Күй күмбірлеп, ән шалқыды
Оралда белгілі күйші, композитор, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмеловтің шығармашылық кеші өтті. Асқаралы 60 жасын жерлесіміз бұған дейін облысымыздың бірқатар аудандары мен Астана төрінде де атап өткен болатын.
Өнер кешіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев қатысып, мерейтой иесіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хатын табыстады.
Концертте күйшінің жеке орындауында және оркестрдің сүйемелдеуімен Құрманғазының «Кішкентай», Дәулеткерейдің «Байжұма», Ұзақтың «Ақжелең», Динаның «Қазақстан», Мәменнің «Ақшолпан» күйлері тартылып, әндері де шырқалды. Әсіресе Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған «Ауылым әсем-ән сағым», «Ауылымды сағындым», Маралтай Райымбекұлының сөзіне жазылған «Ауылым – аңсарым», Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Шағала сағыныш», Шолпан Қыдырниязованың сөзіне жазылған «Қадыр ағаны жоқтау» секілді шығармалары жиылған жұртты бір серпілтіп тастады. Шығармашылық кешке Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі атсалысты.