Күйдің өз қалыбын бұзбай жүргендерге ризамын
Күйші Қазен Әбуғазы Тарбағатай тауының бергі бетіндегі Ақсуаттағы баба топырағына оралып, түтін түтеткелі, жары Мейірбанмен жеті ұл, бір қыз сүйді. Сал-серілердің сарқытындай болған ұлдары шетінен әнші, күйші: бірі – елімізге танымал балбармақ күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы, бірі – талай ән додаларының алдын бермей жүрген Талғат болса, бірі – консерваторияны бітірген соң, Ақсуат мәдениет үйін дамытуға ауылға кеткен Мараттай әнші ұлы. «Қазақтың 1000 күйі», «Шығыстың шыңырау күйлері» жинақтарына бірқатар күйі енген, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің қорын байытуда өзіндік еңбегі бар күйші атамыз Қазен Әбуғазы Алматыға балаларына келгенде, әңгімелесудің сәті түсті.
– Күйді алғаш кімнен үйрендіңіз? Тегіңізде күйшілер бар ма еді?
– Әкем Әбуғазы да, нағашым Тебеген де – домбыра шерткен жандар. Нағашым жаңа түсіп отырған келіншекті домбыраның құдіретімен сол үйге тоқтатпай, қайтадан алып қашып кеткен екен. Арғы беттен Зайсанға өтіп, кейіннен жылан шағып алып, бір көзі көрмей, басы ауырып, домбыраны тастап кеткен адам. Оразғали деген кіндік ағам болды, домбыраның «бісмілләсін» кішкене күнімде содан үйреніп, жалғастырып кеттім. Әкем халық күйлерін шертіп отыратын. Сол бұрынғының саздары құлағыма сіңісті болған ғой.
– Кімнің күйлерін тартасыз? Бұрынғы күйшілердің таспаларын тыңдадыңыз ба?
– Жоқ, бұрынғы күйшілерді тыңдау мүмкіндігі болған жоқ. Ең алғаш Оразғали ағам татардың «Жыр күйін» үйреткен. Тәттімбеттің «Саржайлауын», көбіне өз күйлерімді шертем.
– Өзіңіздің төл туындыларыңыз туралы айтсаңыз? Қанша күйіңіз бар?
– Отызға таяу күйім бар. Алғашқы күйімді тұңғыш ұлыма арнап шығардым. Ол Талдықорғанның Сарқандында оқып жүрген. Келіп-кету, көлік қатынасының өзі – қиын шаруа. Бірде оның түн ішінде үйге телефон шалып, аяқастынан «әскерге кетем» демесі бар ма? Жүрегім ауырып, қатты толқумен «Бейбіт» атты күйім шықты. «Тыныштық болса, осындай бейбіт заманда аман-есен келер» деген ниеттен туған еді.
– «Күй шығарып, домбыра шертуіңізге әсер еткен адам – әкем» дедіңіз. Әкеңізге арнап күй шығарған боларсыз? Өзіңізге тартып домбыраны да солақай тартатын күйші ұлыңыз Мұратқа сын көзбен қарайсыз ба? Оның күйшілігіне қандай баға бересіз?
– Мен – бір әкеден жалғызбын. Әкемнің зираты шекараның ар жағында қалып қойды. «Тым болмаса, зиратын көріп, Құран бағыштап жүре алмаймын» деген ой көңілімнен шықпай, мазалайтын. Сол жүрек толқынысынан әкеме арнап «Қайран, әкем» деген күй шығардым. Күйлерімнің барлығын Мұрат балам ауылға келгенде, диктофонға жазып, кейін нотаға түсіріп алды. Соның арқасында талай күйім жарық көрді. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Жеті саз» бағдарламасына да шықтым. «Қазақтың 1000 күйі» антологиясы мен Мұрат зерттеп, жинаған «Шығыстың шыңырау күйлері» жинағына күйлерім енді, Құдайға шүкір. Мұрат күйін де тартып, зерттеумен де айналысып жүр ғой. Оның тартқан күйлері көңіліме қатты жағады, ұнайды. Ағайынды Жанғали, Сәрсенғали Жүзбаев деген күйшілер бар. Солардың да күй шертісіне тәнтімін.
– Өмір бойы ағаш ұстасы болдыңыз. Кеңес өкіметі кезінде сіздің күйші екеніңізді өз еліңіз біліп пе еді? Қолдау көрдіңіз бе? Күйші ретінде шақырып, мерейіңізді өсірген адамдар болды ма?
– Кеңес дәуірінде ешқандай қолдау көрген жоқпын. Тәуелсіздік алған соң, балаларым осы жолға түскенде барып таныла бастадым ғой. Мен туралы естіп, алғаш іздеп келіп, сұхбат алған Өскемендегі өлкелік мұражайдың әдеби-музыкалық бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Хасейінқызы болды. Ол қарындасым мұражайда балаларға ашық сабақ өткізіп, менің шығармашылығыммен таныстырды. Онысына рақмет. Күйдің бәрі бірдей керемет болмайды, тәуір дегендері жинақтарға еніп жатыр, «Мәдени мұра» бойынша шыққан «Қазақтың 1000 күйі» жинағына күйлерімнің енгенінің өзі неге тұрады?! Аллаға шүкір.
– Ата, бүгінде қазақтың қара домбырасын эстрадаға қосып, күйлерді «декко» жанрымен әрлеп жүрген қаншама бауырларыңыз бар. Бұған көңіліңіз тола ма?
– Күйдің өз қалыбын бұзбай жүргендерге ризамын. Ал басқадай дүниелерді қосқан нақты қазақтың екі шекті домбырасынан шыққан саф күйіндей болмайды. Әуені, сазы өзгеріп, берекесі кетіп қалады.
– Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз ұрпаққа жалғаса берсін!