Мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің маңызды ісі

Мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің маңызды ісі

Асқар Бөрібаев, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласы жаңа серпінмен дамып, жоғалтқанымызды тауып, өшкенімізді қайтадан жандырып, өзіміздің мәдени мұрамызбен қайта қауыштық. Қазіргі таңда мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін 40 республика­лық және 7 мыңнан астам облыстық деңгейдегі мәдениет ұйымы қыз­мет етуде. Олардың ішінде 173 мұражай, 4078 кітапхана, 2859 клуб, 44 театр, 25 концерт ұйымы, 31 кино және телетеатр, 3 хай­уанат­тар бағы, 2 цирк, 26 мәдениет және демалыс саябағы бар. Рес­пуб­ли­калық деңгейдегі мәдениет ұйымдарының жүйесі бүгінгі күні келесі­дей: 9 театр, 7 концерт ұйымы, 3 кітапхана, 6 мұражай, 9 тари­хи-мәдени қорық-мұражай,1 кинокомпания және 6 өзге нысан­дағы ұйым.

Астана төрінде өтетін тағылымды жобалар
2012 жыл еліміздің тарихына «Астана – түркі мәдениетінің астанасы жылы» және «Астана – Достастықтың мәдени астанасы жы­лы» ретінде еніп отыр. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту – Қазақстан да­муының басты бағыты» атты биылғы Жол­да­уында атап өткен болатын. Осы жылы Қа­зақстан өзінің Тәуелсіздігінің 21-жылына аяқ басып, өзінің төл мәдениетін дамытуға, әлеу­меттік маңызды халықаралық және рес­публикалық мәдени іс-шараларды жү­зеге асыруға, сондай-ақ бұл саладағы қор­да­­ланған мәселелерді шешуге жең түре кіріс­ті.
Міне, өзінің азғана ғұмырына қарамас­тан Еуразия төріндегі әсем Астана бірте-бір­те әлем қауымдастығы үшін іргелі орта­лық­тардың біріне айналып келеді. Жо­ға­рыда аталған екі ірі жоба барша түр­кітіл­дес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғына мүше мемлекеттердің қалыптасуы мен өркендеу жолына түсулеріне соны сер­пін берері сөзсіз. Ал Астана үшін бұл ха­лық­тық және жалпыұлттық оқиғаға айнал­мақ.
Жобалар аясында халық биі фестивалін, «Астана-арқау» – түркі мәдениетінің фес­тивалін, түркі мемлекеттері суретшілерінің ХV кездесуін, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына мүше мемлекеттер шебер­ле­рінің қатысуымен «Арт-дала» халық­аралық суретшілер көрмесін, «Достастық кітапха­налары: ықпалдастық, инновация және барлығына қолжетімділік» атты Достастық елдердің кітапханашыла­рының форумын өткізу, Астанадан күй атасы Құрманғазыға, дарабоз батыр, талантты қолбасшы Қабан­бай батырға ескерткіш орнату, К.Байсейіто­ва атындағы Ұлттық опера және балет театрының жаңа ғимаратын ашу, әртүрлі ғылыми конференциялар, форумдар, кездесулер, тағылымдамалар, ұзын саны 100-ге жуық әлеуметтік маңызды мәдени іс-шара жүзеге асырылады.
Елордамыздың биылғы жылғы мәдени өміріндегі тілге тиек қылар оқиғалардың бірі – Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жаңа ғимара­тының ашылуы. Осыған орай өткізілетін гала-концертке әлемнің әйгілі «Ла Скала», «Ла Фениче», «Метрополитен-опера», «Гранд-опера», «Ковент-Гарден», сондай-ақ Ресей­дің Үлкен және Мариин театрла­ры­ның маң­дай­алды солистері келіп, астана тұр­­ғын­дарына өз өнерлерін паш етпек.
