Мәдени жыл қортындысы БІР КҮЙІНТТІ, БІР СҮЙІНТТІ

Мәдени жыл қортындысы БІР КҮЙІНТТІ, БІР СҮЙІНТТІ

 Мәдени жыл қортындысы. Расында, не айтуға болады? Бірдеңелер жазылды, бірдеңелер қойылды, бірдеңелер түсірілді, бірдеңелер… Қысқасы, бәрі әдеттегідей. Процесс жүріп жатыр. Адам бақыттың келген сәтін түсінбей қалады ғой кейде. Есесіне кеткен сәтін анық біледі. Былтырғы жылдың қазақ мәдениетіне бергенін әл-әзір бағамдау қиын. Шын шығарманың бағасын уақыт береді. Ал қалғаны… Әбіш Кекілбаев, Қалмұқан Исабаев, Батырхан Шүкенов… Қанша құшағымызға қыса түссек те, могикандар дәуірінің санаулы өкілдері арамыздан алыстап жатыр. Бірақ, өмір тоқтамайды. Олардың ізбасарлары дәл сондай биікке самғамаса да, әркім өз деңгейінде, қуаты жеткен жерге дейін еңбектене береді. Сарапқа салып көрейік…

КИНО

Жыл сайын киноға деген сұраныс та, ұсыныс та артып келеді. Киноға түсу абырой, кино түсіру сəнді. Бірде бір беті қалыңдау əнші Төлен Əбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайдысы» туралы бағдарламаға қатысып отырып, «Мұндайды мен де жаза алам» депті ғой. Сол айтқандай, елден екі кино артық көрген адам «Мен де кино түсіре алам» деп ойлайды қазір. Аспаз да, бизнесмен де, шоумен де, «мендердің» бəрі кино түсіргіш. «Өмір-ай» деп айдар таққанымен, киносы өмірден алыс болып шыққан Шапағат Орынбаев, «Потому что Шымкентский» екенін дəлелдеген Жəнібек Жанқараев, «Весь мир у наших ног» екен деп ойлап, он бес миллион долларын желге ұшырған Саламат Мұхаммед Əли, аты «Побег из аула» болғанымен, заты «ауылдан» алыстай қоймаған Нұртас Адамбаев… Қай-қайсысы да біздің өмірімізде əуесқойлықтың шамадан тыс көп екенін дəлелдеді. Біреулер коммерциялық киноны жаратпайды. Жоқ, мəселе қандай кино түсіруде емес. Қалай түсіруде. Жоғарыда аталған өнімдерде киноның қарапайым заңдылықтары сақталмайды. Немесе бұлжымай сақталатыны сондай, шаблон мен калькадан басқа ештеңе қалмайды. Сол тұманның ішінде адасып кетпей, коммерциялық бағытта кино түсірудің тамаша үлгісін былтыр Асқар Бисембин көрсетті. Телеарналарға дайындаған түрлі сериалдарынан кейін («Вузеры», «Бажалар») толықметражға топ ете қалған Бисембин жыл басында «Үшеудің үйленуі» деген комедиялық мелодрамасымен таңғалдырды. Жыл аяғындағы «Аделінде» де киногерлік қолтаңба менмұндалап тұрды. Иə, бұл фильмдерде жаңалық жоқ. Сюжет желісін алдын ала біліп отырасыз. Тіпті, басқа бір жерден естіген диалогтарды да танып қоясыз. Бірақ бұларды Голливудтың кез келген шағынбюджетті фильмімен қатар қызармай көрсетуге болады. Ал қазақстандық көрерменге қайдағы бір «Мы Миллеры» көргенше, өзіміздің «Үшеуді» көрген артығырақ. Құрығанда əзілдерінен өзімізді танимыз. Дегенмен, жылдың ең көп күттірген фильмі «Рэкетир-2» болатын. Алайда бір кезде отандық киноға деген сенімді оятқан фильмнің жалғасы сюжет, жанр, кейіпкер, актер (əсіресе Дəстен Шəкіровті) таңдауда көп қателескен сияқты. Боевик шықпады, қылмыстық жанр жасанды мелодрамаға трансформацияланды. Қарап отырсақ, рэкетирлер құрып біткен заманда бай қалыңдықтардың дəуірі туыпты. Бір жылда үш бірдей фильмнің («Үшеудің үйленуі», «Ауылдан қашу», «Рэкетир-2») сол тақырыпқа арналғаны, бүгінгінің жігіттерінің мақсаты намысын таптатпау емес, бай қалыңдықтың етегінен ұстау екенін меңзегендей. Ұсақталып бара жатқанымыз рас екен.

