«Мәдениет» арнасына – бір жыл
«Кемелденген рухты сатып та, қарызға да алуға болмайды. Егер ол сатуға түссе, меніңше, сатып алушы да табылмайды» деген екен адамзаттық деңгейдегі ұлы ойшылдардың бірі Сенека. Осыдан-ақ рухтың баға жетпес құндылық екенін аңғару қиын емес. Осы ретте қазақтың күллі зиялы қауымының көкейінде жүрген, көптен күткен бір мәселесі бар-ды. Ол өз руханиятымыз бен мәдениетімізге арнайы арна ашу болатын. Алаштың осы бір арманының орындалғанына да бүгін жыл толып отыр. Яғни, былтыр, 2011 жылы 26 қыркүйек күні қазақ телевизия кеңістігінде тұңғыш «Мәдениет» арнасы дүниеге келді. Бүгін – жасы бала, өзі дана арнаның туған күні.
Сағатбек Қалиев, арнаның директоры, өнертанушы ғалым:
– Мәдениет арнасының ашылуы кездейсоқ дүние емес, науқан да емес. Оны уақыттың өзі алып келді. Мен бір нәрсені баса айтқым келеді, бұл арнаның дүниеге келуіне себепкер болған біз болғанмен, оның негізін қалауға бар күшін аямаған біз емес, осы ХХ ғасырдағы біздің майталмандарымыз, өнер саңлақтарымыз. Бүгінде арамызда жоқ асылдарымыздың әрбірі осы Мәдениет арнасының негізін салуға өз үлесін қосты. Ендеше бұл арнаны біз емес, қазақ деген халық ашты, халықтың рухани дүниесі ашты. Арнаның ашылған алғашқы жылында біз еліміздің барлық мәдениет саласындағы бар мен жоқты түгендеп, бұрыннан мұрағатта барын осы бүгінгі электрондық жүйеге көшірдік. Бір жыл ішінде белгілі бір формат қалыптасты, біз ендігіде оған көп өзгеріс енгізбей, сол форматты дамыту төңірегінде бірақ мазмұны терең істерге көшеміз. Жалпы, Мәдениет арнасының негізгі стратегиялық бағыты – бүгінгі таңдағы электрондық жүйені пайдалана отырып, сол рухани дүниені насихаттау. Осы рете біз тек қана Алматының мәдени ортасымен шектелмей, басқа да облыстарға барып, сол жақтардың өнері мен мәдениетіне қатысты құндылықтарын түгел таспаға түсіріп жатырмыз
Негізі, қазіргі таңда қай телеарна болмасын ұзаққа баруы үшін, өзіне кәсіби және мемлекеттік көзқарас қалыптастыру үшін оның бағдарламаларының астарында ғылыми зерттеулер жатуы тиіс. Мәдениет арнасы өз концепциясын солай түзді. Оған біз аталған арнадан берілетін бағдарламалар барысын бағамдау арқылы көз жеткізе аламыз. Мәселен, «Кітапхана» атты әдеби-танымдық бағдарламасы, оны белгілі публицист, қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек жүргізсе, сондай-ақ өркениет пен мәдениеттің қарым-қатынас, қақтығыс және бүгінгі таңдағы мәдени саладағы мәселелер жайлы «Өркениет» бағдарламасының тізгіні ұлт журналистикасының майталмандарының бірі Нұртөре Жүсіпке берілген. Қазақ музыкасының арғы тарихы мен бүгіні туралы, осы салаға өмірі мен өнерін арнаған майталман музыка саңлақтары туралы «Партитура» бағдарламасы. Жүргізушісі – өнертанушы ғалым Юрий Аравин. Қазіргі кезде өнер саласына енді жол тартып келе жатқаны бар, қалыптасқаны бар, солармен сұхбат «Неслучайная встреча» бағдарламасында, оны Карина Абдуллина жүргізеді. Театр саласын сараптауға арналған, қойылып жатқан туындыларын түсіріп алып көрсетіп жатқан «Ақсарай» бағдарламасы мен театр спектакльдері, опера және балет бәрін де эфирге шығарып отырған «Ғасырлар пернесі» тағы бар.Мұндағы назарға алуға тұрарлық тағы бір жайт – әр бағдарламаны жүргізу ісін сол саладан хабары мол, кәсіби мамандарға тапсырылғандығы.
Бірінші жылдан – биік белеске
Ақпарат кеңістігіне қадам басқан алғашқы жылдың өзі жемісін беріп үлгерді. Бір жылдың қорытындысы бойынша «Мәдениет» арнасы «ТЭФИ-Содружество» екінші халықаралық телевизиялық фестивалінде арнайы он сыйлықтың біріне ие болды. ТМД елдерінен үздік телебағдарламалар тартысқа түскен бұл байқауға «Мәдениет» телеарнасы «Легенды и мифы оперного. Куляш Байсеитова» атты бағдарламасын ұсынған болатын. 16 мемлекет қатысып, 56 бағдарлама ұсынылған үлкен додадан арнаның алдыңғы орыннан көрінуі, ол – қазақ мәдениетінің жарқырай көрінгені,бұл – 50 жылдан астам тарихы бар күлліқазақ телевизиясының жетісті, сондай-ақ бұл ХХ ғасырда өмір сүрген саңлақтарымыздың бізге сыйлаған жемісі.
Алайда осы тұста біздің жалпы телевизия саласындағы көкейтесті мәселенің барын айтпай кету орынсыз. Ең басты мәселе – бейнекадр тапшылығы.
