Мәди Манатбек анасының аяғын жуған сәтін көрсеткен жұлдыздарды сынады
Белгілі журналист Мәди Манатбек анасының аяғын жуып жатқанын видеоға түсіріп, артынша желіге жариялаған отандық өнер иелерін сынға алды. Ол аналарының аяғын сүйіп, өзара жарысқан азаматтарды сөгіп тастады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Мәди Манатбек аналардың аяғын жуып, эстафета жасап жатқан көпшілікке Instagram парақшасында арнайы жазба қалдырған.
Танымал журналист бұл мәселеге қатысты өз наразылығын білдірген.
"Анасының аяғын жуып, онысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салу не сән, не құтыру? Жұмақ анаңның табанының астында дегенді білеміз, берік ұстанамыз, бірақ видеоға түсіріп, жұртқа жариялап жарысқанды алғаш көруім.
Осының бәрін бастап, эстафета жариялап жүрген оңай табысқа, атақ-мансапқа мастанған, қоғам шындығынан алыстап кеткен әншісымақтар. Ата-ананы сыйлау, құрметтеу деген еш жариясыз, риясыз атқаратын пенденің күнделікті тіршіліктегі міндеті емес пе?!
Құдай алдындағы борышын рия болады деп қорықпай жариялайтын діни буквализмге, фанатизмге ұрына бастадық. Біртүрлі қоғамға, сапасыз, санасыз, даңғой елге айналып барамыз. Мұндайда имамдар, теолог ғалымдар араласып, ненің абзал, ненің жөн екенін анықтап, нақты айтып беруі керек" ,- деп ашынды журналист.
Манатбектің бұл жазбасына қолдау білдіріп, оның пікірін қостай жөнелгендер қарасы көп болып шықты. Олар тілшінің ойы өте орынды екенін алға тартып, өздері де бұл қылықты ерсі санайтындарын жазған.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Төреғали Төреәлі желіге анасының аяғын жуып, сүйген видеосын жүктеген болатын.