Бірақ, теңге тұрғысынан келгенде шартты түрдегі шаблондық кино өзін ақтамайды деген сөз емес. Керісінше. Биылғы жылдың ең табысты фильмдері Нұртас Адамбаевтың «Ауылдан қашуы» мен Ақан Сатаевтың «Рэкетир-2»-сі. Орайы келгенде айтқың келеді. Жалпы, біз ненің болса да жақсысын қалайтын халықпыз ғой. Максималистпіз.

Қырғыз бен өзбек сияқты ауыл айналасында кино түсіріп алып, соны көріп масаттанып отыра алмаймыз. Бізге масштаб керек. Ірі бюджет, қымбат көлік, сапалы техника, кəсіби жарық, ең соңғы үлгідегі камералар. Бірақ шеберлігіміз көбінде сол қымбат техникаға сай болмай жатады. Мысалы, Ермек Тұрсынов «Кенжесін» үш мемлекетте түсірді, Ресейден актер шақырды, операторлық жұмысы ғажап, стақандарына дейін сыңғырлап тұр, бірақ соның бəрі ортанқол фильмді құтқарды ма? Режиссер атыс-шабыс пен дəстүрлі драма жанрын біріктірдім деді. Бірақ жеме-жемге келгенде толыққанды драма да, қызықты боевик те шықпай қалды.Кейіпкерлер тұлғаланбаған, конфликтілер ширамаған, кондициясына жетпеген. Шаблон жүрістер өте көп. Кез келген ортанқол боевиктегі сияқты, кейіпкердің ажырасқан əйелі мен кішкентай баласы бар. Кез келген ортанқол боевиктегі сияқты, кейіпкер өз баласының жанындағы қарапайым əке мен көшедегі қатыгез киллер образының арасында екіге жарылады да жүреді. Кез келген ортанқол боевиктегі сияқты, ол күндердің күні қателік жібереді. Кез келген ортанқол боевиктегі сияқты, сол үшін басы бəлеге қалады. Кез келген ортанқол боевикте болатын экшн сахналар «Кенжеде» өте аз, атыс-шабыс, қудалау, соғысқан көліктер мен жарылған үйлер, қан қыздырар төбелес дегендердің бірі де жоқ. (Өзіміз ондай киноның көрермені емеспіз, бірақ көрермен əртүрлі ғой). Демек, Тұрсыновтан ақылды кино күткен азшылық алданды, ал атыс-шабыс күткен көпшіліктің көңілі қалды. Ал бұл қатардағы кино емес, Тұрсынов үшін трилогияның шешуші бөлігі, алдын ала жариялағанындай, режиссердің бүгін мен болашақ туралы вердикті болуға тиіс еді. Нəтижесінде бір жарым сағаттық фильмде бір ғана əсерлі көрініс болды. Оның өзі финалда, жол үстінде кетіп бара жатқан баланың жон арқасы ғана.

Ал жоғарыда аты аталған мырзалардың (Бисембин, Адамбаев) Тұрсынов пен Мұхаммед Əлиден ақылдырақ болып шыққаны сол, кинодан соншалықты көп нəрсе күтпеу керектігін түсінді. Қазақстан нарығы он жеті миллион ғана адамнан тұратын шағын нарық. Оның əрі кетсе он пайызы кинотеатрға келіп, билет алады. Ендеше, бекер шығындалып не керек? Ақыры бизнес деп қарайды екенсің, жанрлық, шаблондық, коммерциялық кино шағынбюджетті болу керек. Қазақстанда шағынбюджетті кино ғана өзін ақтайды жəне киноға салған ақшаңызды қайтарып алуға үміттенсеңіз, Құдай үшін, соны ұмытпаңыз.

Киноның миссиясын əркім əртүрлі түсінеді ғой. Кино жай ғана ақша табу үшін емес, көрерменмен ой бөлісу үшін, сырласу үшін түсіріледі деп санайтындар, қанша таңғаларлық болса да, əлі де бар. Ол аз десеңіз, ұлтының рухани қоржынына үлес қосқысы келетін жобалар болады. Мысалы, «Құнанбай». Досхан Жолжақсынов «Біржансалдан» кейін екінші рет, қазақтың азаттығынан айырылу процесін көрсетті. Қазіргі күн үшін өзекті тақырыпты қозғады. Дін ұстанған Құнанбайдың өз халқын қалай басқарғаны бүгінгі радикал діншілдерге тамаша мысал бола алады. Сонымен бірге қандай қиянат көрсе де адам үшін ең маңыздысы ар тазалығы екенін кезекті мəрте айтып, ел басқарудың қаншалықты қиын шаруа екенін түсіндіре кетті. Ал фильмде əйелді жалаңаштап, бұйда шешуді көрсеткені немесе Қодар мен Қамқаны шынында да қылмыскер етіп шығарғаны… режиссердің еркіндегі мəселе. Ең бастысы, марқұм Таласбек Əсемқұловтың стиліндегі көркем диалогтарды естідік, тарихи əділдік орнап, ұлы Құнанбайдың қынжылатын, мұңданатын, азаптанатын, қуанатын… шынайы образымен қауыштық.