Сағатбек Қалиев, «Мәдениет» телеарнасының директоры:
– Бұл – өте орынды және жүйелі түрде талқылайтын күрделі сұрақ. Өйткені, өкінішке қарай, арғысына бармағанның өзінде әлгі сіз айтып жатқан ХХ ғасыр тұлғаларының бейнекадрлары тым аз, тіпті жоқтың қасы. Ол біздің осы телевизия саласында қызмет еткен алдыңғы буын ағаларымыздың алдына қойғымыз келетін сұрақ. Неге? Алайда осы мәселе бір жағынан бізге сабақ та болып, біз осы арнаның тұтқасын ұстап отырған бүгінгі буын ең бірінші орында мұрағат жинауды өзінің алдына мақсат етіп қойып отыр. Келесі ұрпақ дәл бүгінгі біз секілді қиналмас үшін, бізге кінә тақпас үшін біз осы өзіміз көріп жүрген, бастан өткеріп жатқан мәдени оқиғалар мен, мәдениетке өз үлесін қосып жүрген майталмандарымызды таспаға түсіріп, күні ертеңге мұрағат жинап жатырмыз. Мысалы, Дина Нұрпейісова сынды дәулескер күйші апамызды алсақ, кезінде ол кісінің бүкіл күйлерін жазып алуға болатындай мүмкіндік болды. Ал бізге қалғаны небары екі-үш қана күй. Сонда ол кезде «осы кісілердің көзі кетеді-ау, сонда күні ертең жас ұрпақ Дина секілді күйшісінен мәңгілік көз жазып қалмай ма?» деген сұрақ ешкімді алаңдатпағаны ма? Сол сияқты Күләш Байсейітова апамыз да. Ол кісі Дина апамыз секілді ауылда емес, осы Алматы секілді ірі мәдениет ошағында, белді деген Опера және балет театрында қызмет істеді. Әрине, Күләш апамыздың бейнекадрлары тіпті қалмады деуден аулақпын, бар, бірақ қанағат тұтарлықтай емес, өте аз. Көптеген тұлғаларымыз дәл осындай жағдайда. Бұл – тек Мәдениет арнасының ғана емес, күллі қазақтың мәселесі, енді кеш деп қолды бір-ақ сілтемей, әлі де болса өз даму жолында алдына қоятын ең бір үлкен мақсаты. Біз осыны стратегиялық мақсат ете отырып, сонымен қатар тағы да көптеген мәселелерде терең ғылыми-зерттеу жүргізгіміз келеді, бірақ қолбайлау болып отырған проблемалар бар. Мен осы тұста Ресейдің арналарына қызығушылықпен және қызғанушылықпен қараймын. Себебі, орыстың атақты тұлғасы, майталманы бүгін ғана өмірден озса, арасына апта салып, сол бір аяулы жан туралы толыққанды портреттік бағдарлама шығып жатады. Себебі олар жүйелі түрде жұмыс істеп, Ресей мәдениетіне, жалпы ел өміріне араласа бастаған әр тұлғаны жіті зерттеп, оның бейнекадрларын жинай бастайды. Солайша, керек кезінде әлгіндей дүниелерін жинақтап, бере қояды. Бізде осы нәрсе әлі күнге қалыптаспаған.
Алда алаш тақырыбы мен кино тұр
Расында, бұл – мемлекеттік деңгейде дабыл қағып, ел болып қолға алатын, тіпті арнайы бағдарлама етіп те жүзеге асыратын дүние. Себебі біздің кешегіміз болмаса, бүгініміз де мардымсыз, ертеңіміз тіпті қиын. Алайда бұл арна басшысының өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығарып, тарихты өзінен бастауы емес. Өйткені Қазақстан ұлттық арнасының бұған дейін де өре басы Камал Смайылов, Сағат Әшімбаевтардан бастап мәдениет саласында біршама жұмыстар атқарып кеткенін Сағатбек Қалиев сынды басшы жақсы біледі. Дегенмен қазақтың қай тұлғасы жайлы қанша бағдарламалар жасалып, деректі фильмге арқау болып жатса да көптік етпейді. Мәселен, Қаныш Сәтбаев жайлы, Әуезов жайлы, тіпті Шәкен Айманов сынды саңлағымыз болсын... Осы ретте ұлы Абайды тілге тиек етуге болады. Бүгінде Абай туралы сериал да түсіріліп жатыр, бұған дейінде ұлы ақын талай қойылымдар мен деректі фильмге арқау болған.Алайда Абай туралы да қанша туынды жасасақ та қазақ оның ешбірін артық көрмейді. Сол сияқты Алаш ардақтылары да. «Мәдениет» арнасы енді таяу болашақта осылардың әрқайсысынажоба жасамақ ниетте. Алғашқы жылы қазақ мәдениетін жіліктеп, әдебиет, театр саласы, көркем сурет, музыка деген секілді салаларға бөліп, жүйе жасап, көрерменді соған бағыттап алған бұл арнаның енді тереңдей түсуге шамасы жетеді.Әсіресе биылғы жаңа маусымда «Мәдениет» кино өндірісі саласына ден сала кіріспек. Бірінші жылы толыққанды қамти алмаған бұл саланың кешегісі мен бүгінінде қазақ көрерменіне қажет дүниелердің жеткілікті боларына дау жоқ. Онда соңғы кездері шығып жатқан жаңа туындылар да арна арқылы өз көрерменіне жол табар еді.