Мәдени мұра жастар көзімен
Білім және ғылым министрлігі және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, «Әлеуметтік маңызды жобаларды дамыту институтының ұйымдастыруымен аталған жоғары оқу орнының мәжіліс залында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Мәдени мұра – ұрпақтар сабақтастығы» атты жастар форумы өтті.
Елбасының өзі ерекше назарға алған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шетелдерде Қазақстанның мәдени мұрасын үгіттеу екені белгілі. Ал осы бағдарламаның іске асуына жастар тарапынан қызығушылықтың артуы үлкен жетістік екені сөзсіз. Өйткені бұл бағдарламаның жастар назарын өзіне аударуы тарихи-мәдени мұраның, салт-дәстүрлеріміздің ұрпаққа үлгі, ұлттық тәрбиеге негіз болары сөзсіз.
Форумға жиналған қауым алдында педагогикалық университеттің басшылары алғы сөз айтқаннан кейін «Шымкент жастары» МКК директоры Заңғар Үсіпахметов «Жастар – Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ «Қазақстан студенттер Альянсы» Шымкент филиалының лидері Мағжан Исақов, «Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы мен тәуелсіздік құрдастары өздерінің жылы пікірлері мен ойларын ортаға салды. Жақсы іс концерттік бағдарламамен жалғасты.