Ал Ермек Тұрсыновтың «Жаты», діттеген жеріне жетпей қалса да, ұлттық кино ретіндеалтын (не күміс) қорға қосылатыны анық. Фильм не жайлы дейсіз ғой? Таудың ішінде өмір сүрген жалғыз аңшы туралы ғана емес. Кеңес Одағы Алаштың азаттығын тартып алған, асау рухын жуасытқысы келген озбыр жүйе болатын. Бұл сол қиын кезеңде шын қазақ болып қалуға батылы жеткен адам туралы кино болуға тиісті еді. Жүйеге бағынбаған, дала заңдарына адал, табиғатпен етене адамның артықшылығы туралы кино болуға тиіс еді тағы. Бірақ біз азаттық ұранының орнына тəңіршілдік элементтері бар құрғақ пəлсапа ғана көрдік. Бас кейіпкер неге кетті тауға? Еркіндігінен айырылғысы келмеді. Ал еркіндіктің артықшылықтары қандай? Көре алмадық.

Есесіне Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі естілерді дүр-дүр сілкіндірген, санасыздардың саңылауына там-тұмдап рух пен намыс сəулесін құйған құнарлы дүние болып шықты. Негізгі линиялар – 19-ғасырдағы Кенесары қозғалысы, 50-жылдары Кенесарыны зерттейтін Бекмахановтың күрескерлігі жəне 60-жылдардағы қазақ зиялыларының өмірі. Картинада бірнеше кезең қамтылады жəне олар тонның ішкі бауындай жымдасқан, «көзге жеңіл», «жүрекке жылы тиеді». Сөйтіп бұл нағыз біз сусап отырған кино болып шықты. Болмашы кемшіліктеріне қарамастан, жалпы алғанда шығарма көзіңізді аймалайды, режиссерлік шешімдерден эстетикалық лəззат аласыз. Демек, нені түсіруде де, қалай түсіруде де Нарымбетов қателеспеді. «Аманат» – идеялық құндылығы мен көркемдік құндылығы астасқан, хас шебердің қолынан шыққан зергерлік жұмыс іспетті: интеллектуалды, шыншыл, əдiл, кəсiби жəне де көркем орындалған туынды. Мұнда режиссерлік шешімдер, операторлық өнер, суретшінің жұмысы, монтажы мен музыкасы, актерлердің ойыны, қысқасы (гримнен басқасының) бəрі (берілген мүмкіндіктер шеңберінде) ең жоғары деңгейде орындалды. Сондықтан көрермен ретінде бізге өткен жылдың ең үлкен қуанышы осы фильм болды.

Жалпылай алғанда, бұл үш фильм өткен жылдың ең маңызды фильмдері, белгілі бір деңгейде рухани олжа болған тағы бір-екі фильм бар. Олар Жасұлан Пошановтың «Шлагбаумы» мен Асқар Ұзабаевтың «Жолы». «Шлагбаум» боксшы болғысы келетін күзетші туралы, «Жол» боксшы болғысы келетін арба сүйреуші туралы. Екеуі де əлеуметтік драма. Олар қазақтың балалары боксшы болғысы келетіні туралы ғана емес, қазіргі қалыптасқан жағдайда қара күші мен намысынан басқа ештеңесі жоқ қарадомалақтардың баянсыз кек алудан басқа амалы қалмайтыны туралы. Бір табысы, бұл киноларда Еркебұлан Дайыров пен Назар Сұлтанбаевтың сомдауында жылтырбет емес, мінезді қазақ жігіттері пайда болды. Қорытындылай келсек, бір жылда жиырмаға жуық фильм шықса, оның басым көпшілігі жеке киностудиялардың өнімі екен. Ал «Қазақфильмде» жағдай қандай? Ұзақ жылдар бойғы Ермек Аманшаевтың басқаруынан кейін былтыр киностудия кинодокументалист Бақыт Қайырбековтің қолына өтті. Киногерлер Ермек Аманшаевтың қадірін жаңа түсінді. Себебі бұрыннан жоспарланған фильмдердің біразы прокатқа жетпей қалды, авторлық жобалар өтпей қалды, қаражат қысқарды, ал түсірілімі басталған фильмдерді санауға бір қолыңыздың саусақтары да жететін еді. Киностудияның жекешелендірілуі онсыз да тұралай бастаған кинопроцеске қалай əсер етеді? Елестетудің өзі қиын. Бір анығы, 2016 жылы кешігіп болса да Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығына арналған «Қазақ елі» тарихи сериалын, Соғыстыңжетпіс жылдығына арналған «Дорога к матери» əскери драмасын, Қанағат Мұстафиннің «Он алты қыз» комедиясын көреміз деп отырмыз…