Сондай-ақ Мұқан Төлебаевтың 100 жыл­дығына орайластырып жасалып жат­қан  «Біржан – Сара» операсының жаңа ре­дак­циядағы қойылымының тұсаукесері бола­ды. Бұған қоса үстіміздегі жылы елор­дамызда Қазақстан тарихы мұражайы ашыл­мақ. Қазір аумағы 62 мың шаршы метр алып нысанның құры­лысы қызу жүріп жа­тыр. Бұл көлемі жа­ғы­нан бүкіл Орталық Азия­дағы ең үлкен мұра­жай­ болып сана­лады.
Таланттардың бағын ашар байқаулар
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспа­рын­да бірқатар өнер сайысын өткізу көзде­ліп отыр және олардың бірен-сараны өтіп те үлгерді. 24 ақпанда елордадағы Бейбіт­шілік және келісім сарайында «Астана 2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы­ның ашылу салтанаты, Алматы, Астана қа­ла­ларында қазақтың бұлбұлы, халқы­мыз­дың маңдайына біткен тұңғыш кәсіби опе­ра әртісі Күләш Байсейітованың 100 жыл­дығы, сәуір-мамыр айларында 49 үміткердің бағын сынаған дүлдүл күйші Құрманғазының ІХ республикалық кон­курсы, Алтай мен Атырау, Арқа мен Сырдың арасын кең жайлаған Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген дарындардың басын қосқан Нұрғиса Тілендиевтің ІІ рес­пуб­ликалық дирижерлер конкурсы өткізіл­ді. Соңғы аталған конкурстар іспетті төл өнерімізді қолдау мақсатындағы өнер сайыстарын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Олар екі-үш жылда бір рет ұдайы түрде өткізіліп тұрады. Ол орынды да. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әли: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ  – домбы­ра», – деп жырласа, Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Домбыра – қазақтың қасиетті дү­ниесі... Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да бол­майды, жеміс те бермейді», – деп ұлағатты сөз қалдырған. Сондықтан төл өнерімізді қастерлеу, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – баршамыздың парызымыз және Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің күн тәрті­бін­дегі маңызды мәселелердің бірі.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың нәтижелері «Мәдени мұра» интернет порталы арқылы халыққа жол тартты. Өткен жылы бұл портал толығымен жаңартылды. Қазіргі таңда онда 1 млн файл, 2 мың фотосурет, 360 кітап, 50 бейнематериал орналастырылып, жалпы көлемі 70 Гб құрайтын ақпарат жинақталды.  

2012 жылға жоспарланған серпінді жо­б­а­лардың қатарында «Отаным – бақыт ме­кенім» атты шағын қалаларды гастроль­ды-концерттік шаралармен қамту, «Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық теле­ви­зия­лық халық шығармашылығы байқа­уын өткізу жөніндегі жобалар тұр. Министр­ліктің осы игі бастамасы халықтық өнерді дәріптеуді, ел ішіндегі таланттарға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл дода биыл алғашқы рет өтіп отыр.
Үстіміздегі жылдың еншісінде Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, ұлттық өнер және әдебиет туынды­ла­рын насихаттау, республика театрлары мен концерттік ұйымдары репертуарларын бүгінгі күннің талабына сай көркемдік дең­гейі жоғары жаңа туындыларымен толық­тыру мақсатында «Тәуелсіздік толғауы» кон­курсын өткізу міндеті тұр. Аталған кон­курс Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырумен осымен үшінші рет өткізіледі.  «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы жастар аудиториясына арналған ең үздік музыкалық-драмалық көлемді шығарма (мюзикл, рок-опера-балет), қуыршақ театр­ла­рына арнаған ең үздік драмалық шы­ғар­ма, қазақ халық аспаптарына (қо­быз, дом­быра, сыбызғы) арналған кіші кө­лем­ді ең үздік шығарма (күй), хорға арналған ең үздік шығарма және ең үздік балалар әні номинациялары бойынша өткізіледі. Бақ сынап, қатысамын деушілер­ге есік ашық. Осынау министрліктің төл өнерімізді дамы­ту үшін іске асырар өнер сайысы ұзағынан бо­лып, ел игілігіне еңбек етер деген ойдамыз.
Осы жылы өткізілетін «Ұлы дала сазы» халықаралық дәстүрлі орындаушылық өнер фестивалі, «Қорқыт» халықаралық кон­курсы, Шәмші Қалдаяқов атындағы ха­лық­аралық ән фестивалі, Халықаралық скрип­кашылар және балет әртістері кон­курстары, республикалық ақындар айтысы ел өмірінің елеулі оқиғалары болмақ.
Қазақ кинематогрАфиясы мен театрындағы сәтті қадамдар
Соңғы жылдары отандық кинематогра­фия саласы да қарқынды даму үстінде. Тә­уел­сіздік жылдары ішінде «Қазақфильм» кинос­тудиясында ауқымды жаңғырту жұ­мыстары жүргізілді. Бүгінгі күні отандық кинос­тудияда түрлі жанр мен форматтағы фильм­дер түсіруге мүмкіндік беретін қазіргі за­манғы және жоғары дәрежелі жабдықтар орнатылған. Қазақстандық кино арт-хаустан бастап коммерциялық, прокат пен көрермендік сияқты жанрлар түрінде түсірілуде.
2007 жылдан бері толықметражды көр­кем, деректі және мультипликациялық фильмдер санының өсуі байқалып отыр. 2008 жылы «Қазақфильм» киностудиясы 5-тен астам кинокартина шығара бастаған болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш – 10-нан, 2010 жылы – 14-тен, 2011 жылы 15-тен асты. Сонымен қатар жаңадан ашылған кинотеатр мен кинозалдардың саны жыл сайын артып келеді. 2010 жылы 87 кинотеатр мен 200 кинозал болса, кино­театрлардың жылдық өсімі 15%-ды құрап отыр. Жылдан-жылға кинотеатр­ларға ке­лу­шілердің саны ұлғаюда.

Әр жыл сайын мемлекеттің қолдауымен отандық опера және балеттің жетекші орындаушылары «Ла Скала» театры академиясында, Вена операсын­да, Мариинск театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньедегі Итальян­дық опера мектебінде тағылымдамадан өтіп, шеберліктерін шыңдап жүр.

Жыл сайын еліміздің театрларында мың­нан астам спектакль қойылады. Олар­дың 30-40-ы – отандық және шетелдік хореог­рафтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің, «Тәуелсіздік толғауы» шы­ғармашылық байқауы жеңімпаздары­ның жаңа туындылары. Соңғы жылдары Мә­дениет күндері форматындағы іс-шара­л­ар барлық ТМД мемлекетінде, Еуропа мен Азия­ның, Таяу Шығыстың жетекші ел­дерінде ұйымдастырылды. Биыл Әзірбай­жан­ның Қазақстандағы және Қазақстанның Әзірбайжандағы мәдениет күндері, Үн­дінің, Вьетнамның және Кореяның Қазақ­стандағы мәдениет күндері, сондай-ақ Қа­зақстанның Кореядағы мәдениет күндері өткізіледі.
Заманауи кітапхана көбейіп келеді
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басымды бағыттардың насихатталуына кітапхананың қосар үлесі шексіз екенін ешкім жоққа шығара алмай­ды. 2007 жылы елімізге қызмет көрсететін кітап­ханалардың саны 3725 бірлікті құра­ған болса, қазіргі уақытта республика тұр­ғын­дарына 4081 мәдениет жүйесінің кітап­ханалары қызмет көрсетеді. Ауылдық ай­мақтардағы кітапхана саны 3289-ды құ­рап отыр, бұл тұрғындардың 29 %-ын қам­т­иды. 2011 жылы ауылдық жердегі кітап­ха­налардың саны 30 бірлікке артқан.  Бүгін­гі күні кітапханаларда барлығы 70 469,7 мың дана кітапханалық қор бар. Оның ішінде қазақ тіліндегі қордың жалпы саны 19 060,7 мың дананы (27 %) құрады. Ағымдағы жылы аталған қор 10,7 мың данаға толықтырылып, соңғы 10 жылда 2 млн 900 мың данаға артты.
