«Мәдениет» арнасы ашылды
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ телевизиясының жаңалығы көп. Биыл «Балапан» телеарнасының ашылғанына бір жыл толып, «Қазақстан» телеарнасы толығымен мемлекеттік тілге көшті. Енді ұлттық және әлемдік өнердің жаршысы болатын «Мәдениет» телеарнасы іске қосылып отыр.
«Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясының ұйытқы болуымен ашылып жатқан «Мәдениет» телеарнасы 80 пайыз қазақ тілінде және 20 пайыз өзге тілдерде хабар тарататын болады. «Мәдениет» арнасын ашудың негізгі мақсаты – көрермен қауымды отандық және әлемдік мәдениеттің нәрімен сусындату. Ол үшін жаңа телеарнада қазақ киносының ең үздік көркем туындылары, деректі фильмдер, әлемдік кинематографияның бірегей туындылары, атақты тұлғалардың өмірбаянына арналған бағдарламалар, опера, балет және театр бағдарламалары көрсетілмек. «Қазақстан» РТРК-ның негізінде спутниктік, кабельдік және интернет байланысы арқылы республиканың түкпір-түкпіріне тарайтын жаңа арнада «Ақсарай», «Сол жылдар», «Өркениет», «Қылқалам», «Ғасырлар пернесі», «Алтын көмбе», «Кітапхана», «Әлі есімде», «Жүздесу», «Көкжиек» музыкалық-танымдық бағдарламалары, сондай-ақ «Абай» және «Қазақ даласының құпиялары» деректі фильмдері сияқты тың жобалар көрермен қауымға жол тартпақ.
«Балапаннан» базарлық
Сондай-ақ бүгін, қыркүйектің 27-сі күні, «Балапан» телеарнасының іске қосылғанына бір жыл толып отыр. Биыл тәй-тәй басқан жаңа арнаның кішкентай көрермені көбейді. Сол себепті жаңа мауысымда «Балапан» жаңа жобаларды қолға алуда. Олардың ішінде «Санамақ», «Жүзден жүйрік», «Тентегім», «Бауырсақ», «Құлыншақ» және «Hello, Балапан» сынды оқу-танымдық, әзіл-сықақ бағдарламалары, сондай-ақ «Балдырған» мультсериалы бар.
Ұлттық арнада – жаңа жобалар
Ал биылдан бастап мемлекеттік тілге толығымен көшкен «Қазақстан» телеарнасы ұлттық тілді дамыту ісіне жаңа серпін беруді жоспарлап отыр. Биыл арнаның маусымдық кестесі кеңейіп, көрермен қауым «Саз толғау» музыкалық-танымдық ток-шоу, «Дауа» медициналық бағдарламасы, «Алаң» пікірталас клубы, «Иман айнасы» хабары, «Өзекжарды» жобасы, «Даму» индустриалдық ток-шоу, «Болашақ» телехикаясы, «Тәуелсіздік шежіресі» және «Отандастар» деректі фильмдер топтамасын көре алады.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары:
– Биыл біз қазақ телевизиясы тарихындағы екі бірдей оқиғаға куә болып отырмыз. Оның бірі – «Қазақстан» телеарнасының толық мемлекеттік тілге көшуі болса, екіншісі – «Мәдениет» арнасының ашылуы. Негізі, «Қазақстан» телеарнасы ашылған күннен бастап ұлттық мүддеге жұмыс істеп келеді. Осы телеарнаның журналистері мемлекеттік тіліміз бен ұлттық болмысымызды сақтау жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Олар Қазақстан Тәуелсіздігінің рухани негізін қалады десек те болады. Мінеки, енді «Мәдениет» арнасы ашылып отыр. Бұл – қазақ телевизиясының жаңа дәуірі.
Сағатбек ҚАЛИЕВ, «Мәдениет» телеарнасының директоры:
– Негізі, арнаны ашудың алдында біз көп ойландық. Себебі «Эфирді толтыра аламыз ба?» деген сауал болды. Бірақ қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының мәдениеті терең екендігін ескерсек, эфирді толтыру жұмысында қиындық болмайтыны хақ. Жаңа арнада қазақтың ұлттық өнерімен қатар Қазақстан жерінде тұрып жатқан өзге ұлттардың мәдениеті де көрсетіледі. Осы уақытқа дейін біз 18 бағдарламаны әзірлеп қойдық. Бұдан басқа, қазіргі кезде әлемдік мәдениеттің үздік туындылары сатып алынуда. Оны да көрермен қауым «Мәдениет» арнасының эфирінен көре алады.