ТЕАТР

2015 жылы театрларымыздың бəріне Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тарихи тақырыпта шығарма қою міндеті жүктелді. Тіпті, «жергілікті материалмен жұмыс істегісі келмейді, қазақ материалына қырын қарайды» дейтін орыс театрларының көбі былтыр шаңыраққа қарағыштап қойды. Оның бəрі шедевриалдық деңгейде шыққан жоқ, əрине. Əсіресе тақырып таңдауда драматургиялық материалдың жетіспейтіндігін түсіндік. Абылай, Əбілқайыр, Томирис, мүмкін Кенесары мен Жəңгір… көбі осы үш-төрт тұлғаны айналдырды.

Қасым хан қайда? Хақназар қайда? Тəуекел, Тəуке, Салқам Жəңгір мен Əз Жəнібек қайда? Көре алмадық. Демек, үлкен деңгейде атап өтіп жатсақ та, əлі күнге дейін қазақ театры қазақ тарихын меңгерді, иіріп əкетті деп айта алмаймыз.

Екіншіден, былтыр бізде жыл сайынғы республикалық фестиваль, жыл сайынғы Астана күніне арналған фестивальмен бірге жеке автордың – Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалі өтті. Бұл да театрлар үшін үлкен қуаныш болды, өйткені олардың интеграциясына, тəжірибе алмасуына, өзгені көріп, өздерін көрсетуге жақсы мүмкіндік болды. Таразда өткен «Тұңғышбай əл-Тарази шақырады» деген фестиваль жайлы да соны айтуға болады.

Үшіншіден, əрине, жаңа маусымда жаңа шығармалар қойылды. Қай театр да шама-шарқынша көрерменін қуантуға тырысты. М.Əуезов театрында литвалық режиссер Й.Вайткус қойған И.Ғайыптың «Қорқыттың көрі» едəуір табыс болды. Сценографиясы, режиссерлік шешімдері, Дулыға Ақмолда бастаған актерлердің ойыны есте қалды. Шығармадан жаңалық, батылдық, пəлсапалық тереңдік байқай алдық. Сол сияқты, Қ.Қуанышбаев театрының М.Əуезовтің хикаяты желісі бойынша Қ.Ысқақ жазған «Қараш-Қараш» қойылымы Ə.Оразбеков режиссурасында классикалық материалды жаңаша трактовкамен ұсынуымен ұнады. Бұл жолы бас кейіпкер Бақтығұл емес, Жарасбай екен. Екеуі де азамат екен, қазақ байларының бəрі озбыр жауыз емес, олардың арасында саналы, ел болашағын ойлаған ойшылдар да болыпты. Ал заманның беті азаматтың алтын басына, ары мен абыройына қарамайды екен. Бүгінгі күнмен үндесетін осындай бірсыпыра идеяларды жеткізген спектакльде Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Асылбек Қапаев, Ержан Нұрымбет, Сырым Қашқабаев, Ақыш Омар сияқты сахна шеберлерінің жұмысы сүйсіндірді. Махамбет атындағы Атырау облыстық театрының Р.Отарбаевтың «Бас» деген драмасын сахналаудағы режиссер Ж.Елтаевтың кейбір тапқырлықтары есте қалды. Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында Г.Хугаевтың «Қара шекпен» əпсанасын Асхат Маемиров жоғары деңгейде қойды. Сценография, актерлік құрамның сахнадағы тынысы материалдың тереңдігі мен көпқырлылығына сəйкес келеді. Жекелеген актерлік ізденістерден Сафуан Шаймерденовтің «Кішкентай ханзада» мен Бекжан Тұрыстың «Ұлым, саған айтам» моноспектакльдерін атап өткен жөн.

Бұл екі қойылым бізде актерлердің де ояна бастағанын, режиссерге тəуелді қуыршақтар емес, еркі мен азамат ретінде айтары бар қауым екенін білдіре бастады. Иə, еліміздің түкпір-түкпірінде басқа да атап айтуға тұратын қойылымдар бар, көңіліміз толғаны да, толмағаны да бар, оның бəрін тізу шарт емес. Бірақ, атап айтатыны, бізде репертуар қайталанады, ұлттық əдебиеттен инсценировка жетіспейді, жəне ең бастысы, батыл, заманауи, тақырыбы ғана емес, жазылуы, қойылуы жаңаша туындылар жетіспейді. Кейбір театрлардың жоспарларымен таныс болғандықтан, ондай жаңашыл шығармаларды алдағы маусымда көріп қаламыз деген үміт бар. Соңғы жылдары режиссура Д.Байділдаева, Е.Нұрсұлтан, Б.Нұрғалиев сияқты жаңа есімдермен толығып жатыр, осы жастар келер жылдары жаңа театр жасай ма деп елеңдеп жүрміз.

ЭСТРАДА

Он бесінші жыл қазақ эстрадасы (немесе эстраданың қалдығы) үшін де жаман болған жоқ. Ең алдымен, халықаралық байқауларда елең еткізер табыстар болды.Мысалы, Витебскіде өткен «Славян базарында» қыз дауысты талант Димаш Құдайбергенов бас жүлдені жеңіп алса, «Жаңа толқында» дауысы да, стилі де түсініксіз Əдемі, ал «Түрквижнде» музыкалық талғамы өзге əріптестерінен оғашталып тұратын «Орда» тобы екінші орын алды. Бір жыл үшін аз қуаныш емес.

Жекелей алғанда, Төреғали Төреəлі, Серік Ибрагимов сияқты жаңа кумирлер позицияларын нықтай бастағанымен, əлі де ешбірі Қайрат Нұртастың атағын басып оза алмағандай. Біріншіден, жыл ортасында «Муз ТВ» арнасының концерті үлкен дау туғызғаны естеріңізде шығар. «Ресей əртістері қатысатын Ресей арнасының концерті неге Қазақстанда өту керек? Оны неге Ұлттық арна жарнамалап, Ұлттық арна көрсетуі керек?»Қыдырəлі Болманов, Сəкен Майғазиев бастаған эстрада өкілдері осылай деп, бұл концертке қарсы шыққанымен, концерт Астананың қақ төрінде өтті. Жəне қазақ əртістерінен оған…. Қайрат Нұртас қатысты. Сөйтіп, күллі қазақ эстрадасының жеңілісі деп есептелуге тұратын оқиға Қайрат Нұртастың жеңісіне айналды. Екіншіден, жыл соңында Қайрат жеке концерт берді. Жəне қандай концерт берді! Ұлттық арнадан тікелей трансляция, шақырылған жұлдыздар, қазақша əн айтқан Нюша… Бұған дейін стадионда концерт берген отандық əнші түгілі, эстрадалық топ болмаған сияқты, бұған дейін жиырма бір мың адам жинаған əртіс те болмаған сияқты.

Қысқасы, былтырғы жыл Қайраттың жұлдызы жарқырай түскен, ал Сайлаубектің жұлдызы жанған жыл болды. Əн де емес, өлең де емес, рэп те емес, пародия да емес, түсініксіз «өнерімен» интернет құбылысқа айналған Сайлаубек дəл биыл қазақ тыңдармандарын екіге жарды. Біреулер мақтап, біреулер даттап, біреулер қорғап, біреулер қорлап, біреулер тілеуін тілеп, біреулер тілдеп жатса да, стадион жинамаған күннің өзінде, Сайлаубек тойларға шығатын деңгейге жетті. Осы кезде жұрт Батырхан Шүкеновтің Қайрат Нұртас туралы айтқан сөзін еске түсірді. Батырхандай мəдениетті азаматтың пікірін құрметтейтін естілер Сайлаубекті де əлеуметтік құбылыс деп бағалады. Қайрат, Сайлаубек… қысқасы, қазіргі эстрада мен шоу-бизнес мəдени емес, əлеуметтік құбылыс болып тұрған сияқты. Иə, иə, МузАРТ пен Батырхан, Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісовалардың тыңдармандары жыл санап азайып келеді. Олар жасаған сапалы эстраданың орнын шын мəніндегі поп мəдениет басып келеді. Батырхан демекші, былтырғы жыл Батырдан айырылған жыл болғанын жоғарыда айттық. Шүкеновтің шын мəнінде кім болғанын, қандай масштабтағы жұлдыз болғанын ол келмеске кеткен кезде ғана түсіндік. Əдеттегідей. Иə, былтыр бəрі де əдеттегідей болды.

(«Ақ желкен», №1. 2016 жыл), zhasorken.kz (Тақырып өзгертілді)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста