Лондонда – құрылтай, Ақтауда – «Жан анам»
ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, продюсер Майра Ілиясова маусым айының басында гастрольдік сапармен Лондон қаласында болып қайтты. Онда Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының кіші құрылтайы өткені баршаңызға мәлім. Әлемнің әр түкпіріндегі 15 елден қазақтар бас қосқан бұл дүбірлі жиынға Майра Ілиясова өзінің шәкірттері «Қыздар-ай» тобын ала барыпты. Сонда болған бір қуанышы жайлы Майра Ілиясова былай дейді:
– Атамекеннен жырақта жүрген қандастарымызға қазақ әнінен тарту етіп, олардың ықыласына бөленіп, қуанып жатқан шақта мен елден «немерелі болдың!» деген сүйінші хабар естідім. Қызым дүниеге ұл бала әкеліп, оған осы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы басшыларының бірі, белгілі драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың құрметіне Сұлтанәлі деп қойдым!
Ал одан бұрын, яғни, маусымның 6-сы күні «Майра» продюсерлік орталығы биыл ғана дүниеге келген «перзенті» «Райан» және «Қыздар-ай» тобымен бірге Ақтау қаласында «Жан анам» қайырымдылық концертін беріп келді. Оған сондай-ақ Ескендір Хасанғалиев, Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасовалар да қатысыпты. Бұл шараны ұйымдастыруға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Президент жанындағы Отбасы және демографиялық комитеттің төрайымы Гүлшара Наушақызы қолдау көрсеткен. Облыстардағы «Жан анамның» алғашқы концертінен түскен қаржы Ақтау қаласындағы Сағыныш есімді бүлдіршін қыздың денсаулығына жұмсалған.