, ол «Қазақтың 1000 күйі» жобасының ойдағыдай жүзеге асуына бір кісідей атсалысты. Оның бастамасымен консерваторияда «Дәстүрлі орындаушы» мамандандырылған курсы жұмыс істейді. Онда қазақтың классикалық әндерін нақышына келтіре орындайтын ұл-қыздар қосымша сабақ алады.
Халықтың ұлы бола білген ол кейінгі ұрпақ үшін ең алдымен үлкен ұстаз. Күйші Қаршыға – өз өмірінде қазақ күйінің құдіретін сахна арқылы ғана әспеттемей, күй төңірегінде бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектер жазған ғалым.
Оның көп ғылыми ізденістерінің нәтижесінде кезінде талай жауһарларымыз арамызға қайта оралды. Соның бірі ретінде Махамбет, Динаның күйлері алғаш рет баспа бетін көріп, кітап болып басылғанын айта кетсек те жеткілікті.
Қаршыға Ахмедияров талантының тағы бір қыры – композиторлығы. Оның алғашқы туындылары сонау 60-жылдардың бас кезінде дүниеге келді. Бүгінде сол туындыларының біразы үлкен концерттік сахналарда орындалып жүр. «Күй аспанының Қаршығасы» атанған дарын иесі күллі дүниені тамсандырып, күй құдіретін мойындата білді. Өз күйлерінде ұлттық нақыштың тұтастығын сақтай отырып, ол халқымыздың батыс, шығыс, оңтүстік, Арқа, Жетісу өңірлерінің күй тарту дәстүрлерін арқау етіп, оны жетілдіп, дамытуға мол үлес қосты.
Ол 1981 жылы Қазақстан делегациясының құрамымен АҚШ еліне арнайы сапармен барған кезінде өзімен бірге домбырасын да ала барған болатын. Осылайша қазақтың қара домбырасының қоңыр үнін мұхиттың арғы жағына ең алғаш таныстырған да осы Қаршыға еді. Осынау әсерлі сапардан елге оралғаннан соң, оған Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағы берілді. Одан сәл кейінірек Мемлекеттік сыйлықтың, ал 1992 жылы Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері мәртебесі бұйырды.
Ол кісінің үлкен бір арманы бар еді. «Менің арманым – Стадионға мыңдаған домбырашының басын қосу еді. Соларды отырғызып, бірдей Құрманғазының «Сарыарқасы» мен Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» ойнатсам арманым жоқ..» – деуші еді. Өкінішке қарай, 500-ге жуық күйшінің ғана басы қосылып, Республика сарайында өнер көрсетті. Ал мыңдаған күйшінің басын қосып, алып стадионды күй күмбіріне толтыру арманы орындала қоймады. Оның үстіне күйшінің бұл ұсыныс-ойына ресми орындағылар аса мән бере қоймады. Сол арман енді аманатқа айналғандай...
Қаршыға Ахмедияров, ҚР Халық әртісі:
– 1000 күйдің жарыққа шығуы – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық, ғажап оқиға, түптеп келгенде, бұл – бүкіл елдің байлығы. Ал күй байлығында есеп жоқ, оны бір сөзбен сипаттап айту мүмкін де емес. Өйткені қазақтың атам заманнан бергі бүкіл тарихы осы күймен суреттелген. Әзірге 1000 күй текшеленіп алынып отыр. Әлі де талай күйдің іріктеліп, сұрыпталып, ел-жұртқа ұсыныла беретіні анық. Мынандай қиын заманда осындай үлкен жобаның іске асқанын тіпті ұлт мәдениетіндегі үлкен жетістік деп бағалауға болады.
«Алаш айнасы», 26 ақпан 2010 жыл