Қазіргі таңда кітапхана саласына авто­мат­тандырылған ақпараттық жүйелер мен техно­логияларды ендіру саласы дамып келеді. Интернет жүйесіне тұрғындардың қол­жетімділігін арттыру мақ­сатында ай­мақ­тарда ақпараттық технологиялармен жа­сақ­талған модельдік ауылдық кітапхана­лар салынуда. 2011 жылы олардың саны 268-ге жетті. Бұған қоса кітапханалардың компьютерлік паркі де артып келеді, бүгінгі күні олардың саны 4230 бірлікті құрады. Сонымен қатар кітап­ханалар бірлесе оты­рып элек­трондық кітапхананы құру жөнінде жұмыс атқарып келеді, олар электрондық каталогтер мен сайттарды жасап, кітап­ха­налық электронды қыз­меттерді дамы­туда.
«Мәдени мұра» игілігі
Елбасымыздың идеясымен өмірге кел­ген «Мәдени мұра» бағдарламасы 2011 жылдың желтоқсанында қорытынды­ланға­ны белгілі. Ендігі жерде «Мәдени мұра» бағ­дарлама­сымен басталған барлық ау­қым­ды жоба Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің стратегиялық жоспары аясында жалғасын таба бермек. Келер жылдан бастап еліміздің атақты өнер қайраткерлері портретін сом­дайтын жаңа серия жарық көре бастайды. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жариялануы қолға алынған «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиетінің кітап­хана­сы», «Библиотека казахской лите­ратуры» секілді сериялы кітаптарды шығару ісі жалғасатын болады.
Өткен жылы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі ЮНЕСКО-ның екі конвенция­сына қосылды. «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» конвенция салт-дәс­­түрлер, әдет-ғұрыптар, мейрам­дар, дәс­­түрлі кәсіптермен және табиғатпен бай­ланысты білімдер мен дағдыларды қор­ғауға бағытталған. Осыған орай, бүгінде елі­мізде материалдық емес мәдени мұра­ның тізімі жасалуда. Сонымен қатар ми­нистр­лік халқымыздың құнды мәдени мұ­ра­сы айтысты және киіз үйді жасау дәстүрін ЮНЕСКО дайындайтын Адамзат­тың материалдық емес мұрасының көрнекі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондағы негізгі мақсат – еліміздің рухани мұраларын сақтап, халықаралық деңгейде насихаттау, олардың қоғамдағы маңызын одан әрі арттыра түсу болып табылады.
Адам баласы материалдық құндылық­тар­мен қатар, рухани азықты да қажет ете­ді. Бұл ретте мәдени ошақтардың алар орны ерекше. Ел бойынша қарастыратын болсақ, ауылдық жердегі клубтардың саны 2826 бірлікті құрап, олардың саны жыл сайын 20-30 бірлікке өсуде. Оған қоса елімізде 10 мыңнан астам өнерпаз ұжымы бар, олардың 8,5 мыңы (77 %) ауылдық аумақтарда орналасқан.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мәдениет пен өнер қай­раткерлеріне ұдайы көңіл бөлініп тұра­ды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі № 369 Жарлығына сәйкес, әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемле­кеттік қолдауды арттыру мақсатында жыл са­йын мәдениет саласындағы 20 айлық есеп­тік көрсеткішті құрайтын 50 мем­лекеттік сти­пендия тағайындалады. Мем­лекеттік сти­пендия шығармашылық маман­дық­­тардың дарынды жастарына және Қазақстанның өнері мен әдебиетінің дамуы­на зор үлес қосқан қайраткерлеріне мате­риал­­дық қолдау көрсету ретінде беріліп келе­ді.
Иә, Мәдениет және ақпарат министрлігі­нің үстіміздегі жылы атқарар игі бастама­ла­ры мен жобалары ел өміріне ерекше сер­піліс берері, сондай-ақ стратегиялық мақ­саттарға жетуге және ұлттық құндылық­тарды ұйыстыруға ықпал ететіні хақ. Енде­ше, қасиетті өнеріміз бен төл мәдениеті­міз­дің болашағы үстем болсын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста